Адамның жүрегінен шыққан бір ауыз сөздің өзі бата болуы мүмкін — Нұрлан имам
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ қоғамында бата беру дәстүрінің мәні ерекше. Алайда оны жаттанды сөзге немесе сахналық көрініске айналдырмай, шынайы ниетпен айту қажет. Бұл туралы имам Нұрлан Байжігітұлы «BIZDIN ORTA» подкастында айтты.
— Батаны үйде беру керек. Мен өзім жиі айтып жүрмін: некелескен кезде батаны әкесі, ата-анасы берсін. Қазақ болмысындағы ұлы персонаждардың бірі — Қыдыр ата. Шариғатта Қыдыр ата деген түсінік жоқ. Бірақ қазақ болмысында ол ұрпақ тәрбиесіне қатысты үлкен мәнге ие. Бір адам Қыдыр атадан баласына бата беруін сұрағанда, ол «батаны әкесі береді, мен «әмин» деп айтамын» деген екен. Бұл біздің болмысымызды көрсетеді, — деді Нұрлан Байжігітұлы.
Имам батаның міндетті түрде ұзақ, ұйқасты немесе музыкалық сүйемелдеумен айтылуы шарт емес екенін атап өтті.
— Бата қысқа-нұсқа, жүректен шыққан, дұға мен тілектің қасиетін бойына жинаған сөз болуы керек. Оны ақындарға жаздырудың қажеті жоқ. Адамның жүрегінен шыққан бір ауыз сөздің өзі бата болуы мүмкін Адамның жүрегінен шыққан бір ауыз сөздің өзі бата болуы мүмкін. Батаны шоуға айналдырудың керегі жоқ, — деді ол.
Нұрлан Байжігітұлының айтуынша, баталы адам болу үшін келінмен салғыласпаған, баламен жағаласпаған, үлкенге құрметсіздік жасамаған, көршіге жүк болмаған адам болу керек. Батаның күші адамның сөзі мен ісінің үйлесімінен көрінеді.
— Сонымен бірге ол бата беру кезінде қазақтың дәстүрлі әдебін сақтауға шақырды. Оның айтуынша, бата беруші адам тұрса, бата алушылар тізерлеп немесе иіліп құрмет көрсеткені жөн. Ал бата беруші отырған жағдайда, бата алушылардың орнынан тұруы — құрмет белгісі.
Подкаст соңында Нұрлан Байжігітұлы бірқатар блиц сұрақтарға қысқа жауап берді.
— Үлкен той ма, шағын той ма?
— Орта той.
— Несиеге той жасауға бола ма?
— Жағдайға қарай.
— Тойда билеуге бола ма?
— Болады.
— Торттың алғашқы бөлігі анаға ма, жарға ма?
— Жарға.
— Баланы жазалауға бола ма?
— Қаталдық пен қатыгездікті ажырата алған адам болса, болады.
— Ұл мен қызды бірдей тәрбиелеу керек пе?
— Кейбір мәселеде бірдей, кейбірінде бөлек.
— Отбасында соңғы сөзді кім айтуы керек?
— Сөзі ең соңында өтетін адам.
— Балаға смартфонды неше жастан берген дұрыс?
— Ата-ана қадағалай алатын кезде берген дұрыс.
— TikTok пен Instagram-нан дін үйренуге бола ма?
— Ақпарат алуға болады, бірақ дін үйренуге болмайды.
— Қазіргі қазақ қоғамында ең жетіспей тұрған не?
— Бірлік.
Бұған дейін діни қауым әдеп пен білімді қатар дәріптеудің маңызын айтты.