Адам саудасы: Жыл басынан бері 110 қылмыс жасалды

«Адам саудасы мәселесі барлық елге ортақ. Оның ішінде Қазақстан да бар. Биыл жыл басынан бері адам саудасы бойынша 110 қылмыс анықталды. Дегенмен бұл тек ресми дерек. Халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың дерегінше еңбек және сексуалды құлдыққа тап болғандардың саны әлдеқайда көп. Қазақстан адам құқықтары саласындағы 60-тан астам шарттың толық қатысушысы. Оның ішінде 13 шарт құлдықпен күреске байлнанысты», - деді Қалиолла Сейтенов елордада өтіп жатқан халықаралық конференцияда.
Оның мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы әзірленді.
«Жаңа заң жобасы 6 тараудан тұрады және бірнеше міндетті іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, мемлекеттік саясаттың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін құру, жекелеген ұғымдарды халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, қарсы іс-қимыл субъектілері болып табылатын мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың уәкілетті органын айқындау.

Сонымен қатар уәкілетті органдардың құзыретін бекіту, ведомствоаралық үйлестіру және өзара іс-қимыл мәселелерін реттеу, сауда құрбандарына көмек көрсету және кәмелетке толмаған жәбірленушілердің құқығын қорғау», - дейді академия басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін елордада «Адам саудасына қарсы күресте ұлттық және халықаралық серіктестікті нығайту» атты халықаралық конференция өтіп жатыр.
Аталған іс-шараға қатысушылар арасында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстан елдерінің өкілдері де бар.
