Адамзаттың тіршілігіне тыныс сыйлаған өкпенің құпиясы

Ал, осылай адамзаттың тіршілігіне тыныс сыйлаған өкпенің өзіндік құпиясы да жоқ емес. Адам ана құрсағында жетілу кезінде өкпе қабысып жатады, оның ішінде ешқандай да ауа болмайды. Қайта ол суға толып тұрады. Міне бұл дәрігерлердің көп айтатын «өкпе сұйықтығы». Адам туылғаннан кейін мүлде бейімделмеген жаңа ортаға тап болады. Осы барыста ең алдымен сол өкпе сұйықтығын сөзсіз толық ығыстырып шығару керек. Әйтпегенде, өкпеге ауа кірмейді. Сонымен бірге қабысып жатқан өкпені ашу үшін бөбек өздігінен ауа сорып тыныстауы да қажет. Алайда шақалақ нәресте өзінің туылғанын, енді сөзсіз тыныстауы керек екенін қалай біледі? Алғашқы тыныстау барысы қалай орындалады.
Медицина мамандары тәжірибе арқылы нәрестенің өкпесіндегі судың мөлшері аз емес, 60-70 мл., тіптен 100-200 мл. болатындығын анықтады. Алайда, бала туыла салып, тек бір рет ауа сорып, тыныс алғаннан кейін, бұл су бүкілдей жоқ болып кетеді екен. Осылайша өкпедегі сұйықтықтың бірсәтте ізім-ғайым сарқылуы медицина мамандарының да таңданысын тудырды. Сондықтан бұл үрдіс ғалымдардың үздіксіз зерттеу тақырыбына айналған.
Ғалымдар зерттеу арқылы, бала алғаш тыныс алған кезде көп күш жұмсайтындығын, сіміру күші зор болса, өкпеге кіретін ауаның мөлшері де көп болатындығын және жалғасты терең тыныстаса өкпе көпіршігіндегі су жоғары қарай ығысып, өкпедегі лимфа түтікшелері оны дереу сіміріп алатындығын анықтайды. Нәресте бірнеше рет тыныс алғаннан кейін, өкпе судан толық тазаратындығын дәлелдеді.
Әйтседе бала туыла салғанда өкпедегі тыныс алу үрдісін бастауға қандай күш қозғау салады? Көптеген медицина мамандары бұл суықтың тітіркендіру әсері деп қарайды. Нәресте туылып, жылы, жайлы ана құрсағынан шығып, мұздай суық ортаға тап болады, суықтың әсерінен үлкен мидағы өкпенің тыныс алу қызметін басқаратын нервтер оянып, бала тыныс ала бастайды дейді. Мұны дәлелдеу үшін, ғалымдар қойға тәжірибе жасаған. Олар саулық қойдың ішінен толық жетілмеген қозыны жарып алып, оны суық суға салады, осы кезде тыныс алуды мүлде білмейтін қозы, тыныс ала бастайды. Зерттеушілер суың температурасын қайтадан біртіндеп жоғарлатып, Суды 40°С ысытқан уақытта қозының тыныс алуы тоқтап қалған. Міне бұдан жетілмеген қозының тыныс алуына себепші болған нәрсенің суық орта екенін білуге болады.
Бірақ, тағы бір бөлім мамандар бұл барысқа адамның тосын жағдайға тап болып, үрейленген сәтінде, еріксіз терең тыныстап суық ауа сіміретіндігі себеп болып отыр деп те қарайды. Нәрестенің туылуы, олар үшін алғанда тосын өзгеріс, бұл өзгеріс баланы шошындырып терең тыныстауына әкеледі. Міне бұл тыныс алудың бастамасы, осыдан кейін тыныс алу тоқтаусыз жалғасады дейді.
Сол сияқты ғылыми уәждердің енді бір байламды көзқарасы, нәресте туылғаннан кейін, бұрын анасы қамдап келген оттегі жоқ болады, осыдан кейін нәресте денесіндегі оттегі өте кемшіл болып, жарақсыз газдар ығыстырылмай дене ішінде жиналып қалады. Ендігі жерде үлкен ми оттегі жетіспеу және жарақсыз газадардың жиналуы сынды қос реакцияның ықпалында тыныс алуды арнаулы басқаратын нервтерді оятып, өкпеге бұйрық бергізіп, тыныс ала бастайды. Қортып айтқанда осы ғылыми тұжырымдардың барлығыда толық дәлелімен басқаларды мойындата алған жоқ. Қарсы пікірлер де көп. Қазіргі күні медицина саласының білікті ғалымдары әліде болса осы бір адамзаттың алғаш тыныс алуының түпкілікті себебін табу жолында үздіксіз іздену үстінде.
Ал, жалпы адамзаттың тыныс алу барысы және басты ерекшеліктері төмендегідей. Атмосфералық ауа (тыныс алғанда) құрамында 21% оттегі және 3% көмірқышқыл газы болады. Өкпе арқылы (тыныс шығарғанда) өткен ауа құрамында 16% оттегі және 4% көмір қышқылы қалады. Ауадағы азот мөлшері өзгермейді (74%). Ауаның мөлшері адамның салмағына және бойына байланысты, бойы ұзын және салмақты болса, соғұрлым көп ауа өтеді. Ересек адамға қарағанда балаға ауа көбірек қажет. 2-3 жастағы баланың өкпесі арқылы 5-6 л., кейде 7 л. ауа өтеді, бұл баланың дем алу ерекшелігіне жатады, сондықтан баланың денесінен бу ретінде су көптеп шығып, тершең болады.
Кеуде қуысын кеңейту тәсіліне қарай дем алудің екі түрі бар: Бірінші, қабырғаларды көтеріп кеуде қуысын кеңейту арқылы дем алу - кеудемен дем алу (жас сәби мен әйел адамдар дем алысы) деп аталады. Екінші, диафрагманың көмегімен кеуде қуысын кеңейту арқылы дем алу - ішпен дем алу (ер адамдардың тыныс алуы) деп аталады.
Тыныс алу мүшелерінің физиологиялық көрсеткіштеріне дене еңбегі мен спорт әсер етеді. Өкпенің тіршілік сыйымдылығы (ӨТС) штангистерде - 4 л.,футболшыларда - 4, 2 л., боксерлерде - 4, 8 л., қайықшыларда - 5, 5 л. Тыныс алу жиілігі спортшыларда минутына 6-8 рет, ал жаттықпаған адамдарда - 14-20 рет. Спортпен шұғылданатын адамдардың тынысы терең болады. Бұл ағзаның үнемді қызмет етуінің белгісі. Терең дем шығарғанда олардың сыртқа айдалған ауасының құрамындағы көмір қышқыл газы 2 есе көп болады. Мұндай терең дем алу жүрекке «массаж» жасайды да, оның қоректенуін және физиологиялық қалпын жақсартады. Тыныс алу мүшелерін жаттықтыру, шынықтыру балалар мен жастардың тыныс мүшелері арқылы пайда болатын ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Ауасы таза бөлмеде ұйықтау, бөлмелерді желдету, таза ауада серуендеу, жеңіл, денені қыспайтын, қимыл-қозғалысқа кедергі келтірмейтін киіммен жүру т.б барлығы да еркін, жайлы тыныс алуымызға, сол арқылы денсаулығымызды мығым етуімізге көмектеседі.
Бақытжол Кәкеш