Адамдардан үрікпейді: СҚО-да еліктер елді мекендерге келе бастады
Солтүстік Қазақстан облысында елік көбейді. Көптігі соншалық, елді мекен көшелеріне де кіре бастаған. Табиғат жанашырлары жануарларды атуға болмайтынын еске салады, бүгінде еліктің біреуі 1,3 млн теңгеге бағаланған, деп хабарлайды Kazinform.
Әлеуметтік желіде еліктерге қатысты бейнежазбалар көбейді. Біреуінде бұл жануарлар елді мекеннің көшесіне кіріп кетсе, енді бірінде автомобиль жолының үстінде жүр. Жол жиегінде жайылған үйір-үйір елік адамдардан үрікпейтін болған.
СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар әлемі және балық ресурсы бөлімінің басшысы Михаил Никитиннің айтуынша, өңірде еліктердің көбеюіне байланысты аңшылық шаруашылықтар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Мақсат – жануарларды қорғау, браконьерлікке жол бермеу.
«Өңірде 47 аңшылық шаруашылық бар. Олар рейдтердің санын арттырды. Сондай-ақ қазіргі уақытта автомобиль жолдарына арнайы белгілер орнату бойынша әкімшілік полицияға ұсыным әзірлеп жатырмыз. Ол еліктер жайылатын орындарға қойылады», - дейді Михаил Никитин.
СҚО-да бұғы, марал, доңыз мекендейді. Жылдың басында жүргізілген соңғы санақ бойынша өңірде сібір елігінің ғана 18 мыңға жуығы бар. Қысқа қарай олардың саны артады. СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспаловтың айтуынша, жылдың осы мезгілінде өңірге Ресейдің көрші облыстарынан еліктердің миграциясы басталады. Оның бір себебі – көбеюіне байланысты жемшөп және жайлы жер іздеп аууы. Десек те, бұл жануарларды рұқсатсыз атуға қатаң тыйым бар.
«Былтыр еліктерді заңсыз атуға қатысты 14 дерек тіркелді. Көбінің бас бостандығы шектелді. Біреуі келтірген шығынға байланысты 7 жылға түрмеге отырғызылды. Биыл осындай 11 факті анықталды. 4 елік атқан Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғыны мемлекетке 4,5 млн теңге шығын келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Қызылжар ауданының екі тұрғыны бір елік атып, екі жылға сотталды. Олар енді келтірген шығынның орнын да толтырады», - дейді Олег Беспалов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram