Адамға берілген аян уақыт өте келе орындалып жа­тады - Колорадо университетінің профессоры

АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - Күндегі күйбең өмір... Күндер, айлар, жылдар өз кезегімен өтіп жатыр. Сынаптай сырғыған уақыт күн мен түннің қалай ауысқанын байқатпай, күнді айға, айды жылға жалғап жалғанның бес күнінің санағын жүргізуде.
None
None

 

 Кейде осы уақыт озып кете ме, әлде бізді санамыз алдай ма, миымыз әйтеуір бір ойынды бастайды. Бастайды да аяқсыз қалдырады...

Бір сәттерде бұрын болып кеткен бір оқиғаны қайта жаңғыртқандай болады. Бірақ сол бір қас-қағым сәттің қай уақытта, қашан болғанын ұқпай, абдырап қаласың. Мүмкін, мұндай күйге сіз де түскен боларсыз? Дәл осы минутта және осы жерде дәл осы оқиға басыңыздан өткен болар. Сіз де бұл кездің өткен өміріңіздің нақты қай тұсында болғанын біле алмай дел-сал күйде қалған шығарсыз. Осындай бір сәттер көпке де созылмайды. Басы мен аяғы жоқ оқиғаның желісі үзіліп, не өткеніңнен, не түсіңнен осы кезге қатысы бар ілмек таба алмай, бұл жайттың болған-болмағаны өзіңе де жұмбақ болып қала береді. Адамның бұл күйін ғылымда - «дежавю» деп атайды. Яғни «бұрын көрінген» дегенді білдіреді, деп жазады Сабина Зәкіржанқызы «Айқын» басылымындағы ауқымды мақаласында.

Рухтың көшуі
Иә, осындай санаға сый­май­тын «адамның кейбір кездері» бо­лады. Шамамен әлемдегі адам­дардың 97 пайызына жуығы осындай күйді басынан кешіреді екен. Демек, кез келген 10 адам­ның 9-ы бұл біртүрлі сезіммен жа­қсы таныс деген сөз. Ғалымдар адам санасындағы бұл құбы­лыс­тың нақты сырын анықтамаса да, бұған сипаттама беріп кеткен. «Дежавю» терминін 1851-1917 жыл­дары өмір сүрген француз психологі Эмиль Буарак енгізген екен. Ол, сондай-ақ адамның бұл біртүрлі күйіне қатысты бірнеше терминдер енгізіп, де­жавю­ге қар­сы құбылысты «жа­мевю» деп атап, түсі­ніктеме бе­ріп кеткен. Ондайда адам ке­рісінше күнде көріп жүр­ген дүниесін жаңа ашқандай, енді ғана көргендей әсерде болады. Жа­райды, жа­мевюдің жайын адамның бай­қампазды­ғы­ның төмендігімен түсіндіруге бо­лады. Ал дежавюдің сырын қа­лай түсінеміз? Ға­лым­дар қалай түсіндіреді? Ендеше, ғалым­дар­дың сан-салалы бол­жамдарына үңі­ліп, ортақ бір тұ­жырымға келу­ге тырысып кө­рейік.
Әңгіменің әлқиссасын «бұл құ­былысты әлі ешкім де анықтай алған жоқ» дегеннен бастағым ке­ліп отыр. Бұл оқырманның көңіл күйін түсіріп жіберуі мүм­кін. Бірақ бұл құбылыстың төңі­регінде нақты дәлелдерден гөрі, тұз­дықсыз долбар көп. Егер, ға­лым­дар дежавюдің сырын ұқса, беті қайтпайтын жан ауруларын, яғни адамның жүйке жүйесіндегі ауытқу­ларды емдеуге жол ашылар еді. Алайда ғалымдарымыз қанша тырысса да, санамыз жасырған жұм­бақтың жауабы табылмай жатыр. Мұндай күйге адам жиі ұшырай бермейтіндіктен де, бұл құбылыстың себебін анықтау қиын­ға соғып отырған көрінеді.
Мұны кейбіреулер адам жа­нының көшуімен, яғни реин­кор­нациямен байланыстырады. «Адам жаны ешқашан өлмейді, ол бір денеден екінші денеге кө­шіп өмір сүреді» деген Тибет дін­дарларының сенімімен сана­сатын болсақ, дәл осы күйді адам анау бірінші немесе екінші, үшінші өмірінде басынан өт­кер­ген. Адамның өмірінде сол бір секундтардың еш қоспасыз қай­талануы, оның «бұрынғы өмі­рінен» хабар береді-мыс. Тіпті, осы пайымды растайтын бір оқи­ға болған. ХХ ғасырдың орта­сында өмір сүрген британдық Дороти Идри үш жастан бастап-ақ, жұртшылықтың үрейін алып, біртүрлі мінез танытқан. Ол бүл­діршін кезінен бастап өзінің өт­кен өмірі жайлы айтатын бол­ған. Тіпті, өсе келе, өзінің сонау ескі заманда Бентришети атты мы­сырлық абыздың денесінде өмір сүргенін айтқан. Ал 34-ке кел­генінде Дороти-Бентришети Мысырға көшіп барып, ар­хео­логтарды І Сети перғауынның өмірі мен сол кезең туралы дерек­терге қанықтырған. Тіпті, сол жер­дегі ескі ғибадатхананың да та­былуына көмектесіп, архео­логтардың таңданысын тудыр­ған.
Калифорниялық гипно­те­рапевт Майкл Ньютонның пайым­­­дауынша, бұл құбылыстар­дың реинкорнацияға тікелей қатысы бар. Ол өзінің «Рухтың сапары» атты еңбегінде гипноз барысында талай адамдардың рухының бір денеден екінші денеге көшкенін өз аузынан ес­ті­генін жазған. Алайда ғылымда мұндай болжамдардың дәлелі болмаса құны «бес тиын».

Берілген аян
Бұл түстің әсері болуы мүмкін. Бұл тұжырымды 1896 жылы Колорадо университетінің профессоры Артур Аллин алға тартқан. Оның бұл ойымен санасатын ғалымдар саны бүгінгі күні жетіп-артылады. Олардың пайымынша, адамның бұл күйге түсуі, оның түсімен тікелей бай­ланысты. Яғни таныс емес жер­лер мен бейтаныс жандардың бейнесін адам ұйқыда жатып көрген. Бірақ түсіңде көргеннің барлығы есіңде қалмайтыны белгілі. Сол біздің есімізден шығып кеткен ақпар түбегейлі жойылып кетпей, мидың бір қат­парында қалып қоятын көрінеді. Уақыт өте келе, бұл оқиға шын өмірде де қайталанып, ми сананы автоматты түрде сол ақпаратпен қамтамасыз етеді. Түсінде бол­ғандықтан да адам бұл жайттың қалай басталып, қай жерде болғанын есіне түсіре ал­майды. Яғни адамға берілген аян уақыт өте келе орындалып жа­тады. Ра­сында да, бұл шын­дыққа сая­тын секілді. Алда айтылатын бол­жамдардың ішінде шындыққа жақыны да осы секілді.
Шындыққа саятын тағы бір пікір бар. Американың бір тұр­ғыны отбасымен Вайоминг шта­тындағы Ларами қамалына бар­ған. Ол бұл мекенге бірінші рет ат басын тірегенімен, ол жер­дегі әрбір бұрылыстар мен таулы қыраттар оған таныс болып шық­қан. Тіпті, ондағы ғима­рат­тың бөл­мелерінің есіктерінің қайда және қалай орналасқанын алдын ала болжап айтып берген. Неге олай болып жатқанын түсінбеген ол, мұның сырын кейін ұққан. Сөйтсе, оқыған бір романның же­лісі дәл сол қамалдан бастау алып­ты. Яғни адам кейде естіген, оқыған дү­ниесін сюжетке айнал­дырып, соның негізінде дежавю күйіне ұшырауы мүмкін екен.
Ал ертеректе өмір сүрген ға­лымдар болса, бұл құбылысты «адамның ғажайып күйі» деп түсіндірген. ХІХ ғасырдың ая­ғында өмір сүрген неміс ғалымы Зигмунд Фрейд «Қалыпты өмір­дің психопотологиясы» деген еңбегінде бұл құбылысты адам санасының қалауынан туған «тылсым әрі ғажайып күй» деп бағалаған. Ал оның шәкірті Карл Густав Юнг болса, адам екі өл­шем­де өмір сүреді деп сенген. Яғни адам өмір сүріп жатқан бір кеңістікте екі түрлі өмір бар деп тұжырымдаған ол, дежавюдің сырын осы мәселемен байланыс­тырған. Ол, тіпті, адам рухының денеден денеге көшіп отыраты­нына күмән келтірмеген. Пси­хиатр өзін ХVIII ғасырда өмір сүр­генін, ол кезде дәрігер болға­нын айтқан.
Ал енді біреулер адам миында роботтардағы секілді бір бағдар­лама жазылып қойған деп тұ­жы­рымдайды. Кей тұстарда ми сол бағдарламаның бір-екі секундтық жазбасын тез сырғытып жіберіп, адамды осындай дел-сал жағдайға ұшыратады. Адам миы қатты шар­шағанда да осындай жағдай қай­талануы мүмкін. Яғни ми кәдімгі компьютер секілді. Әбден қажығанда адамға қисынсыз оқиғалардың суретін көрсетуі мүмкін. Бірақ амери­калық физиолог Ульям Х.Берн­хам бұл пікірге қарсы уәж айтқан. Ол дежавю әсерін адам миының күнделікті күйбең тірліктің проб­лемаларынан айығып, тынық­қан кезінде болатынын айтқан. Мұн­дай кездерде жақ­сы жұмыс істеп, болған оқиғаны тез қорытып қана қоймай, ертеректе сақталған сюжеттерді тез «ақ­та­рып», соны көз алды­мыз­ға беруі мүмкін. Бірақ бұл сон­да да алдын ала болуы мүмкін жайт­тардың санада қалай жат­талып қалғанын түсіндіре алмай­тын секілді.
Мамандардың бір тобы мұны генмен байланыстырады. Яғни сонау ата-бабамыз басынан өт­кер­ген оқиға адамның генінде сақ­талып қалады. Және ол күн­дердің бір күні оның ұрпағының көз алдында қылаң беруі мүм­кін.
Медицинада бұл құбылысқа адамның психикалық ауытқуы деп те қарайды. Өйткені дежавю әсерін эпилепсиямен ауыратын адамдар көбірек бастан кешіретін көрінеді. Талма ауруымен ауы­ра­тын адамдардың психо­логиясын зерттеген австриялық дәрігер Йозеф Шпат дежавю әсері ке­зінде адам миының ақпаратты қабылдау нүктесі - гиппокамп уа­қытша тоқтап қалатынын анық­таған. Биолог Судзуми То­негава да осы болжамды растаған. Гиппокамп нүктесі жұмыс іс­темей қалған қас-қағым сәтте, адам миы санаға түрлі жалған ақпараттарды шығарып жібереді. Ал ресейлік ғалым Александр Тигановтың тұжырымдауынша, есте сақтау қабілетінің нашар­лауынан немесе психо­пато­ло­гиялық ауытқулардың әсерінен адам осындай күйге ұшырайды. Дәрігер мұндай жайттарға жиі ұшырайтын жандар мамандардың тексерілуінен өтуін ескертеді. Өйт­кені бұл өсе келе, амнезияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін.
Бұл күй туралы Джек Лондон, Конан Дойл, Клиффорд Саймак сынды жазушылар да өз кітапта­рында атап өткен. Бірақ байқаға­нымыздай ешбірі де оң нәтиже шығара алмаған.

Соңғы жаңалықтар