Адамдар жаппай уланған кафе иесінен тұрғындар шеккен шығынды өндіру жөнінде шағым сотқа берілді

Департамент директорының міндетін атқарушы Сергей Щербинаның айтуынша, сот талқысы 13 желтоқсанға белгіленген. Сотқа берілген шағымда жеке кәсіпкерлік иесінен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделген 23 зардап шегушіге әрқайсысына 100 мың теңгеден, үш адамға 300 мың теңгеден моральдық шығын, тағы үшеуіне 100 мың теңгеден моральдық және дәрі-дәрмек алуға кеткен қаржыны өндіру жөнінде көрсетілген.
С.Щербинаның сөзіне қарағанда, «Бургер стрит+» кафесінде орын саны елуден кем, сол себепті ол шағын бизнес нысанына жатады. Үкіметтің шағын бизнес үшін әкімшілік кедергілерді алып тастау жөніндегі талабына сәйкес кафеде арнайы санитарлық тексеріс жүргізілмеген. Дегенмен кафеге тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын мекемеге хабарлама жіберіп, сол бойынша жұмыс жасауына болатын еді, алайда оны «ұмыт қалдырған». Сол себепті бақыланбаған нысанды адамдардың жаппай улануынан кейін тексерген кезде көптеген заңбұзушылықтардың беті ашылды. Асханада жұмыс жасайтындар негізінен жастар болып шықты, олардың аспаз ретіндегі біліктілігі жоқ. Оған қоса барлығында санитарлық кітапша мен жұмысқа рұқсат қағазы болмады. Ақыры жұқпалы аурудың аспаздан таралғаны белгілі болды.
Еске сала кетейік, 9-11 қараша күндері Д.Қонаев атындағы шағынаудандағы «М6» сауда үйінде орналасқан «Бургер стрит+» кафесіндегі тез дайындалатын бургерлермен тамақтанған барлығы 33 адам дәрігерлер қызметіне жүгініп, соның 29-ы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған болатын. Осының жетеуі бала болса, біреуі төрт жасқа толмаған балдырған еді. Кейін адамдардың сальмонеллез ауруын жұқтырғаны белгілі болды.