Адамдар ауруханаларға шұғыл медициналық көмекке зәру жағдайында түсетіні өкінішті - И.Пивоварова

ТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Әлемде өмірге қатер төндіретін түрлі сырқаттар мен апаттар салдарынан шұғыл медициналық көмекті қажет ететін адамдардың саны қашан да көп. Жедел жәрдем көмегінің медициналық көмектің өзге түрлерінен ерекшелігі - әрекеттердің шұғылдығы. Қазақстанның жедел жәрдем мекемелеріне білікті кадрларды даярлау, шұғыл жағдайларда медициналық көмек көрсету үшін заманауи технологияларды әзірлеу және ендіру сондай-ақ, ғылыми-зерттеу қызметпен айналысу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана қаласында медициналық кластерді құру тапсырмасы аясында Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы (РЖМЖҒО) құрылды.
None
None

2009 жылы іске қосылған Ғылыми орталықтың бүгінгі жұмысы жайлы білу үшін Медициналық директор Ирина Пивоварованы сұхбатқа тартқан едік.

- Ирина Алексеевна, жедел жәрдем аурханалары алдыңғы кезекте озық жансақтау бөлімшелерімен жабдықталуы тиіс. Астана қаласының жаңа жедел жәрдем ауруханасының реанимациялық бөлімшелері туралы айтып берсеңіз.

- Ұлттық медициналық холдингтің даму стратегиясы аясында біздің Орталық инновациялық технологиялардың кең ауқымын енгізу үстінде. Олардың дені хирургиялық қызметке байланысты құрал-жабдықтар. Онымен бірге, біз шұғыл медициналық көмектер көрсететін болғандықтан, 12 бағыт бойынша ургенттік күндеріміз бар. Әрине, реанимациялық бөлімшелеріміз жоғары деңгейде жабдықталған, олар 3 үлкен залдан тұрады. Алты жатын орыннан тұратын бірінші кешенді зал өте ауыр науқастарға қабылдау жүргізу үшін бірінші қабатта орналастырылды. Онда күйік жарақатымен түскен науқасқа - 1, оқшаулауды қажет ететін науқас үшін - 1 және ми-қан айналымы бұзылып түскендерді қабылдауға арналған - 4 жатын орын бар. Себебі, инсультпен түскен науқастарға алғашқы медициналық жәрдемді көрсетудің негізгі қағидаты - науқасты дұрыс тасымалдау. Яғни бұл диагнозбен түскендерді артық қозғалтпай, қажетті көмекті бірінші қабатта көрсетеміз. Негізгі реанимациялық зал 12 орынға лайықталған. Заманауи аппараттар мониторлар арқылы тәулік бойы бақыланады. Қызметкерлердің штаты әр науқасқа жеке көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, РЖМЖҒО-да ерекше күтімді қажет ететін - кардиохирургиялық науқастарға арналған жансақтау залы (6 орын) жабдықталған.

Реанимациялық палаталар сырқаттары ауыр өтетін - кардиология және гематология бөлімшелерінде де бар. Яғни, инфарктімен және лейкозбен ауыратын науқастар бөлімшелердің ішінде орналастырылған жансақтау палаталарына жатқызылады.

Жабдықталуға тоқталатын болсам, Орталықта жансақтау залдары мен палаталар 100 пайыз жабдықталған, соның 80 пайызын заманауи құрылғылар құрайды. Қазір біз құрал-жабдықтардың паркін, соның ішінде, реанимациялық қызметтерді уақытылы жаңартып тұру үшін амортизациялық қор құрып жатырмыз.

- Реанимациялық науқастардың денсаулық күйін медбике мониторлар арқылы қадағалап отыратын дәрежеге жеттік. Бұл заманауи аппараттар адами күтімді қаншалықты алмастыра алады?

- Иә, жан сақтау төсектеріміз науқастың өмір сүру қызметтерін - артериалдық қысымын, дене қызуын, электрокардиограмманы, қанның оттегімен қанық болуын бақылап отыратын мониторларға қосылған. Бірақ ешқандай техника адамды алмастыра алмайды. Сондықтан орта медициналық қызметкерлер мен дәрігерлер науқасқа күтімді міндетті түрде жасайды.

- Орталықта кадрлар мәселесі қалай шешілуде?

- Өзіңіз білесіз, ауруханамыз жаңа. Толық қуатымен екінші жыл ғана жұмыс істеп отыр. Әрине, кадрлардың ауысуымен проблемалар бар. Бірақ мамандар тұрақсыздығы көбіне кіші медициналық қызметкерлерге қатысты. Ал дәрігерлер мен медбикелердің негізі қалыптасты. Орта медициналық қызметкерлердің тұрақсыздығын тек біздің Орталықта ғана емес, барлық медициналық мекемеден байқауға болады деп ойлаймын. Себебі, санитарлық тазалық қызметкерлерінің жалақысы барлық ауруханада бірдей. Сондықтан, әртүрлі жеке себептермен бір мекемеден екіншісіне ауысу үрдісі де жоқ емес. Қазіргі уақытта кадрлар мәселесіне және қызметкерлердің еңбек ету жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар шешімдер қабылданды. Сондықтан, уақыт өте келе бұл мәселе күн тәртібінен түседі деп ойлаймын.

- РЖМЖҒО негізінен заманауи құралдармен жабдықталғандығын айттыңыз. Олардың тілін білетін мамандарды іздеп-табуда қиындықтар бар ма?

- РЖМЖҒО-да медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру, шет елдердің озық тәжірибелеріне үйрету мәселесіне үлкен көңіл бөлінеді. Бұл бағытта бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып отыр. Үйрету және шеберлік сабақтарды ұйымдастыруға бағытталған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламасы аясында «Ұлттық медициналық холдинг» көшпелі семинарлар өткізуге, шет елдерге шығып, білім алуға қаржы бөліп тұрады. Биыл дәрігерлерімізді ғылыми және практикалық жұмыстар бойынша шет елдерде өтетін 4 семинарға қатыстыру жоспарланып отыр. Әртүрлі қаржылық бағдарламалар бойынша жылына 20-ға жуық шеберлік-сабақтарын өткізіп тұрамыз. Олар міндетті түрде шетелдік жетекші мамандардың қатысуымен өтеді. Онымен бірге, қызметкерлерге күнделікті білім беруге арналған бағдарламамыз да бар. Оған жылына 2 млн. теңге бөлініп тұрады.

- Орталықтың мамандары қазір қандай жарақаттармен жиі кездесіп отыр.

- Бізде екі проблемалық мәселе бар, қыс түсісімен оларға үшіншісі қосылады. Бірінші проблемалық мәселе, әрине - жол-көлік апаттары. Барлық жансақтау және политравмалық бөлімшелерімізде жатқан науқастардың барлығы дерлік жол апаттарына түскендер және өнеркәсіпте жарақат алғандар. Бұл жағдайлар туралы біз министрлікке баяндап тұрамыз. Бірақ, өкінішке қарай, олардың саны азаймай отыр. Кей жағдайларда жарақаттардың ауыр болатыны соншалық, адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмайды. Екінші проблемалық мәселе - ми-қан айналымының бұзылуы. Астанада инсульттік науқастарға арналған жоғары деңгейдегі бөлімше бізде ғана орналасқан. Осы сырқатпен жатқан науқастар санының өте көп болуының себебі де сол. Бөлімшелеріміз кейде шектен тыс толып кетеді. Науқастар реанимациялық контингентке жататын болғандықтан, жансақтау төсектері кейде бірнеше айға босамайды. Ал қыс түсісімен, әрине, күйік жарақаттармен, үсік шалған жарақаттармен түсетіндер көбейеді. Мұндай науқастар үшін бізде арнайы бөлімше бар.

- Шұғыл медициналық көмекке зәру науқастар қаланың ауруханалары бойынша қалай үлестіріледі? Себебі науқасты Ұлттық медициналық холдингке қарасты кез-келген орталыққа, не қалалық ауруханаларға алып баруға болады ғой.

- Қазір квоталық жүйе жоқ болғандықтан, жоспарлы науқастар Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында жұмыс істеп тұрған веб-портал арқылы түседі. Науқастардың екі санаты бар. Олар - жоғары технологиялардың көмегімен емдеуді қажет ететіндер және жоғары технологияларды қажет етпейтін, мамандандырылған медииналық көмек бойынша емделетін науқастар. Екінші санатқа жататын науқастар біздің Орталыққа емхананың берген жолдамасымен порталға тіркелу арқылы түседі. Ал жоғары технологиялардың қолданылуына зәру науқастар екі жолмен келеді - өңірлердегі Жедел медициналық жәрдем ауруханалары (ЖМЖА) комиссияларының шешімімен портал арқылы, немесе біздің Орталықтың әкімшілік квотасы арқылы. Мысалға, адам қандай да бір жұмыстармен Астанаға келіп, төтенше жағдайға ұшырады және оған жоғары технологиялы шұғыл медициналық көмек қажет болды делік. Мұндай жағдайда біз дереу квота бөлеміз. Квотаны басқа да шұғыл жағдайларда бөле аламыз. Әрине, бізге науқастар көбіне облыстардағы ЖМЖА комиссияларының шешімімен түседі.

- Елордалық ЖМЖА жылына шұғыл және жоспарлы түрде қанша көмек көрсетеді. Мұндай статистика бар ма?

- РЖМЖҒО жылына орташа алғанда 7 мыңға жуық науқасты емдейді. Соның 90 пайызын дерлік шұғыл медициналық көмектер құрайды. Себебі біздің негізгі бағытымыз - шұғыл медииналық көмек көрсету.

- Орталықта инновациялық технологияларды қолдану арқылы Қазақстанда бұрын-соңды қолға алынбаған оталар жасалатынын білеміз. Олардың арасында гемофилиямен ауыратын науқастарға өте сирек жасалатын буын оталары бар. Орталықтың осы бағыттағы жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.

- Иә, бізде басымдық берілген бірнеше бағыт бар. Солардың арасында Сіз айтып отырған гемофилия ауруы да бар. Бірақ бірден айтып өтейін, гемофилияға шалдыққан науқастың буынын эндопротездеу алғашқы рет біздің ауруханада емес, Алматыда өткізілді. Бірақ, өкінішке қарай, себебін білмеймін, Алматы бұл бағытты жолға қоя алмады. Біздің Орталық бұл процеске дайындықты үш жыл жүргізді, травматолог, гемотолог мамандарын дайындадық. Бүгінгі күнге дейін 50-ден астам операцияны жасадық. Әу баста тізе және жамбас буындарын алмастырудан бастасақ, қазір гемофилияға шалдыққан науқастың кез-келген сырқатына көмек көрсете аламыз - бүйректегі тасты алу, гемотозды ісіктер және тағы да басқа сырқаттар. Осы уақытқа дейін Қазақстанда гемофилиямен ауыратын адамдарға хирургиялық көмек көрсетілмей келді. Себебі, қанның дұрыс ұйымау проблемасынан науқасқа ота жасау қатерлі. Орталығымызда гематологиялық бөлімшелер, қанның ұюына мониторинг жасайтын және анықтайтын зертхана да бар.

Онымен бірге, ауруханамызда трансплантация жасау қызметі көрсетіле бастады. Биыл туысқандық донордан бүйрек алмастыру бойынша бес операция жасалды. Ішкі органдардың трансплантациясын өткен жылы Астанада алғашқы болып жасадық. Ағымдағы жылы бауырды алмастыру отасын жоспарлап отырмыз. Бұл мамандардың үлкен тобын қажет ететін, өте қиын операция, сондықтан, жіті дайындық керек.

Сондай-ақ, 2010 жылы біздің ЖМЖА Орталық Азия аумағында алғашқы болып кемік майының манипуляциясын жасады. Биыл ондай манипуляцияның 5-еуін жүзеге асырдық. Олардың санын арттыруға болады. Бірақ ол үшін аурухананың өндірістік жағдайын одан әрі жақсарту қажет.

Ақ қан ауруына шалдыққан науқастар бізге химиятерапияға және оталарға жатады. Орталықта Қазақстанда алғаш рет күйік жарақаттары кезінде жасанды өсірілген фибробласттарды трансплантациялау отасы жасалды. Яғни күйік шалған адамға бұрынғыдай мәйіттен алынған теріні салып немесе тыртықтарды тартып тастамаймыз. Оның орнына жасанды тері орнатамыз. Теріде жаңа клеткалардың пайда болуына ықпал ететін ота Биотехнология институтымен бірлесе отырып жасалады.

Сонымен қатар, бүгінгі күні Қазақстанда әлі дами қоймаған - бауыр хирургиясын жасаймыз. Одан бөлек, гинекология, неврология және тағы да басқа көптеген сырқаттардың хирургиясы бар. Оларды жүзеге асыруға академиялық серіктестеріміздің үлкен желісі көмектеседі. Бірінші кезекте, ол - кемік майы трансплантациясын жасауға көмектесетін Өндірістік трансфузиология орталығы, одан кейін, Биотехнология институты, бірқатар шетелдік серіктестер - Павлов атындағы Санкт-Петербург университеті, «Анам» Корей университеті, Гамбург университеті және тағы басқалар. Серіктестеріміздің көмегімен біз бұрын-соңды қолға алынбаған хирургиялық қызметтерді енгізуге мүкіндік алып отырмыз. Әрине, мұның бәрі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және Ұлттық медициналық холдингтің жіті бақылауымен жүзеге асырылуда.

- РЖМЖҒО елорданың қандай аудандарына қызмет көрсетеді және жүктелген аумақтарды қамтуға мамандандырылған көліктердің саны жеткілікті ме?

- Бүгінгі күні біз Есіл ауданына және Ақмола облысының Астанаға жақын елді-мекендеріне қызмет көрсетеміз. Төрт бригада жұмыс істейді. Олардың санын арттыруға және одан да көп аумаққа қызмет көрсетуге мүмкіндігіміз жетеді. Бірақ Орталыққа жүктеліп отырған көлем әзірше осы.

- Қазақстандағы жедел медициналық жәрдем қызметінің дамуына қандай баға берер едіңіз? Сала маманы ретінде бұл бағытта ұсыныстарыңыз бар болар?!

- Біріншіден, Орталық көрсетіп отырған қызметтердің кең көлемі туралы халық білсе дейміз. Себебі, бізге адамдар шұғыл медициналық көмекке зәру жағдайында түсетіні өкінішті. Бұл дұрыс емес. Адамдар жоспарлы түрде, алдын ала дайындықпен түсуі керек. Шұғыл көмек ол қашан да - үлкен тәуекел. Әрине, аяқ астынан шұғыл операция жасағанда науқастың денсаулық жағдайын барынша жіті тексеруге тырысамыз. Дегенмен, оны отадан кейін күтіп-бағу кезінде болатын қатерлер қаупі өте жоғары. Алдын ала дайындалған, тексеруден толығымен өткен науқасқа жасалған жоспарлы операция адамның денсаулық сапасын арттырады. Онымен бірге, адамдар алдын алу тексерулерге мән бергені жөн. Инновациялық әдіс-тәсілдерді қажет ететін ем-домдарды да жоспарлы түрде жасатқан жөн. Сондықтан, өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары ақпараттандыру жұмыстарын арттыру керек. Өз тарапымыздан науқастарға көмектесуге әрдайым дайынбыз. Бұл бізде науқастар саны аз дегенді білдірмейді. Адамдардың ауруханаға шұғыл түрде түсу үрдісін өзгерту қажет. Оларға өз денсаулықтарына мұқият қарап, медициналық көмекті дереу қажет ететін жағдайға жеткізбеуді үйрету керек.

Ал аурухананың жағдайына тоқталатын болсам, гематология бөлімшеміз зарарсыздандырылған бөлмелермен жарақтандырылса дейміз. Әзірше оны қамтамасыз ете алмай отырмыз. Оған мақсатты қаражаттар керек. Стерильді бөлмелеріміз болса жылына 50 трансплантацияға дейін жасай алар едік. Әрине, бұл жоспарлы үрдістер және проблемалар шешілмей жатыр деп айтуға болмайды. Түйткілдерді құзырлы органдар біледі. Денсаулық сақтау министрлігі де, Назарбаев университеті де жеткілікті қаражаттар бөлуде. Бірақ, кез-келген мелициналық басшы ретінде олардың анағұрлым тезірек жүзеге асуын қалаймыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар