Адамзат интернеттен жалығып, қағаз кітапқа қайтып оралады - ҚР жазушылар одағының төрағасы

None
Фото: kazislam.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Осыдан 89 жыл бұрын қазақ жазушыларының бірінші құрылтайында қазығын қағып, шаңырағын көтерген Жазушылар одағы бүгінде руханияттың орталығына айналған. Бір ғасырға жуық уақытта қазақ қаламгерлерінің мұң-мұқтажын жоқтап қана қоймай, үлкен қоғамдық ұйымға айналған одақ туралы ҚР жазушылар одағы басқармасының қазіргі төрағасы, қаламгер-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов ой бөлісті.

- Мереке Әбдешұлы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланғаныңызға көп бола қойған жоқ, деседе қандай жұмыстар атқарылды?

- Үш айдың ішінде біраз жұмысты қолға алдық. Ең бастысы, Мемлекет басшысының Түркістанда өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзін, қазіргі идеологиямыздың бастауы деп есептейміз. Соған байланысты жұмыс істеп жатырмыз. Мен Президенттің «кітап оқитын халық қана нағыз зиялы бола алады», деген пікіріне толық қосыламын. Сондықтан жас ұрпаққа көркем әдебиетті ұқтыруға, көркем әдебиетті оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді саламыз. «Мектеп кітапханасы» деген үлкен бағдарлама басталайын деп жатыр. Қазір Жазушылар одағы аталған бағдарламаны жүзеге асыруға өз үлесін қосуда. «Мектеп кітапханасына» қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын 700-ден астам кітаптың тізімін жасап жатырмыз.

- Ғасырға жуық тарихы бар Жазушылар одағы мен ақын-жазушылардың қоғамдағы рөлі, миссиясы қандай?

- Қазақстанның қоғамдық өміріне қазақ жазушылары түгелдей атсалысуы керек. Қазір өңірлердегі филиалдармен осыны ойластырып жатырмыз. Келесі жылдан бастап стратегиялық әріптес ретінде Мәдениет министрлігімен тығыз жұмыс жасаймыз. Оның ішінде Қазақстан жазушылар форумы болады. Осының аясында қаламгерлер ауылдарға шығып, шалғайда жатқан елді аралап, халықтың жағдайымен танысып қайтады. Сондай-ақ өздерінің болашақ кейіпкерлерін табуға мүмкіндік туады. Осындай шаруаны қолға алып жатқан жайымыз бар. Бұдан бөлек, жас таланттарды табу үшін одақ жанынан әдеби курс ашамыз. Онда бізідің мықты, классик жазушыларымыз лекция оқитын болады. Жалпы, қазіргі әдебиет қайда бара жатыр, қай жанр мықты деген мәселелерді көтереміз.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысыңызды қолдайтынын айтты, бұл мәселені қай кезде көтеріп едіңіз?

- 31 мамыр күні Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Сол кезде «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтару мәселесін айтқан едім. Мұндай атақты біздің 39 жазушымыз алған. Соны қалпына келтіріп жатырмыз. Бұл Жазушылар одағының жұмысына жаңа серпін беретініне сенімдімін. «Қазақстанның халық жазушысы» деген атақ қазақ әдебиетін дамытуға әбден еңбегі сіңген, шығармалары мойындалған қаламгерлерге тапсырылатын ең жоғары деңгейдегі марапат болуы керек. Оған кез келген ақын-жазушының туындысын ұсынуға болмайды. Бұл жоғары баға өзекті, қызықты, танымал туындылар жасаған авторларға ғана беріледі. Құдай қаласа, Республика күні Президентіміз бірқатар жазушыға осы атақты береді.

- Сөзіңізге қарағанда, «Қазақстанның халық жазушысы» деген атақ жастарға берілмейтін сияқты?

- Дұрыс айтасыз, жастарға мұндай атақ берілмейді. Өйткені, бұл - қазақ әдебиетіне еңбегі әбден сіңген, дамуына елеулі үлес қосқан қаламгерге берілетін мәртебе. Десекте, жасы елуден асқан жазушы үміткер бола алады. Елімізде биыл тұңғыш рет дарынды жастарға мемлекеттік қолдау көрсету, ақын-жазушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында Президенттік арнаулы әдеби сыйлық табысталады. Қазір соны іріктеп жатырмыз. Жеңімпазға ақшалай сыйақы және «Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағы, диплом және төсбелгі беріледі. Әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер үміткер бола алады. Бізде талантты жас жазушылар көбейді, бұл - қуанарлық жәйт.

- Қазір жазушылар арасында жаңа жанр қалыптастырып жатқан қаламгерлер бар ма?

- Құдайға шүкір! Қазір жазушылар көп. Өте қызықты және заманауи жанрға барып жатқан жазушылар бар. Бұрынғы классик жазушыларымыз да жетерлік. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ әдебиеті жақында биікке көтеріледі. Тың шығармалар туады. Оған мемлекет жағдай жасап отыр.

- Кітап жазу мен басып шығару - ең күрделі жұмыстардың бірі. Бізде кітап шығару мәселесі қалай?

- Бізде жыл сайын мемлекет тарапынан жүздеген кітап басылып шығып жатыр. Мысалы, Сіздің 20 баспадағы кітабыңыз болса, оны Мәдениет министрлігі 5 млн теңгеге сатып алады. Бірақ, оның құқығы бес жылдай министрліктің құзырында болады. Ол кітапханаларға тарайды. Талантты дүние болса, ол жерде қалмайды. Оның басылып шығуына мемлекет, меценат, әкімдік көмектесе ме? Айырмашылық жоқ. Әйтеуір, ол шығарма шығады. Оның басы–қасында Қазақстан Жазушылар одағы тұр. Өзінің талантты адамдарын далаға тастамайды, бәрінің шығармасын шығаруға тырысады. Негізі кітаптар жабық рецензиядан, талқылаудан өткеннен кейін ғана басылып шығуы керек. Жазушылар одағы осы мәселені де қалпына келтірмекші.

- Мемлекет басшысының қабылдауында болғанда, «Мәдениет туралы» заңға қазақ жазушыларының шығармаларын басып шығаруға және кеңінен таратуға септігін тигізетін арнаулы нормалар енгізу керек деген ұсыныс айттыңыз. Осыны тарқатып айтып берсеңіз?

- «Мәдениет туралы» заңда жазушы, баспагер, автор туралы бір ауыз сөз жоқ. Мен Президенткке соны айттым. Бізде төрт нәрсе бар: Жазушы, баспа, таралым және насихат. Жоғарыда аталған заңға толықтырулар енгізілетін болды. Сол заңға сәйкес, елде көркем шығарма жазатын жазушылардың дүниесі одақ арқылы өтуі керек. Жазушылар одағында отырғандар төрелік айтуы керек. Сол төрелік, барлық баспаға жетуі тиіс. Ішінде іліп алар дүниесі жоқ кітапты шығаруға тыйым салынады.

- Кітаптың сыртқы мұқабасы оқырманға әсер ете ме?

- Әрине, ол да үстіңізге киген киім сияқты. Кітаптың сырты әдемі болса, тартымды, дизайны керемет болса, оқырман бірінші сол кітапты алады. Кез келген кітап көз тартып тұруы керек. Кез келген кітап бірдеңені айтып тұруы тиіс. Кітап мұқабасын дайындайтын талантты дизайнерлер мен суретшілер жетерлік. Қазір Қазақстанда шығатын кітаптардың деңгейі, әлемдік кітаптардан кем емес. Тіпті, кейде артық та болып жатады.

- Аударма — әдебиеттің маңызды саласы. Десекте, аударма кітаптардың көпшілігінің сапасы төмен, тілі нашар, мағынасы бұрмаланып жатады оның себебі неде деп ойлайсыз?

- Аударма - өте қиын мәселе. Мен өзім оған қатты күмәнмен қараймын. Мысалы, менің кітабымды испан тіліне аударса, мен оның қандай дәрежеде аударылғанын қайдан білемін? Біздің бір белгілі жазушымыз аударылған кітабын испандарға оқытып көріпті, сөйтсе, ол испан тілі емес екен.

- Сіз айтып отырған жазушы, қателеспесем, Смағұл Елубай. Сол кісінің «Ақбоз үй» романы испан тіліне аударылған. Қуанышы су сепкендей басылған Смағұл Елубай «аудармашы автордың обалына қалмауы керек. Ол үшін әдеби агент жүйесін іске қосу қажет», деген пікір айтқан еді...

- Көрдіңіз бе? Бұл өте күрделі дүние. Әр тілдің тасымалдаушысы болады. Сондай белгілі адам аудармаса, басқа елде ол кітаптың тағдыры қиын болады. Ешкім оқымайды. Сапалы аударылмаса, ол шығарманың сапасы 40 пайызға төмендеп кетеді. Біздің мақсатымыз болашақта әлемдегі ең мықты алты тілдің бәрінде өзінің туған тілінде сөйлей алатын аудармашыларды дайындау. Алдағы 10-15 жылда мықты аудармашылар шығады деп ойлаймын.

- Бұрындары классик жазушыларымыздың шығармасының желісімен көркем фильмдер түсіріліп жататын, қазір қалай? Әдебиет кино және театр саласының байланысы туралы айтып берсеңіз.

- Театр да, кино да әдебиетсіз шыға алмайды. Сондықтан байланыс үзілген емес. Біздің мықты-мықты жазушылармыздың шығармалары экрандалып жатыр. Мысалы, Әбіш Кекілбаевтың повесімен түсірілген «Шыңырау» фильмін айтуға болады. «Ақбоз үй» атты тарихи фильм көрерменге жол тартты. Кинотуынды жазушы Смағұл Елубай жазған трилогия желісімен түсірілген. Қазақтың белгілі тұлғалары туралы сериалдар шығып жатыр. Бұл өте жақсы.

- Қазір қоғамда «Интернет әдеби ортаны жаулап алды», деген пікір де қалыптасты. Сіз қалай ойлайсыз?

- Кітап оқу- талант. Кітапты талантсыз адам оқи алмайды. Кітапты тану, жазушының жазғанын қабылдау, оның ішіндегі кейіпкерлерді білу талантты оқырманның ғана қолынан келеді. Кезінде «телеарналарды кіптаптың жауы», дейтін едік. Енді, интернет келді. Бұл - адамзаттың трагедиясы. Біз технологияны дамытқан сайын, өзіміздің жан–дүниемізді жалаңаштап жатырмыз. Телефонға байланған адамның ой-өрісі дамымайды, сезімге беріле алмайды. Ол адам ақпараттық дүниенің айналасында ғана қалып қояды. Бұл - енді әлемдік трагедия. Алайда, адам интернеттен де жалығады. Күндердің күнінде адамзат қағаз кітапқа қайтып оралады. Қайта қауышатын шығармыз.

- Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің қазіргі саны қанша?

- Жалпы Қазақстан бойынша 982 мүше бар. Қазір Жазушылар одағы мүшелігіне 400-ге жуық өтініш түсті.

- Жазушылар одағына мүше болу үшін қандай талаптар бар?

- Жазушылар одағына мүше болудың өзіндік критерийлері бар. Одаққа мүше болу үшін жазушының таланты болу керек, кем дегенде екі кітабы жарық көруі қажет. Ол кітабы танымал болса, үш белгілі үлкен жазушы мінездеме беруі керек. Келіп түскен өтінішті біздің қабылдау комиссиясы қарайды. Комиссия құрамына 20-ға жуық тәжірибелі, қаламгер кіреді. Сол кісілердің қарауымен одаққа мүше бола алады. Қалай болғанда да одаққа тек таланттылар өтуі керек. Өйткені, Жазушылар одағының мүшесі деген үлкен мәртебе. Біз осы беделдің өзін түсіріп алдық.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар