Адам кішкентайынан еңбекке талпынса, алмайтын асу жоқ - «Нұр Отан» ХДП Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А. Сарқұлов

Елбасының қанша жыл өтсе де, еңбек мектебін ұмыту мүмкін емес деп айтуы ойға ой қосқандай болды. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Асланбек Сарқұлов мәлім етті.
Оның айтуынша, әрбір ата-ана баласының азамат болып өмірден өз орнын тапқанын қалайды. Бауыр еті баласына өнегелі тәрбие, сапалы білім беріп, оқуға түсіріп, жақсы қызметке орналастырып, барлық жағдайын жасап береді. Уақыт өте сол бала өмірден өз орнын таба алмай, жұмысы алға баспай, сәтсіздіктерге ұшырап жатады. Ата-ана өз баласының басындағы сәтсіздіктерді қоғамнан, мемлекеттен көреді, ал тәрбие, білім берумен қатар жастайынан еңбекке баулымағандықтан болып жатқан жағдайлар екенін түсінбейді. Ондай жәйттер қоғамда көптеп кездесуде. Аға буын алаңдаушылықпен айтып жүрген жастар арасындағы ажырасулар да осындай жағдайлармен байланысты ма деп ойлаймын. Қазақта «Еңбек - ырыстың бұлағы, Еңбек - бақыттың шырағы», «Еңбек пен бақыт егіз» деген сөз бар. Жастайынан еңбекке араласқан бала барлық нәрсенің қадір-қасиетін біліп, барды бағалап үйренеді.
«Мен үшін еңбек мектебінің орны бөлек. Әрбір бала асыға күтетін жазғы демалыс кезінде ата-анам (екі әжем) ерте тұрғызып, өріске мал айдатып, күн ысығанша атқаратын жұмыстар тапсыратын. Сол кезде іштей достарымның ата-аналары балаларын қатты жақсы көретіндіктен ерте тұрғызбайды, ал менің ата-анам мені жақсы көрмейтін болар деп ойлайтынмын. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде, үйдегілердің айтуымен үш ай демалыста шөпке шығатынмын. Ол кезде жалақының орнына бидай, шөп беретін. Ата-анам қажеттісін алып, артығын сатып, оқу құралдарын, киім-кешек алып береді. Өз ақшаңа алған нәрсенің қадірін түсінесің және жаздың аптап ыстығында төккен терің есіңе түседі.
Студенттік кездегі жазғы демалысымның барлығы студенттік құрылыс жасағында өтті. Белсенділік танытып, қоғамдық жұмыстарға ерте араласуымның нәтижесінде еңбек жолымды «Нұр Отан» партиясынан бастауыма мүмкіндік туды. Бала кезде естіп өскен «Жақсы көрген балаңды жұмсай бер» деген мақалды уақыт өте түсінгендеймін. Еңбек мектебі - әр азаматтың тұлғалық қалыптасуына, өмірден өз орнын табуына жолдама беретін үлкен өмірлік оқу орны. Осы орайда Елбасы «Бүгінде еңбек - ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында, алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс» деп бекер айтпаса керек»,- деді А.Сарқұлов.