Адам ми қабілетінің жартысын іске қосса, 40 тілді еркін меңгере алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адам - болмысы бөлек, ерекше күрделі жан иесі. Адамның дене қуаты, зейін-зердесі, рухани әлемі, психологиялық және физиологиялық сипаттары қалың қатпарлы, терең сырға толы. Оның қыры мен сырын бүгінгі ғылым әліде толық ашып, түсіндіріп бере алған жоқ.
None
None

Осы тұрғыдан қарағанда, әр адамды ашылмаған бір кен, шешілмеген бір жұмбақ деуге болады. Басқа жағын айтпаған күннің өзінде, адам бойындағы жасырын сақталып тұратын күш-қуат қоры мен зейін-зердесін кемелдендіре түсуге болатын көмескі қарым-қабілетінің болуы кісіні таңғалдырады.

Ұлы ойшыл Кіші Сенека: «Адам өз қабілетінің қандай екенін бір іске кіріскенде ғана біледі» десе, Қытай ойшылы Лао-цзы: «Өзгені білген зерек, өзін білген дана», - деп ой қорытады. Сол сияқты философ Сократтың «өзіңді - өзің тани біл» деген сөзі де текке айтылмаса керек. Мұнан шығатын қорытынды, әрбір адам өмірдегі бағыт-бағдарын, іс-әрекетін өзінің бойына үңілуден бастаса өмірін де мәнді ете түседі дегенді меңзеу.

Адам денесіндегі көмескі күш-қуат адамның қару-қайраты мен шыдамдылығын арттыра түсуге мол мүмкіндік ашады. Ондай күш әдетте байқалмайды, тек, адам тосын қатерге душар болған ерекше сәттерде ғана кенеттен пайда болады. Бұндай жағдайлар өмірде көптеп ұшырасады.

Америкалық Мэрлан есімді жігіт оқ тиіп жараланып, салдарынан денесі белінен төмен қарай жансызданып мүгедектер арбасына таңылады. Бір күні сыртта келе жатқанда 3 бұзақы жігіт оның ақша салған әмиянын тартып алады. Тонаушыларға айқайлап қарсылық көрсеткенде, олар мүгедектің отырған арбасына от қояды. Арбасы лаулап жана бастағанда Мэрлан бар күшін жиып алға ұмтылады. Міне, осы оқиғаны еске алғанда ол «егер қашпай отыра берген болсам, күйіп жараланатын, тіпті, өртеніп өлетін едім. Сондықтан бәрін де ұмытып, жанұшыра жүгірдім. Тоқтаған кезде ғана, өзімнің жүре алатын болғанымды байқадым», - дейді әсерленіп.

Әйгілі жазушы Наполеон Хиллдің жазбаларында мынадай бір оқиға баян етіледі. АҚШ-та машина мінуге құштар 14 жастағы бала көлік тізгініне ие бола алмай тоғандағы суға машинасы аударылып, өзі астында қалады. Баланың әкесі ұлын құтқаруға жүгіріп жеткенде, ұлының судан шекесі ғана көрініп жатады. Ол жалма-жан тоғанға секіріп түсіп, машинаның ұлын басып жатқан жағын бар күшімен көтереді. Осы уақытта көмекке келген екінші бір адам машина астынан баланы суырып алады. Бала аз уақыттан соң есін жияды және жеңіл жарақаттанады. Сонда жиналған жұрт баланың әкесінің машинаны қалай көтеріп кеткеніне таңданады. Сынап көру үшін сол машинаны қайта көтерткенде, ол көлікті орнынан жылжыта алмайды.

Міне бұлар адамда жасырын, көмескі күш-қайраттың мол екендігін, бірақ ол ерекше сәттерде, басқа түскен қысылтаяң жағдайларда ғана сыртқа бұлқынып шығып өз кереметін көрсететіндігінің дәлелі. Ғалымдар бұның себебін былай түсіндіреді. Адам шұғыл жағдайға тап болғанда, бүйрек үсті безі зор мөлшерде гормон бөліп шығарады. Сол гормон денеге таралысымен мол үстеме энергия тудырады. Бұл энергия ерекше күшке айналады.

Әдетте адамдар су астында ауа жұтпай 55 секунд қана тұра алса, машықтанғандар 4-5 минутқа дейін шыдастық береді. Ал Жапонияның теңіз ұлуын теретін теңізшілері 8-9 минутқа дейін су астында оттегінсіз жүре беретін көрінеді. 1936 жылы батыстық ғалымдар түрлі зерттеу қорытындыларынан кейін адамның 100 м қашықтыққа жүгіру шегі 9,64 секунд болады деп межелеген. Алайда, 2009 жылы Берлинде өткен жарыста ямайкалық спортшы Усэйн Болт бұл тұжырымды теріске шығарып, 100 м қашықтықты 9,58 секундта жүгіріп өтіп, ғалымдар есептеген «ең соңғы шектен» асып кеткен.

Ғылыми зерттеулерге қарағанда, адамның жіңшке қантамырлары (капилляр) ерекше көп болып, ол жалпы қантамырлар ұзындығының 90 пайызын ұстайды. Бірақ біз оның 1/5 бөлігінің жұмысын ғана белсенді пайдаланып жүрген көрінеміз. Ал өкпе көпіршігінің де жұмысын жайшылықта толық пайдаланбайды екенбіз.

Демек, адам бойында жасырынып жатқан күш-қайрат, төзімділік, ауруға қарсылық қуат орасан мол, төтенше мығым, бірақ ол көп жағдайда байқала бермейді. Тек басқа іс түсіп жан қысылған кезде немесе ұзақ уақыт денеңізді шынықтырып, шыңдалғаннан кейін ғана өз кереметін көрсететін болады. Сондықтанда адамдар өз бойындағы осындай зор мүмкіндіктерді қажетіне жаратып құлшына ұмтылса, қиындыққа төзе білсе небір армандаған бигін бағындырып, көздеген мақсатына жетуіне жол ашық.

Сол сияқты адамның зейін-зердесін кемелдендіре түсуге болатын көмескі қарым-қабілеттің мол қоры да біз ашпаған сырсандықтардың бірі. Ғалымдардың айтуынша, адам миы сансыздаған ақпараттарды сыйдыра алатын алып қойма, ашып пайдалануды күтіп тұрған кен екен. Адам миында шамамен 14 миллиард нерв клеткасы бар болып, әдетте оның бір миллиарды ғана жұмыс істеп, қалғаны «ұйқыда» жатады. Егер табандылықпен үйренетін болса адам миына 5 миллиард 200 миллион кітаптің көлеміне шақталған ақпаратты сыйдыра алатын көрінеді.

Белгілі ғалым Ефремовтың пікірі де бұл тұжырымдарды нақтылай түсіндіреді: «Адамдар жайшылықта ми қабілетінің өте аз бөлегін ғана пайдалана алады. Егер адамдар ми қабілетінің жартысын іске қоса алатын болса, 40 тілді қиналмай меңгеріп, бір энциклопедияны жатқа біліп, 12 ғылым саласынан докторлық атақ қорғай алады».

Демек, адам миында да жасырынып жатқан ақыл-парасаттың, ашылмаған зейін-зерденің мол екендігін аңғарамыз. Ақауы болмаса істемейтін ми жоқ. Сондықтан адам миы ұшан-теңіз білімді сыйғызып, теңдессіз қабілетті меңгере алады. Мәселенің түйіні оны істете білу мен жетілдіріп, ұштай түсуде ғана жатса керек.

Бақытжол Кәкеш

Соңғы жаңалықтар