Адамдар дәстүрлі емге жүгініп, уақытты жоғалтып алмауы керек – Мыңжылқы Бердіқожаев

None
Фото: instagram.com/udp_open
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жақында желіде нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың 12 сағаттық отадан кейін ұйықтап қалған сәтінің видеосы тарады. Тәжірибелі нейрохирург осы уақытқа дейін бірнеше күрделі ота жасап, көптеген адамның өмірін сақтап қалған. Осылайша, қазақстандықтардың жүрегіне жол таба білді. Бүгінде көптеген пациент маманға қаралу үшін ұзыннан кезекке тұрады. Мыңжылқы Бердіқожаев ҚазАқпарат тілшісімен сұхбат барысында нейрохирургиядағы өрлеу мен құлдырау уақыты, қазақстандықтардың медициналық сауаттылығы, сондай-ақ денсаулықты күту жайлы кеңесімен бөліскен еді.

– Бірнеше апта бұрын, желіде сіздің 12 сағаттық отадан кейін ұйықтап қалған сәтіңіз түсірілген видео тарады. Сол туралы айтып берсеңіз.

– Шын мәнінде, 12 сағаттық операция 2011 жылы жасалды. Интернетте тараған бейнені ташкенттік әріптесім Мақсат Асқаров түсірген. Ташкентте маған науқасқа түнімен ота жасап, таңертеңгі рейспен Алматыға қайту керек болды. Ташкентке кешкі сағат 22:00-де бардым, таңертеңгі сағат 5:00-де бірнеше операциядан кейін ұйықтап қалыппын. Сол сәтті менің досым камераға түсірген. Ота жасатқысы келетіндер өте көп, егер физикалық тұрғыда мүмкін болса, мен ешкімнен бас тартпаймын. Әрине, дәрігердің де алдымен адам екенін түсіну керек.

– Сізді шетелде жұмыс істеуге жиі шақыратын шығар. Қазақстанда қалуыңызға не себеп болды?

– Париждегі халықаралық конференцияда қызық жағдай болды. Менің жақын досым АҚШ-тағы Буффало университетінің директоры Аднан Сидики екеуміздің арамызда көптеген дәрігердің шетелге, соның ішінде штаттарға кететіні туралы әңгіме өрбіді. Қазақстанда медицина жағдайы басқаша екенін айттым. Әрине, шетелде жұмыс істеу, тәжірие алмасу әр маманның ойына келеді. Бірақ маған досым айтты: «Сен келесің, жұмыс істейсің, бірақ бұл жағдай сенің еліңнің медицинасы мен пациенттерге қиынға соғады. Мұндай тәжірибелі маман өз елінде еңбектенуі керек», - деді. Міне, осындай маңызды әңгіме болды. Әрине, мансап, жоғары табыстан да басқа құнды нәрселер бар. Менің ойымша, біз отандық медицинаның дамуына үлкен үлес қосып жатырмыз және азаматтарымыз шетелге шықпай-ақ ота жасата алуына үлесімізді қоса береміз.

– Жақын адамыңызға ота жасауға келісер ме едіңіз?

– Осыдан бір жарым ай бұрын менің жұбайыма нейрохирургиялық диагноз қойылды. Әрине, өзім жасай аламын, алайда әлемде көптеген достарым бар екенін ескере отырып, туыстарым отаны шетелдік дәрігердің жасауын сұрады. Сондықтан Германиядағы әріптесімнен жұбайыма ота жасауын өтіндім. От жасау процесіне мен де қатыстым.

– Тәжірибеңізде сіздің өзгеруіңізге себеп болған ерекше жағдай немесе ота болды ма?

– 2010 жылы Израильден келген науқасқа ота жасадым. Операция кезінде орнатылған стенд аймағында мида қан ұйып, артерияны жауып тастады. Қанды ерітуге тырыстық, бірақ артерия ашылмай қойды. Науқаста ишемиялық инсульт болды. 10 күннен кейін асқынудың салдарынан науқас қайтыс болды. Бұл маған қатты әсер етті. Неліктен қан ұюын ми артериясынан алып тастауға болмайды деп ойладым. Содан кейін қанның ұюын болдырмау жолын іздеп Израильге арнайы бардым. Кейін Германияға барып тәжірибе жинадым. Осылайша қан ұюын алып тастауды үйрендім.

2013 жылы алдыма ми тамырларында қан ұйыған науқастарға көмектесу міндетін қойдым. Мен оларға үміт бергім келді, олар аман қалып, толық қалпына келді. Алғашқы ота жасағаныма 10 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде елімізде мұндай оталар әр облыс орталығында, кейбір аудандық ауруханаларда қолжетімді. Елде жылына 400-ден астам ота жасалады, дегенмен қажеттілік жоғары. Шамамен 3 мың пациентке хирургиялық көмек қажет. Алайда кейбір пациенттер ауруханаларға кешігіп келіп жатады. Олар инсульт алудан хабары бола бермейді. Егер симптомдары байқалса, дереу медициналық көмекке жүгінуі керек.

– Кейінгі жылдары қандай аурулар өрши бастады?

– Мен әріптестерімнен Арнольд-Чиари аномалиясы бар науқастарға көп ота жасалатынын жиі естимін. Бұл жағдайда мишық жұлынға қарай батып, оны басады. Бұл науқастар көбіне бастың артқы жағындағы ауырсынуға шағымданады және қол-аяқтары ауырады. Жұтыну кезінде проблема болуы мүмкін. Аталған диагноз жиі анықтала бастады, дегенмен әр аймақта оған ота жасау мүмкіндігі бар.

– Отандық нейрохирургияның қандай жетістіктерін атап өтер едіңіз?

– Елімізде нейрохирургияның даму деңгейі өте жоғары. Әлемде озық клиникаларда жасалатын оталар бар. Менің ойымша, біздегі нейрохирургиялық бөлімшелер олардан кем емес. Әрине, балалар нейрохирургиясы одан әрі дамуды талап етеді. Бүгінде Алматы және Астана қаласында жолға қойылған. Десе де әлі де Түркістанда, Шымкентте, Ақтөбе облысында, Павлодар, Петропавл, Өскеменде және Семейде балалар нейрохирургиясы бөлімшелері ашылғанын қалаймын. Астанада 30 төсектік балалар нейрохирургиясы бөлімшесі еліміздің барлық баласын жоғары технологиялық көмекпен қамтамасыз ете алмайды. Алматыда жұмыс істеген кезде біз кедергіге тап болдық, балалар бөлімі жоқ.

Басқа аймақтарда шартты түрде балалар нейрохирургия бөлімшелері бар. Бірақ оларда жабдық жағынан проблема, күрделі нейрохирургиялық көмек көрсете алмайды. Дәрігерлер науқасты Астанаға немесе Алматыға жіберуге мәжбүр. Бұл көмекке жету үшін балалар мыңдаған шақырым жол жүруі керек.

Елімізде шамамен 7 млн бала бар. Жаңа туған нәрестелер арасында гидроцефалия патологиясы жиі кездеседі. Бала туылғаннан кейін аталған патологиямен күресуді жалғастырады.

Ми тамырларының аневризмасы ауыр диагноз емес. Әрбір облыс орталығында пациентке операция жасалуы мүмкін. Біз сондай-ақ интракраниальды артериялардың тарылуын емдеуде жеткілікті тәжірибеміз бар. Тері астына өтетін артерия тігілген кезде жасалатын ота бар. Ол әлемнің барлық елінде жасалмайды. Біздің елде ол күнделікті хирургияға айналды. Қазақстанда омыртқа хирургиясы жолға қойылған, науқастарға шетелге барудың қажеті жоқ.

Нейроонкологияға келетін болсақ, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасында жоғары деңгейде ұсынылады. Біздің клиникада және еліміздің барлық өңірінде хирургия мен эпилепсияны емдеу жоғары деңгейде.

– Қазақстандықтардың медициналық сауаттылық деңгейі қандай?

– Адамдар жаңа смартфон туралы хабар алса, дүкенге жүгіріп барады. Ал денсаулыққа келгенде ресми дәрігерлерден гөрі, халық емі, емшілерге көріну жағын жақсы біледі. Сол арқылы уақытты жоғалтып алады. Ең қиыны пациенттер арнайы білімі жоқ емшілерге барып жатады. Яғни емшінің арнайы курстардан өтіп, қатерлі ісік, асқазан жарасы, аппендицит және басқа да жалпы аурулар туралы білімі болғаны жетіп жатыр. Дәстүрлі емге жүгініп, уақытты жоғалтпауы керек.

– Денсаулықты күту жайлы қазақстандықтарға қандай кеңес бересіз?

– Адамдар жеткілікті су ішіп, тұз, қант, көмірсу көлемін азайтқаны жөн. 10 шақырым жаяу жүрсе. Велосипед тебу де жақсы дүние. Адамның жүрек соғысы, бұлшықеттері, буындары жақсара түседі. Одан бөлек, жеткілікті ұйықтау керек. Ересек адам күніне кем дегенде 8 сағат ұйықтағаны жөн. Көп оқыған да пайдалы, күніне кем дегенде екі сағат оқу керек.

– Әңгімеңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар
telegram referendum