Адамдар ойланбастан несие ала бастады – Ерлан Қошанов

кредит алу
Фото: pexels.com

Адамдар ойланбастан несие ала бастады. Бұл туралы Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржы сауаттылығын арттыру» тақырыбындағы Парламент тыңдауында палата төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Халықтың несиесін жаба алмауына қаржы институттарының да үлесі бар деп ойлаймын. Қаржы институттары тартымды жарнамаларын да кеңінен жариялап жүр. Бұл ретте, несие алу процедурасының жеңілдігін ескеріп, адамдар қарызға батып жатыр. Қазір 14-16 жастағы жасөспірім де онлайн несие ала алады, яғни смартфон мен интернет арқылы оңай рәсімдей салады. Бұл жаста қаржылық жауапкершілік алған дұрыс па? Кейін бұл несиелерді олардың ата-аналары мен ата-әжесі төлейді», – деді Е. Қошанов.

Оның сөзіне қарағанда, адамдар ойланбастан несие ала бастады. Кейде мүлдем қажет емес заттар үшін қарызға батады.

«Екі немесе одан да көп несие алу әдеттегі тәжірибеге айналды. Бір адам микроқаржы ұйымдарынан жиырмаға дейін несие алған жағдайлар бар. Сосын осы қарыздан құтылмақ болғандар бұрынғысын жабу үшін жаңа несие алу үшін банктерге қайта-қайта жүгінуге мәжбүр. Мұндай мысалдар көп», – деді Мәжіліс төрағасы.

Оның пайымынша, қаржы сауаттылығы курсын мектеп пен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізу қажет. Жастар ақшаны орнымен жұмсау, бюджетті жоспарлау, инвестиция салу сияқты базалық ұғымдарды меңгергені жөн. Осы жұмыстың барлығы бүкіл мүдделі органдармен, қаржы институттарымен және әкімдіктермен бірлесіп жалғасын табуы тиіс.

«Несие беруге қойылатын талаптарды заңнамалық деңгейде күшейту керек. Қарызын өтей алмайтын азаматтарға несие беруге тыйым салу қажет. Онлайн несие беру саласын қатаң реттеген жөн, сондай-ақ несие берудің шарттарын қайта қарастыру да маңызды. Жеке адамдарға берілетін несиелер бойынша шекті пайыздық мөлшерлемені төмендету керек. Осы несиелерді коллекторлық ұйымдарға сатуға толық тыйым салынуы тиіс. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалуына жол бермеу қажет. Осының барлығын заң жүзінде бекіту маңызды», – деді Ерлан Қошанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 1,7 миллион қазақстандық қарызын уақытылы төлей алмай отыр.

Соңғы жаңалықтар