Адай жылқысы - қазақтың бағзы тарихынан қалған табиғи таза тек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сан ғасыр бұрын қолға үйретіліп, адамзат баласы қажетіне жаратқан жылқы түлігі - көшпенділердің ең қасиетті малы. Номадтарды жүйрік тұлпарсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғым болып кеткелі қашан?!
None
None

Тарих беттеріне үңілсеңіз, көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те атаған. Себебі, ұлан-ғайыр даланы мекен еткен ұлы тұрғындардың тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысты болған.

Бабадан жеткен «Ер қанаты - ат» деген мәтелдің өзі осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін де орны ерекше екеніне дәлел бола алады. Жылқы - қазақтың ұлттық сана-сезімі мен рухани болмысының тұтас бір айырылмас бөлігі.

Қазақ - ат десе ішкен асын жерге қоятын халық. Жылқының дүбіріне елітпейтін қазақ кемде-кем. Тіпті, арғы ата-бабаларымыз «темір тұлпар» болмаған баяғы заманда Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын осы ат көлігімен жалғады.

Бұл туралы айта берсек, бір емес, бірнеше том кітапқа сыйдыра алмасымыз анық. Кешегі Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, Қабанбайдың Қубасы, Ер Жәнібектің Көк дөнені, Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы сияқты есімдері аңызға айналған аттардың әрқайсысы бір-бір кітапқа лайық.

Ал бүгінгі таңда осындай әңгімелерге арқау болатын жүйрік тұлпарлар жоқтың қасы деуге болады. Кешегі, күнді күнге жалғап ентікпей шабатын қазақ жылқыларының тұқымдары құрып, оның орнын өзге елден әкелінген жылқылар басып барады.

Десе де, соңғы жылдары қазақ топырағынан шыққан Адай жылқылары әлемдік ареналарда алдына қара салмай, ел назарын өзіне аудара бастады. Бүгін осы Адай жылқысы туралы аздап әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

Адай жылқысы беріде пайда болған немесе мамандардың әртүрлі қыл­құйрықтарды өзара будандас­тыру арқылы ет пен сүт бағы­тында «қолдан жасаған» жыл­қы тұқымы емес екен. Ол - тағдыры мен тұрмыс-тіршілігі жылқы түлігі­мен тамырлас қазақтың байтақ даласында сақталған қылқұйрықтың бір түрі. Халқымыздың бағзы тарихынан қалған табиғи таза тек. Адай жылқысының бойы биік, өзі сұлу, мойыны ұзындау, шоқтығы да би­ік, арқасы мен сауыры ұзын әрі салыңқы, етсіз аяғы жуан, құй­ма тұяқты болып келеді.

Адай жылқысын кезінде орыс ғалым­дары да зерттеген екен. Я. Пол­феров­, Г.­Си­зо­нов, Ю.­­Бар­минцев сияқты ғалымдар қазақ жылқысына ерекше қызығушылық танытыпты. Алғаш­қысы 1899 жылы Ре­сейдің «Конезаводство» журналында «Луч­­шие породы киргизской лощади - Адай» атты мақала жариялап, қазақ жылқысының атын әлемге танытуға алғашқы қа­дам жасаса, соңғысы: «Адай жылқылары қазақ жылқы­лары­ның басқа тектерімен салыс­тырғанда ең ірі тұқымдарының бірі болып табылады», деп бағалаған екен.

Ал қазақстандық ға­лым­дар - А.Иманғалиев «Адай жыл­қысы» кітабын жарыққа шы­ғарса, М.Нұрышевтың монографиясы ака­демик И.­Не­чаевтің ықы­ла­сына ие болады. Маң­ғыстау облысында біраз жыл осы салада басшылық қызметте бол­ған Сәбит Әбішев есімді азамат Адай жылқысын таны­туға, зерттеуге біраз тер төгеді.

Сәбит Әбішевтің зерттеуіне сүйенсек, орыс ғалымдарының қазақтың бұл жылқысына аңса­ры аууы әріден басталғанын айтады.

Бүгінде Адай жылқысының тұқымы Орынбор, Қазақ­стан­ның Торғай өңіріне және батыс бөлігіне кең таралған. Кезінде Адай жылқыларын әскери бағытқа бейім­деп өсіру үшін Торғайдан 3 зауыт ашып, оған Маңғыстаудан біраз жылқы кетеді. Сондай-ақ төрт түлік малы Маңғыстау даласына сыймаған ірі байлар өзге аймақтарға жайыла қоныс тебеді. Кезінде, Қалнияз Жұбан деген бай 10-15 мың Адай тұқым­ды жылқымен қыста Жем бойын жайлап, одан әрі Торғай бетіне өтсе, енді бір байлар Жем, Сағыз, Қобда, Жайықтың бергі сағала­ры, Жайықтан әрі өтіп Еділге қарай 10 мыңға жуық жылқымен кетеді екен. Маң­ғыстау бетінен таңдап жиған Адай тұқымды 10 мың жылқымен Пірәлі ханның, сонымен қатар, осынша жылқы­ны алдына салып Әбілқайыр хан­ның балдызы Мырзатай ба­тырдың, 5000 отбасымен қыруар жылқы айдап Сүйіндік руының Орал өңіріне баруы туралы деректер бар. Айтулы байлар батыс өңірді жайыла қоныс еткен 1868-1870 жылдары олармен бірге Адай жыл­қысының 47 пайызы кетеді де, қалған бөлігі Маң­ғыстауда қа­лады екен. Қазіргі әлемдік додаларда қазақ­тың атын шығарып, олжа салып жүрген жүйіріктер - осы қалған жарты бөліктің тұқымдары көрінеді.

Адай жылқысы туралы осыған дейін танылмай келді. Соңғы жылдары әлемдік ареналарда оза шауып жүлде ала бастағаннан кейін барып, ел назары қайта ауа бастады. Соңғы кездері Адай жылқылары Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп, айтулы жарыстардан алтынмен оралып жүр.

Міне, осындай өзімізде бар керемет асыл тұқымды жылқыларымызды біреу білсе, біреу біле бермейді. Болашақта Бүкіл дүниежүзіне белгілі ағылшын мен араб жылқыларының деңгейіне Адай жылқысы да көтеріледі деген үмітіміз бар. Тарихи-мәдени ескерткіштер сияқты Адай жылқысы да бабадан бізге жеткен асыл мұра. Сондықтан атқұмар азаматтарға шетелден араб, ағылшын жылқыларын елге тасығанша, өз еліміздегі, өз қорамыздағы Адай жылқысын өсіруге, тұқымын асылдандыруға күш салса екен дейміз.

Күнсұлтан Отарбай

Соңғы жаңалықтар