13:27, 23 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Адам құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
ҚЫЗЫЛОРДА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - 1948 жылдың желтоқсан айында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдадаған адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына орай Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университеттің «Тарих және құқық» факультеті «Қазақстан Республикасында адам құқықтарын қорғау: өзекті мәселелері мен жетілдіру жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жоғарғы оқу орнының профессоры Мұстафа Матаев, облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Нұрхан Жәлиев тақырыпқа байланысты ой-пікірлерін білдірді. Облыстық прокуратураның жауапты қызметкері Оңдасын Көмекбай адам құқықтарын қорғау прокуратура органдарының ең басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Үстіміздегі жылдың 9 айында прокурорлар әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау бойынша 639 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 13636 құқық бұзушылық анықталған. 13071 азаматтың конституциялық құқығы мен заңды мүдделері қорғалған. Мемлекетке келтірілген 5,7 млрд. теңге шығынның орны толтырылған. Сондай-ақ 1823 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды.