Адам саны жағынан шектеу жоқ, айыппұл өсті - Мекенжайда тіркеу туралы не білуіміз қажет

прописка
Коллаж: Kazinform

Елімізде әр азамат тұрғылықты жерінде тіркеуде тұруы тиіс. Бұл тіркеудің негізгі мақсаты – бір жерден екінші жерге түрлі себептермен келген адамдардың санын білу. Тұрғылықты жер бойынша тіркелу үшін интернет жүйесі мен 15 минут бос уақытыңыз болса жеткілікті. Ал мекенжай бойынша тіркелмеген азаматтарға айыппұл салынады. Айта кетейік, әлеуметтік желіде үйге белгісіз адамдар тіркеліп алғанына шағымданып жүргендер бар. Жалпы азаматтар үйіне бөгде адамдардың тіркелгенін қалай біле алады? Пәтерге қанша адамды тіркеуге болады? Елімізде тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген азаматтарға қандай айыппұл көзделген? Уақытша тіркеу деген не және оның не қажеті бар? Әлем елдерінде бұл қалай реттеледі? Бұл туралы толығырақ Kazinform сарапшысының мақаласында.

Мекенжай бойынша қайда және қалай тіркелуге болады?

Тіркеуге рұқсат етілген жерде тұрақты немесе уақытша негізде тіркелуге болады. Оларға тұрғын үй мен пәтерлер, саяжай құрылыстары мен бау-бақша бірлестіктері, жатақханалар мен қонақ үйлер, демалыс үйлері мен емдеу мекемелері сондай-ақ пансионаттар мен қарттар үйлері де жатады.

Қазақстанда тіркеу институты 1993 жылы енгізілген. Ол еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді, бірақ жаңа тұрғылықты жерге келген азамат өзінің мекенжайы туралы хабарлауы тиіс. Жаңа мекенжайға тіркелу үшін полициядан немесе басқалай органдардан қандай да бір арнайы рұқсат алудың қажеті жоқ. Ал тіркеусіз тұрып жатқан азаматтар үшін әкімшілік жауаптылық та бар.

Елімізде тұрғылықты жер бойынша тіркелудің екі әдісі қарастырылған. Олар Халыққа қызмет көрсету орталығы және eGov.kz сайты арқылы тіркеле алады.

Тіркелу үшін қажет құжаттар тізімі:

  • Жеке куәлік, 14 жасқа дейінгі балаларға туу туралы куәлік;
  • Тұрғын үй иесінің жеке куәлігі;
  • Меншік иесінің тұрақты немесе уақытша тіркеуге жазбаша немесе электрондық келісімі. ХҚКО-да меншік иесінің болуы міндетті. Портал арқылы тіркелу кезінде пәтер иесі келісімге электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қоюы тиіс;
  • Қызметтік ғимараттарда тіркеу кезінде әкімшілік тарапынан жұмыс орнында тіркеу туралы өтініші керек.

eGov.kz арқылы қалай тіркелуге болады?

Тұрғылықты жерге eGov.kz арқылы тіркелу үшін міндетті түрде ЭЦҚ кілті болуы керек.

  • kz сайтына тіркеліп, қызмет бөліміне өтесіз;
  • тіркеу мақсаты, мәртебесі, мамандығы және т. б. туралы мәліметтерді толтырыңыз;
  • Тіркеу түрін таңдаңыз;
  • Өтініммен танысып, ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз.

Айта кетейік, 14 жасқа дейінгі балалардың тұрғылықты жері болып олардың ата-анасы тіркелген жері автоматты түрде танылады. Ал 14 жастан бастап тіркеу жоғарыда сипатталғандай eGov немесе ХҚКО арқылы ресімделеді.

Уақытша тіркеу не үшін қажет?

Қазақстанның өзге қаласына бір айдан астам уақытқа сапарлап барған адам міндетті түрде сол жерде тіркелуі керек. Мұндай тіркеу – әлемде қалыптасқан үрдіс. Біздің елімізде де тұрғылықты жері бойынша немесе уақытша тұрғын жері бойынша тіркеу заңмен қарастырылған. Оған ел Үкіметінің 1993 жылғы «Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесі туралы ережені», 2000 жылғы «Халықты құжаттандыру ережесін» және 2011 жылғы «Ішкі көші-қонды тіркеу ережесін» мысалға келтіруге болады. Демек, біздің заң азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді көздейді. Сонымен қатар, мұндай міндет «Көші-қон туралы» Заңда да қарастырылған.

Қазақстан заңнамасы бойынша уақытша тіркеу тұрғылықты жерін бір айдан астам уақытқа ауыстырған кезде берілуі тиіс. Яғни, бір ай немесе одан да көп уақытқа басқа мекенге көшкенде (мысалы, оқуға, іссапарға, туыстарының үйіне кеткенде және үй жалдаған кезде), сонымен қатар қала немесе аудан ішінде тұрғылықты жерді ауыстырған кезде де уақытша тіркеуге тұру қажет. Уақытша тіркеуге тұру үшін бұрынғы тіркеуде тұрған жерінен шығудың да қажеті жоқ, яғни тұрақты тіркеуі сақталады. Айта кететін жайт, уақытша тіркеу азаматтардың өзі көрсеткен белгілі бір мерзімге ресімделеді, бұл мерзім өткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жойылады. Мысалы, Алматыда тұрақты тіркеуде тұрған азамат Астанаға жұмысқа барып, сол жерде уақытша тіркеуге тұрса да, Алматыдағы тұрақты тіркеуі сақталады.

Уақытша тіркеу жалға алушыға барлық қажетті әлеуметтік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Мысалы, баласын мектепке немесе балабақшаға бере алады, емханаға тіркей алады және тағы басқа. Уақытша тіркеуге тұру өте маңызды. Себебі азамат тұрғын үй кезегінде тұрса немесе кез келген мемлекеттік бағдарламаның қатысушысы болса, тұрақты тіркеу мерзімі үзілмейді.

мекенжайда тіркеу
Инфографика: Kazinform

 

Тіркелмеген азаматтарға қанша айыппұл көзделген?

Қазақстандықтар тұрақты тіркеуден шығарылған болса, онда олар күнтізбелік 10 күн ішінде уақытша немесе тұрақты тіркелу үшін жаңа орын табуы тиіс. Әйтпесе, Әкімшілік кодекстің (ӘҚБтК) 492-бабына сәйкес, ол 10 күннен бір айға дейінгі мерзімде еш жерде тіркеуде болмағаны үшін оларға ескерту жасалады.

Бір айдан астам уақытта уақытша тіркеуге тұрмағаны үшін 7 АЕК немесе 25 844 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде заңды қайта бұзса, 13 АЕК немесе 47 996 теңге төлеу міндеттеледі.

Пәтер иесі жалға алушыларды тіркеуге міндетті ме?

Халықты тұрғылықты және уақытша тұратын жері бойынша есепке алу көші-қон, құқық қорғау және салық органдары үшін өте маңызды. Жалға берілетін тұрғын үйге уақытша тіркелу қажет. Сондықтан мүлік иесі пәтерді жалға алушыларды тіркеуге міндетті.

Егер уақытша тіркеуден бас тартса, пәтер иесіне ескерту жасалып, кейін 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жағдай қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 20 АЕК мөлшерінде болады. Пәтерді жалға алушылар да тіркелмегені үшін 7 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.

Бөгде адамның пәтерге тіркелгенін қалай тексеруге болады?

Қазіргі уақытта пәтер иесі өз үйінде кім тіркелгенін өз бетінше тексере алады. Ол үшін ЭЦҚ болуы жеткілікті, осы ЭЦҚ пайдаланып «электрондық үкімет» порталында (www.egov.kz) «жеке» кабинеттен арнайы сервис арқылы өзінің мекенжай мәліметтерінің өзектілігін тексеріп, сонымен бірге өзінің мекенжайы бойынша тіркелген адамдарды тексере алады.

Осы жерде тағы бір маңызды мәселе - азаматтар электрондық цифрлық қолтаңбаларын тек өздері пайдаланып, онлайн қызметтерді өз бетінше алуы тиіс, себебі ЭЦҚ-ны бөгде кісілерге көрсету немесе беру арқылы алаяқтардың тұзағына түсіп қалуы мүмкін. Мәселен, осындай жағдайдан кейін де тұрғын үйінде бейтаныс адамдар тіркеле бастауы ықтимал. Мекенжайы бойынша тұрмайтындарды тіркегендер айыппұл төлейді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 493-бабы бойынша іс жүзінде өзінің мекенжайында тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге жол берген үй иесіне жауапкершілік көзделген.

Мәселен, үшінші тұлғаларды жалған тіркегені үшін жеке тұлғалар үшін 10 АЕК (36 920 теңге) және заңды тұлғалар үшін 15-тен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін (55 380 -184 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл екі есе артады.

Банк қосымшасы арқылы тіркелуге болады

Kaspi.kz ІІМ көші-қон қызметі комитетімен, Әділет министрлігімен және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, жаңа қызметті іске қосты. Енді бұл қосымшада тұрғылықты жері бойынша уақытша немесе тұрақты тіркеуді рәсімдеуге болады. Сол арқылы үй иесі өзін және отбасы мүшелерін (14 жастан асқан балалар), сонымен қатар бірге тұратын басқа да адамдарды өз пәтерінде тіркей алады. Сонымен қоса бірге тұрмайтын адамдарды өз бетінше тіркеуден шығара алады. Ал адам біреудің үйіне тіркелемін десе, онда сервистің өзі үй иесінің келісімін сұрайды. Тіркеу кезінде ЖСН енгізу жеткілікті, адамның аты-жөні мен мекенжайы автоматты түрде шығады. Қызметті пайдалану қауіпсіз. Тіркелу кезінде фото сәйкестендіруден өту керек. Сонда ешкім біреудің атынан осы қызметті пайдалана алмайды.

«Мобайл қолданбалар қарапайым және түсінікті, ал оларды пайдалану көрсетілетін қызметті алушы мен қызметкердің тікелей байланысын болдырмайды. Сондықтан ІІМ халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді смартфондарға шығаруға ерекше назар аударады. Ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер онлайн режимде қолжетімді. Енді азаматтар ХҚКО мен полицияға барып, кезекте тұрып, уақыт жоғалтпайды», – дейді көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.

Пәтеріңізге біреуді тіркеуге тұрғызатын болсаңыз...

Қазақстан Республикасының заңы бойынша тұрғын үйлерде тіркелетін адам санына шектеу жоқ. Ал өз пәтеріне туыстары немесе таныстарын тіркеуге қойған адам қандай коммуналдық төлемдер төлейтіні қай елді мекенде, қандай тұрғын үйде тұратынына байланысты әрқалай болуы мүмкін. Негізінен Қазақстан қалаларында қоқыс шығаруға немесе домофон пайдаланғаны үшін төленетін төлемдер үйде тіркелген адам санына байланысты белгіленеді.

Ал аялдамада немесе интернетте «Тіркеуге қоямын» деп хабарлама орналастырғандар өз үйіне ғана азаматтарды тіркеуге құқығы бар, алайда аталған қызмет түрін ақылы негізде көрсету - заңсыз.

Уақытша тіркеу әлемде қалай реттеледі?

Әлемдік тәжірибеде мемлекеттік қызмет көрсету үшін тұрғылықты жері бойынша тіркелу міндетті.

Мәселен көршілес Қырғызстанда «Ішкі миграция» заңы бойынша азаматтарға тұрғылықты жері, уақытша мекенжайы бойынша және шетелге кетерде тіркелу міндеттелген. Яғни, елде уақытша және міндетті тіркеу жүйесі бар. Ал тіркеуге тұрмағандарға 50-100 сом (шамамен 250-500 теңге) аралығында айыппұл қарастырылған. Тіркеуде жоқ адамды қызметке алған жұмыс берушілер 200-300 сом (шамамен 1000-1500 теңге) төлейді. Ал мекенжай ауыстыратындар 10 күн ішінде тіркеуге тұруға міндетті.

Ресей тұрғындары да басқа жаққа көшкен жағдайда тіркелуі керек. Тұрғылықты жерін ауыстырған адам жаңа баспанаға көшіп келген күннен бастап бір апта ішінде тіркелуі керек. Ресейде уақытша тұру орны деген түсінік те бар. Өзге жерге 90 күннен астам уақытқа келген адам тіркеуге тұруға міндетті. Заңды бұзған адамға 2 мың рубль (қазіргі бағам бойынша шамамен 10 мың теңгеден астам) айыппұл салынады.

Сингапурда елдің көші-қон үкіметінің ресми сайтындағы ақпарат бойынша, тұрғылықты жерін ауыстырғаны туралы 28 күн ішінде хабарламаған немесе мекенжай ауыстырғаны жайында жалған ақпарат бергендер 5000 сингапур долларына жуық (шамамен 1,7 млн теңгеге жуық) айыппұл төлейді, не 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, не екі жаза қатар қолданылуы да мүмкін.

Германияның Лейпциг қаласының ресми сайтындағы ақпарат бойынша, барлық тұрғын қалаға келгеннен бастап екі апта ішінде билікке мекенжайды ауыстырғаны туралы хабарлау керек. Тіркелу тегін және кез келген жергілікті тіркеу кеңсесінде жүргізіледі. Егер отбасы қалада болмаса, ересек адам барлық отбасын тіркей алады. Тіркеуге тұру үшін әрбір адамның жеке куәлігі болуы керек және ол арнайы форманы толтыруы қажет. Адамдарды үйіне кіргізген баспана иесі де құжат береді. Бұл – үй иесінің атынан жазылған арнайы формадағы келісім. Immowelt.de порталында көрсетілген мәлімет бойынша, тұрып жатқандар мен баспананы жалға берушілерге тіркеу уақытынан асып кеткен жағдайда салынатын айыппұл көлемі 1 000 еуроға дейін жетеді.

Ал Нидерланд елінің аумағында кез келген жерге көшіп, мекенжай ауыстыратын болсаңыз, бес жұмыс күні өтпей тұрып билік органдарына хабарлау керек. Онлайн-режимде тіркелуге болады. Тіркеу уақыты асып кеткен жағдайда, дұрыс тіркелмеген немесе тіркелу кезінде құжаттардың барлығын ұсынбағандарға 325 еуроға дейін айыппұл салынады.

Соңғы жаңалықтар