Адам өмірін құтқару жолында: ТЖМ авиациясының ұшқышы Бибіхан Тұрысбекова

АСТАНА. KAZINFORM - Жетінші сыныптан басталған арман бүгінде биік мақсат пен үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандыққа ұласты. Бибіхан Тұрысбекова — ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 және Ка-32 тікұшақтарының екінші ұшқышы. Ол үшін авиация - бала күнгі арманын жүзеге асырудың және таңдаған ісіне адал болудың көрінісі.

ТЖМ авиациясының ұшқышы Бибіхан Тұрысбекова
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Бибіхан Дәулетбайқызы ұшқыш болуды жетінші сыныптан бастап армандаған. Мектепті аяқтаған кезде болашақ мамандығын таңдауда еш күмәнданбаған. Осылайша, ол авиация саласында білім алып, Азаматтық авиация академиясын үздік тәмамдады.

ТЖМ авиациясының ұшқышы Бибіхан Тұрысбекова
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

2021 жылы ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-да еңбек жолын бастап, кәсіби қызметіне кірісті. Оның кәсіби жолы авиацияға деген қызығушылықтан басталып, адам өмірін сақтауға бағытталған жауапты қызметпен жалғасып келеді.

Авиацияға келуіне әсер еткен себептердің бірі көптеген қалаларды көру мүмкіндігі. Алғашқы ұшуынан алған әсері әлі күнге дейін есінде. Оның айтуынша, әрбір ұшу ерекше сезім сыйлайды.

ТЖМ авиациясының ұшқышы Бибіхан Тұрысбекова
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

ТЖМ авиациясының қызметі төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюға, іздестіру-құтқару жұмыстарына және санитарлық авиация арқылы науқастарды тасымалдауға бағытталған. Мұндай міндеттерді орындау ұшу экипажынан жоғары кәсібилікті, мұқият дайындықты және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды талап етеді.

-Әр ұшу - өз алдына жауапкершілік. Әр рейсте сен тек өзің үшін емес, жолаушылар үшін де жауап бересің. Кей сәттерде ауа райына немесе жағдайға байланысты жедел шешім қабылдауға тура келеді. Бірақ ондай кезде эмоция емес, білім мен дайындық көмектеседі, - деп атап өтті Бибіхан.

ТЖМ авиациясының ұшқышы Бибіхан Тұрысбекова
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Бүгінде ТЖМ авиациясында қызмет атқаратын Бибіхан Дәулетбайқызы үшін таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілік пен алға қойған мақсаттары ынталандырушы күш болып табылады. Сонымен қатар жақындарының сенімі оған жігер береді.

Бибіхан Дәулетбайқызы өзінің кәсіби жолын ТЖМ авиациясымен байланыстырғанын мақтан тұтады. Өйткені мұндағы әрбір ұшу адамдарға көмек көрсетуге, қиын жағдайда қолдау білдіруге және адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды міндет. Оның таңдауы — бала күнгі арманына деген адалдықтың, ал қызметі — ел игілігі жолындағы жауапкершіліктің көрінісі.

ТЖМ авиациясының ұшқышы Бибіхан Тұрысбекова
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Осыған дейін Астанадағы егіз ағайынды құтқарушы туралы жаздық.