Адам кітап оқуды тоқтатқан кезде, ойлауды да тоқтатады

***
- Толымбек аға, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар жазушыларымыздың бірісіз. Қалай ойлайсыз, еліміздегі әдебиеттің, оның ішінде балалар әдебиетінің даму қарқыны қандай?
-Жасыратыны жоқ, қазақтың рухы, жаны саналатын - көркем әдебиет бүгінгі күні көлеңкеде қалғаны шындық. Оған себеп, ақпараттық технология ағыны. Қазір интернеті жоқ үйді кездестірмейсіз. Қала берді, біздің жеткіншек жастарымызда бірден, тіпті екіден қалтателефон бар. Соған үңіледі, содан керегін алады.
Әрине, интернетті, планшетті, қалта телефонды меңгерген жөн. Бірақ оның құлы болмау керек. Осыдан барып кітап оқу азайды. Кітап оқымаудың нәтижесінде - қазақ әдебиетіне, руханиятына, мәдениетіне, ана тіліне немқұрайды қарайтын ұрпақ қалыптасады-ау деген қауіп бар. Әлем ойшылдарының барлығы кітаптың аз оқылатындылығына алаңдаулы. «Адам кітап оқуды тоқтатқан кезде, ойлауды да тоқтатады» деген ұлағатты сөз бар ғой.
Белгілі қағида болғанымен, айта кетейін, көркем әдебиет - адам жанының тәрбиешісі.
Көркем әдебиет, оның ішінде балалар тақырыбы ұлт үшін де, ұлт әдебиеті үшін де, рухани кеңістігіміз үшін де аса зәру, аса құнды, аса маңызы бар зор мәселелердің бірі деп есептеймін.
Ауызды құр шөппен сүрте беруге болмайды. Балалар әдебиетінің даму қарқыны анау айтқандай гүлденіп, жанданып кетпесе де, өз деңгейінде даму үстінде. Негізінен балларға арналған «Балдырған» журналы мен «Ұлан» газетін парақтасаңыз, нөмір сайын әдемі мөлтек әңгіме, ойлы ертегі оқуға болады. Бауыржан Оспанов жетекшілік жасайтын «ZHERSU» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан дәстүрлі «Дарабоз» бәйгесі биыл оныншы рет мәресіне жетті. Аталмыш конкурс қаншама қаламгердің бағын ашты. Бұл бәйгеде жүлде алған шығармалар «Кәусар бұлақ», «Чистый родник» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде кітап болып шығуда.
Осылардың бәрі - балалар әдебиетіне жасалған үлкен қамқорлық.
Балалар әдебиетінің тағдыры - ертеңгі ел әдебиетінің тағдыры. Шынайы жазылған көркем шығарма, уақытқа, заман ағымына бағынбайды. Ықыласпен оқылады.
- Өзіңіз білесіз, балалар әдебиетінің жүгі ауыр. Балаға жеңіл тілмен жазылған шығарма арқылы ой сала білу, баланың тілін табу оңай емес. Сіздің шығармаларыңыздың дені балаларға арналған. Шығармаларыңыз балалар журналдарында жиі жарияланып тұра ма? Әңгімелеріңіз мектеп оқулықтарында кездесе ме?
- «Мылтық» аталатын тұңғыш әңгімемді 15 жасымда жазыппын. Бастауыш сыныпта оқитын баланың аңғалдығы, тазалығы, қиялы, тұмса табиғатқа деген махаббаты сияқты тақырыпты қозғаппын. Көлемі төрт беттен тұратын шағын туындым бір деммен жазылса да, оны бағалауға ол кезде өрем, білімім жетіңкіремей, стол тартпасында 17 жеті жыл жатты. Кейіннен балалар мен жасөспірімдердің «Ұлан» газетіне ұсынғанымда үтір, нүктесіне қол тигізбей, сол қалпында жариялады. «Еркешора» жинағыма «Оқсыз мылтық» деген атпен жарияланды.
Кейінгі жиырма бес жылда балалардың сүйікті журналы «Балдырғанға» 71 әңгіме, ертегілерім, ал «Ұлан» газетіне отыз шақты туындыларым жарияланды.
Бүгінге дейін балалар мен бүлдіршіндерге арнап 117 әңгіме, 3 хикаят, 25 ертегі жазыппын.
Жалпы білім беретін мектептің 2 және 4 сыныбына арналған «Ана тілі» оқулығына «Елу теңге», «Тарқаған өкпе» атты мөлтек әңгімелерім енген. Тағы үш әңгімем жоспарда тұр.
-Толымбек аға, биылғы жылғы «Балауса» әдеби байқауында 1-орын иелендіңіз. Осы туралы айтып өтсеңіз? Бәйге алған әңгімеңіз қалай аталады?
- Міне екінші жыл, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен Қазақстан Жазушылар одағы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақ тіліндегі үздік әдеби шығармаларға «Балауса» бәйгесін жариялап келеді.
Үстіміздегі жылғы конкурсқа 210 автордан 250-дей шығарма келіп түсті. Бұл дерек «Балауса» байқауының танымалдығы артып келе жатқандығының айқын белгісі.
Жүлде алған туындым «Қайшы - ойыншық емес» деп аталады. Алла қаласа, «Балауса» байқауында жүлде алған шығармалар, «Балдырған» журналының № 5 санында жарияланып жатыр.
-Кеңес заманында басылған кітаптардың тиражы көп болғандықтан, түкпір-түкпірдегі ауылдарға тарайтын. Оқырмандар тың дүние қолға тиісімен-ақ таласа-тармаса оқитын, жатып кеп талқылайтын. Жалпы бүгінгі оқырман мен сол кездегі оқырманды салыстырар болсақ, қандай айырмашылықтар бар? Бүгінгі оқырманның қандай артықшылығы бар?
- Кеңес заманында көркем әдебиет, мемлекеттік идеологияның үлкен бір саласы болды. Газет-журналдар мен кітаптардың тиражы көп еді. Өзіңіз айтқандай, баспалардан шыққан кітаптар түкпір-түкпірдегі елді мекендерге дейін тарайтын. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналының таралымы 200-300 мыңға дейін жетті. «Қазақстан пионері» (бүгінгі «Ұлан») газетінің, «Балдырған» журналын жаздырып алмайтын отбасы некен-саяқ болатын. Қазір олай емес. Себебін жоғарыда айттым. Ақпарат ағымының молдығынан деп.
Бүгінгі таңда, мемлекеттік тапсырыс бойынша шығып жатқан кітаптар саны 2 мың болса да, бір артықшылығы еліміздегі кітапханаларға тегін таратылады. Яғни, ауылдарға жетпегенімен, аудан, облыс орталықтарындағы кітапханаларға түседі.
2014 жылы еліміздегі 11 мектепте шығармашылық кездесу өткіздім. Олар: Қызылорда, Шымкент, Өскемен қалаларында, Солтүстік Қазақстан облысының, Есіл ауданындағы Қарағай, Ақмола облысының, Бурабай ауданындағы Кіндікқарағай, Целиноград ауданының, Қызылжар, Қарағанды облысының, Қарқаралы ауданындағы, Нүркен Әбдіров ауылдары. Және Астанадағы Райымбек батыр атындағы, №50 «Қазғарыш», математика және физика бағытындағы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектептері.
Осы кездесулерде байқағаным, балалар білуге, кітап оқуға құштар. Қоятын сауалдары сан салалы. Арасында өлең, әңгіме жазуға бейімі бар балалар да баршылық. Кейбір мектептегі кездесу кешім жоспарлаған бір сағаттан асып, екі-екі жарым сағатқа ұласатыны бар. Мен ондай кештерден ерекше жігерленіп, қуат алып, қуанып шығамын.
Жас өскінді рухтандыратын, отансүйгіштікке, адамгершілікке, мейірім-қайырымға тәрбиелейтін жақсы кітап жаза алмай жүрген біз - жазушылар кінәліміз.
Экономикалық бәсеке мен рухани бәсеке қатар жүруі керек. Халық материалдық тұрғыдан байысын. Мұнымен қоса рухани жағынан да байығаны ләзім. Әр ұлт өзінің рухани, яғни интелектуалдық деңгейінің жоғары болуына күресуі керек. Рухани байлық дегеніміз - имандылық! Кісілік келбет, сағыныш, ізгілік, ана тілін, ділін, мәдениетін, тарихын білу, қастерлеу!
Осы орайда кітаптың, оның ішінде балалар әдебиетінің алатын орны ерекше. Балалардың ойы мен бойы жарыса өсуі керек. Ата-аналар өз балаларының жақсы киінуіне, тамағының тоқ болуына міндетті. Ал ойының өсуіне, ата-аналармен бірлесіп мемлекет атсалысуы тиіс.
Балаларды кітап оқуға міндеттеу керек. Өйткені балалар мектеп қабырғасында жүргенде кітап оқуға дағдыланбаса, қай кезде дағдыланады? Қай кезде оқиды? Сонда ғана өресі биік, рухани-интелектуалдық деңгейі жоғары ұлт қалыптасады.
- Қазіргі таңда жақсы кітаптар шығып жатыр, бірақ олар өз оқырмандарының қолдарына жетпей жатқандығы да бар. Себебі, өзіңіз айтқандай тиражы аз. Осы тығырықтан шығу үшін қандай жолдарды қарастырса болады?
- Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың тиражы 2 мың емес, 4-5 мыңға жетсе, соның тең жартысы кітап дүкендеріне түссе деген ойым бар. Бұл жұмысты да мемлекеттік деңгейде шешкен жөн.
- Негізі балаларға ғана арнап жазасыз ба?
- Жазушының предметі - біреу. Ол - адам, адамның қуанышы, реніші, қайғысы, мұңы, күлуі, арман-мақсаты т.б. болып кете береді. Белгілі қағида бойынша, көркемөнердің көп салаларының ішіндегі ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі - көркем әдебиет. Яғни, сөз өнері.
Ересектерге арналған шығармаларым баршылық. Біразы жарияланды да. Бірақ, балалар тақырыбы, жаныма жақын һәм ыстық. Өйткені, бала жаны таза, пәк, жазылмаған ақ парақ.
«Меніңше, балаларға арналған әдебиет, сол балалармен қатар үлкендер де оқитын дәрежеге жеткенде ғана қызықты, құнды әдебиет болса керек», - деген көрнекті жазушымыз Ғабиден Мұстафинның сөзі әр кез ойымда тұрады.
- Қазіргі жас ақын-жазушыларды оқисыз ба? Кімдердің шығармашылығымен жақсы таныссыз?
- Жас қаламгерлердің, әсіресе балалар тақырыбына қалам тартатын ақын-жазушылардың кітабын, газет-журналдарда жарияланып тұратын шығармаларын қадағалап оқуға тырысамын.
Есей Жеңісұлы, Бейбіт Сарыбай, Әлібек Байбол, Қанағат Әбілқайыр, Серікбол Хасан, Елдос Тоқтарбай, Мейіржан Жылқыбай, Алтынай Амангелді сынды жастар жақсы жазып жүр.
Есей Жеңісұлының мерзімді баспасөзде жарияланған «Бауырлар», «Қабылтайдың жаңалығы», «Аяулым» атты әңгімелері мен «Дарабоз» бәйгесінде жүлде алған «Мынау ғазиз дүние» атты хикаяты жақсы туындылар. Үлкен балалар жазушысы болатын жігіт.
Бейбіт Сарыбай, Әлібек Байбол, Серікбол Хасанның да мүмкіндіктері мол. Ана бір жылдары Ағила Сауран деген қыз ойлы ертегілерімен елді елең еткізіп еді. Кейінгі кезде көрінбей жүр.
- Аға, биыл 60 жасқа толады екенсіз. Сізге шығармашылық табыстар тілеймін! Қаламыңыз мұқалмасын! Кішкентай оқырмандарыңыздың саны арта берсін!
- Рахмет!
Сұхбаттасқан Оспанова Гүлден