Адамдардың біразы тромбоздан қайтыс болады – дәрігер Ахметжан Сүгірәлиевпен сұхбат

Ахметжан Сүгірәлиев
Фото: Ахметжан Сүгірәлиевтің жеке мұрағатынан

Бүгінде тромбозға шалдыққан қазақстандықтардың статистикасы жүргізілмейді, тиісінше қанша адамның осы дерттің зардабын тартып жүргені белгісіз. Дәрігерлер дерегінше, аталған ауруға шалдыққандар қатары артып барады. Сондықтан тромбозға кімдер шалдығады, оның белгілері қандай, емдеу жолдары қаншалықты тиімді екені көпшілікті алаңдатары сөзсіз. Осы орайда, Kazinform тілшісі тромбокардиолог, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, Еуропалық кардиологтер қоғамының инсульт және жүрек жөніндегі жұмыс тобының толық мүшесі Ахметжан Сүгірәлиевті әңгімеге тартып көрген еді.

Ахметжан Сүгірәлиевтің жеке мұрағатынан
Фото: Ахметжан Сүгірәлиевтің жеке мұрағатынан

- Ахметжан Бегалыұлы, өзіңіз еңбек етіп жүрген саланың маңызы зор екені анық. Сондықтан сұхбатымызды медицинаның осы бағытынан бастап, әуелі оның тарихына тоқталсақ.

- Дүниежүзілік тромбоз күні әйгілі неміс дәрігері Рудольф Вирховтың туған күніне орайластырылған. Ол – 1800 жылдардың ортасында тромбозға анықтама беріп кеткен ғалым. Р. Вирхов пайымынша, бұл ауру қан айналымының баяулауынан және тамырдың ішкі қабырғасының зақымдануынан пайда болады. Арада соншама жыл өтсе де, бұл гипотеза өзгерген жоқ, маңызын жоймады.

Ал 1960 жылы екі ұлыбританиялық хирург тромбозды дәрімен емдеп көрмек болады. Оған дейін бұл ауруға тек ота жасалатын – «Тренделенбург операциясы» деп аталады. Сосын аталған екі маман 35 адамға зерттеу жүргізеді. 19 адамға «Гепарин» (қанды сұйылтатын дәрі – авт.) берген. Ал қалған 16 адамға ештеме бермей, бақылаған. Кейін «Гепарин» алған науқастардың барлығы тірі қалады да, дәрі ішпегендердің 25 пайызында өлімге әкелетін, тағы 25 пайызында орташа тромбоэмболия дамыған. Осы зерттеудің нәтижесінде қос хирург мынадай ойға келеді: бірден операция жасамай, тромбозы бар науқастарды дәрімен емдеуге болады. Тиісінше, 1960 жылдан бастап батыс елдері аталған дертті емдеуде ота әдісін қолданудан бас тартты. Дегенмен, бүгінгі таңда ауыр науқастарға операция жасалды, қалғаны дәрілік заттармен емделеді.

- Адам организмінде тромбоздың дамуына қандай факторлар себеп болады?

- Жалпы, тромбозға аз қимыл-қозғалыс себеп. Сонымен қатар біз оталарды көп жасап жатырмыз. Кескенде, екпе жасағанда ине мен скальпель тамырдың ішкі қабырғасын зақымдайды. Сосын сол жерлерде тромб болады. Тағы бір себебі – қанның құрамында арнайы бір элементтер көбейіп кетуі мүмкін.

- Аталған дерттің салдары қандай болуы мүмкін?

- Адамдардың біразы тромбоздан қайтыс болады. Мәселен, инфаркт – тромб, инсульт – тромб. Коронавирус кезінде әрбір екінші немесе үшінші адам осы тромбоздан қайтыс болды. Әсіресе, мұндай жағдайлар Қазақстанда көп тіркелді. Зерттеулерге сай, COVID-19 жұқтырғаннан кейін тромбоздың даму қаупі организмде бір жыл бойы сақталады. Енді біз коронавирустан толық құтылған жоқпыз. COVID-19 көбейген кезде дүрбелең болды. Барлығы қажеттілігіне қарамастан тромбозға қарсы уыс-уыс дәрі ішті. Нәтижесінде көбінің қаны сұйылып, қан кете бастады.

Ахметжан Сүгірәлиев
Фото: Ахметжан Сүгірәлиевтің жеке мұрағатынан

- Қазақстанда қанша адам тромбозға шалдыққан?

- Тромбозбен ауыратын қазақстандықтардың нақты санын таба алмайсыз. Өйткені, оның статистикасы жүргізілмейді. Біз тек жақында Алматыдағы екі ауруханада осындай диагнозы бар науқастарды тіркеуді бастадық. Еуропалық одақ елдері мен АҚШ-та ғана мұндай пациенттердің саны бар. Бұл үшін үлкен ресурс керек. Дегенмен оны қолға алдық. Жалпы, мұндай науқас көп.

- Тромбозды емдеу ісінде қай елдердің технологиясы мен әдісі озық саналады?

- Кейінгі жылдары бұл бағытта жақсы зерттеулер жүргізіліп жатыр. Осыған ерекше ден қойған жетекші елдердің бірі – АҚШ. Бұл ел тромбозды емдеуде «ғасыр жаңалығын» ашты. Тамыз айының соңында Амстердамда Еуропалық конгресс өтті. Сонда америкалық ғалымдар емдеудің жаңа технологияларын көрсетті. Бірақ бұл әдісті біз білетінбіз. Олар Қазақстанның осы бағытта тез дамып келе жатқанын білмепті, таңқалды.

- Біздің елде мұндай ауруға шалдыққан науқастар қалай емделіп жатыр?

- Біздің елімізде тромбозға шалдыққан ауыр науқастардың барлығы дерлік менің пациенттерім. Осыған дейін менде бір жігіт ем алды. Ол қаңтар - сәуір аралығында Астанада жатқан. Кейін маған келді. Оған сирек кездесетін тромбоз диагнозы қойылған. Бұл науқаста анықталған диагноздың себебі басқа еді. Маған ауысқаннан кейін оған кеңес беріп, емге кірістік. Нәтижесінде сауығып шықты. Мәз болып, үйіне оралды. Алайда ол біздің бақылауымызда болады.

Бір жылдары аяғы ауыр әйел емделді. Дәрігерлер ол пациентке баланы алдыртып тастау керектігін айтқан. Кейін біз оны емдедік, аяққа тұрғыздық. Баласын аман-есен босанды. Артынша Австрияға тексерілуге барған. Сонда мамандар оған: «Сіз мұнда несіне келдіңіз? Денсаулығыңыз жақсы, Қазақстанның дәрігерлері өте мықты», - деген екен. Осылардан кейін бұл әйел тағы екі баланы дүниеге әкелді.

- Қазақстан тромбозды емдеу тәсілдері мен арудың алдын алу бойынша қандай зерттеулер жүргізіп жатыр?

- Қазіргі таңда біз бұл ауруды қалай ерте анықтауға болатынан зерттеп жатырмыз. Осы кезге дейін мынаны байқадық: пациенттердің үш фенотипі бар. Біріншісі – бұл тромбозбен аурып құлайды, яғни ауыр хәлде келетіндер. Екіншісі – кеудесі ауырады, атап айтқанда инфарктің белгілері болады. Үшіншісі – респираторлық. Олар емі табылған науқастар. Сонымен бірге таяуда венадағы тромбоэмболия туралы мақала жарияладым. Бұған қоса, бірнеше ғылыми еңбекке жетекшілік еттік, оның екеуі жарық көрді. Онда осы дертті емдеу бойынша дүниежүзілік технологиялар мен диагностика туралы жазылған.

Мұнымен қатар, тромбтың даму сатысын анықтау әдістерін, халықаралық стандартқа сай шкаласын белгілеуді Президент Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасына енгіздік. Бұл ауруханада білікті мамандар бар және олар тромбозды өте жақсы емдейді. Халықаралық талапқа сәйкес айқындалған индекстер, аурудың қауіптілік деңгейін бірден анықтау тәсілі осы Орталық клиникалық ауруханада қолданыста.

Ахметжан Сүгірәлиевтің жеке мұрағатынан
Фото: Ахметжан Сүгірәлиевтің жеке мұрағатынан

- Бұл дерттің қалай алдын алуға болады?

- Қозғалысты арттырып, салмақты азайту қажет. Артық салмағы бар, бүйрегі ауыратын, онкологиялық дерті бар азаматтар, аяғы ауыр әйелдер тромбозбен жиі ауырады. Біздің еліміздің ауруханасына түскен адамдар көбіне қозғалыссыз жатады. Олар арнайы жаттығу жасауы керек. Сонда тромб болмайды. Мұндай жаттығулар Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада қолданылады. Басқа ауруханалар да оны пайдаланады деп айта алмаймын.

- Ахметжан Бегалыұлы, уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Ахметжан Сүгірәлиевтің жеке мұрағатынан
Фото: Ахметжан Сүгірәлиевтің жеке мұрағатынан

 

Соңғы жаңалықтар