Адам құқықтары жөніндегі комиссия баяндамаларының тұсаукесері өтті

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан Фармацевтика академиясының мәжіліс залында ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «2012 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» және «Қазақстан Республикасындағы мигранттар құқықтарының ахуалы туралы» баяндамаларының тұсаукесері өтті.
None
None

Халықаралық және ұлттық сарапшылардың оң бағасын алған және Қазақстандағы Ұлыбритания Елшілігі мен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Орталығының, Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің техникалық жәрдемімен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарылған баяндамаларының тұсаукесеріне Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының басшылары, құқықтанушы-ғалымдар, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары қатысты. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Тұсаукесерге ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Қазақстандағы Ұлыбритания Елшілігі Істерінің сенім білдірілген өкілі Грег Куинн, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы Наталья Зарудна және Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы Өкілдігі жобаларының ұлттық үйлестірушісі Светлана Жасымбекова ханым құттықтау сөз жолдады. Аталмыш баяндамаларды Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері Тастемір Әбішев, Виталий Воронов, Нұрила Шаханова және Герман Нұрбаев таныстырып, тұсаукесердің қатысушылары мен қонақтарының қойған сұрақтарына жауап берді. Тұсаукесер барысында баяндамаларда Қазақстан бекіткен халықаралық келісім-шарттардың нормаларына сәйкес адам құқықтарын, сондай-ақ еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау саласындағы заңнама мен құқық қолдану тәжірибесінің салыстырмалы талдауы, Конституция және халықаралық стандарттардың нормаларына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарына жататын азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек және мәдени құқықтарын қорғау тетіктерін әрі қарай жетілдіру бойынша нақты қадамдар қамтылғаны атап өтілді.

Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген сарапшылар ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы мен баяндамаларына жоғары баға беріп, олардың ұсынымдарын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламенті іс жүзінде іске асыра бастағанын айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар