Адам неғұрлым көп тілді білсе, соғұрлым табысты болады – ұстаз

Ақұштап Сүйінғалиева
Фото: Кейіпкерден

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазіргі таңда мектептерде сапалы білім беру аса маңызды. Бұған қатардағы ұстаздардан бастап мектеп басшыларына дейін жауапты болуы керек. Міне, осы орайда Орал қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейінің директоры Ақұштап Сүйінғалиева Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

- Ақұштап Жексембіқызы, еліміз бойынша жас кадрлар резервіне ену өзіңе қандай мүмкіндіктер берді?

- Ең алдымен, меритократияның негізгі қағидаларына негізделген "Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы" атты республикалық бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі болу бақытына ие болғанымды атап өткім келеді. Бағдарлама барысында бірнеше іріктеу кезеңінен өтіп, республикалық кадр резервіне ену – мен үшін үлкен жетістіктердің бірі. Бағдарламаға қатысу маған инновациялық педагогикалық менеджмент саласында жаңа білім алуға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, жаңа формация мектебінің директоры болуға мүмкіндік берді.

- Республикалық бағдарлама негізінде кадрлық резервке енгеннен кейін қаладағы таңдаулы білім ордаларының бірі – Әлия Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейдің директоры болып тағайындалдың. Бұл өміріңе қандай өзгерістер әкелді, мұғалім болу қиын ба, мектеп басқару қиын ба?

- Қазіргі таңда мұғалім болу оңай нәрсе емес, себебі әр мұғалім үнемі кәсіби дамиды, өз дағдыларын жетілдіреді, заман талабына сай оқушылардың, ата-аналардың психологиясын жақсы түсінуі керек. Бұл жерде маңыздысы – мұғалім өз міндеттерінің белгілі бір бөлігіне ғана жауап береді, ал директор мектепте болып жатқан барлық процестер үшін жауапкершілікті сезінеді. Мен үшін, әрине, мұғалімнен гөрі директор болу әлдеқайда қиын, өйткені мен әр оқушы, мұғалім және мектеп қызметкерлері үшін жауаптымын. Сондықтан бұрынғыдан да көбірек ізденіп, тынбай жұмыстануға тура келеді.

Ақұштап Сүйінғалиева
Фото: Кейіпкерден

Мектепке жетекшілік етуде қиындықтар жетерлік, сонымен қатар бірте-бірте бейімделе, ысыла түсесің, әр нәрсенің өзіндік шешімі мен шешу жолдары бар, бір мақсатқа жеткізетін бағыт болады. Мектеп басқару дегеніміз – мектептің іші мен сыртқы жұмыстарына толықтай және айналаңдағы қызметкерлердің ойын тыңдай отырып, шешім шығару. Ол мен үшін күрделі, жоғары жауапкершілікті талап ететін іс. Ұстаз жолы жеке өміріңде өз білім-білігіңді дамыта отырып, ұжым мен оқушылар алдында ұлағатты, шебер, заман ағымын бағамдайтын, өз ісінің майталманы ретінде өзін өзгелер алдында көрсете алатын маман болып қалыптасу деп ойлаймын. 

- Білім сапасын көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсың? Мектепте оқушының көптігі сапаға әсер ете ме?

- Бүгінгі таңда білім сапасын арттыру еліміздің барлық мектептері үшін, оның ішінде біздің мектеп-лицей үшін өзекті мәселе болып табылады. Білім сапасына көптеген факторлар, соның ішінде мұғалімдердің сапалық құрамы, мектептің жабдықталуы әсер етеді. Бірақ, менің ойымша, оқушылар өз өміріндегі білімнің маңыздылығын түсініп, өз даму жауапкершілігін және өздерінің білім беру траекториясын құра білуі бірінші кезектегі мәселе болуы керек. Оқушылар саны білім сапасына айтарлықтай әсер етпейді деп санаймын.

- Өзің жетекшілік етіп отырған Ә.Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейінде лицей мен жай сыныптар арасында қандай айырмашылық бар? Лицей сыныптарға оқушылар қалай іріктеледі?

- № 38 мектеп-лицейін небәрі 2 ай басқарғаныма қарамастан, мен лицей мен қарапайым сыныптар арасындағы айырмашылықты байқадым. Лицей сыныптарындағы оқушылардың білім сапасы қарапайым сыныптарға қарағанда жоғары, лицей сыныптарында қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалардың, конкурстардың көптеген жүлдегерлері бар. Дегенмен қарапайым сыныптарда да дарынды оқушылар білім алады. Лицейге іріктеу математика, қазақ және ағылшын тілдерінен тестілеу негізінде жүргізіледі. Іріктеуден тек оқу озаты мен оқу екпіндісі өтеді.

- Алдағы басты арман-мақсаттарың қандай?

- Менің алдағы мақсат-міндетім - жаңа Қазақстанның дамуына үлес қосатын, өзім басқарып отырған мектеп-лицейдің әр жылда атын шығарып, ұлттық құндылықты бойына сіңірген, болашақта дүниеге кірпіш болып қаланып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосатын саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Бұдан былай да мектеп-лицей оқушыларының білім сапасын, түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда өзімнің бар күш-жігерімді, қабілет-білімімді жұмсай бермекшімін. Ең бастысы, өз мектебіңнің мерейі үстем, мәртебесі жоғары болса, ол да бір басшының бақыты деп білемін.

- Өзіңнің есіміңнің белгілі ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерееваға қатысы жоқ па?

- Өмір бойы жібектей әдемі, таза болғанымды қалайтын Мария әжем менің есімімді солай қойған. Ақұштап Бақтыгерееваның бұған қатысы жоқ, себебі ол кісі мен дүниеге келген уақыттан кейін елге танымал болды. Бірақ мен біздің атақты ақын апамыз әрі жерлесімізбен аттас болғанымды мақтан тұтамын.

- Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде қазіргі жас ұрпақ қанша тілді меңгеру керек деп есептейсің?

- Білім беру кеңістігінің жаһандану жағдайында қазіргі заманғы оқушылары кемінде үш тілді: қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруі тиіс. Менің ойымша, адам неғұрлым көп тілді білсе, соғұрлым ол табысты болады, өйткені тілдерді білу білім өрісінің кеңеюіне ықпал етеді, адамның сана-сезімін дамытады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жас ұстаздың қазақ білім беру жүйесінің өзіндік ерекшелігі болуы керектігі туралы айтқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар