Әдебиетімізді шетелге елшілер арқылы да насихаттауымыз керек - Қазақ ПЕН-клубының мүшесі, жазушы С. Елубай

Сонымен қатар «pen» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қаламсап» деген мағына береді. Ұйым атауы ағылшындық жазушы Кэтрин Эми Доусон-Скоттқа тиесілі. 1923 жылы Лондонда ПЕН-клубтың алғашқы халықаралық конгресі өтті. Сол уақытта ПЕН-орталық әлемнің 11 елінде бар болатын. Бүгінгі таңда олар әлемнің 140 елінде, оның ішінде Қазақстанда да бар. Атаулы күнге орай Қазақ ПЕН-клубының мүшесі, жазушы Смағұл Елубайды әңгімеге тартқан едік.
- Смағұл аға, қазақстандық ПЕН-клуб қашан құрылды, қазір қанша мүшесі бар? Осы орталық Халықаралық ПЕН-клубтың Қазақ бөлімшесі болып есептеле ме?
- Халықаралық ПЕН-клубы жазушылар ұйымы 1921 жылы ағылшын жазушысы Джон Голсуорси құрған халықаралық ұйым. Бұл ұйым сол кезден бастап осы уақытқа дейін өз қызметін үздіксіз жүргізіп келеді. Оған қазірдің өзінде 120 елдің жазушылары мүше. Жыл сайын әлем елдерінің бірінің астанасында осы ПЕН-клубтың конгресі өтеді. Аталған шараға 10 жылдан астам уақыт ішінде қазақ жазушылары да үздіксіз қатысып келеді. Сол конгресте әр елден келген жазушыларға сөз беріледі. Олар онда өз елдерінің әдебиеті туралы, аударма ісі туралы, тілі туралы сөз сөйлеуге құқы бар. Қазақ ПЕН-клубы аталған халықаралық ұйымның бір бөлімшесі болып 1995 жылы құрылды. Қазіргі таңда ұйымға елу жазушы мүше. Олардың қатарында Ә.Кекілбайұлы, О.Сүлейменов, Қ.Мырза-Әлі, Ф.Оңғарсынова, Г.Бельгер, Д.Исабек, Т.Әбдік сияқты қазақтың танымал ақын-жазушылары бар. Қазақ ПЕН клубының президенті, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Бірақ кейбіреулер айтып жүргендей, ол жақтан ешкім айлық алып отырған жоқ. Айлық алмақ тұрмақ, керісінше бұл ПЕН-клубқа 50 қаламгердің атынан Қазақ ПЕН-клубы жыл сайын жарна төлеп тұрады. Әр елден жиналған осы жарнамен Лондондағы орталық кеңсе жұмыс істейді. Ал олардан ешқандай материалдық көмек жоқ, тек қана жыл сайын өтетін конгресіне шақырады. Онда да өз қаражатыңмен барасың. Өткен жылы аты әлемге кеңінен танымал жазушы, 1982 жылы Нобель сыйлығын алған «Жүз жылдық жалғыздық» романының авторы Габриель Гарсиа Маркестің елі Колумбия мемлекетінде өткен болатын. Осы жылы да шақыру күтіп отырмыз. Биыл Еуропаның бір қаласында өтеді деп жоспарланған.
- Қазақстандық ПЕН-клубқа кез-келген жазушы мүше бола ала ма, жоқ әлде мүше болу үшін жазушы белгілі бір талап үдесіне сай болуы тиіс пе?
- Қазақ ПЕН-клубына мүше болу үшін қалам ұстаған, белсенді, көрнекті жазушы болу керек. Мүшелікке үміткер қаламгердің кандидатурасын ұйымның бес адамнан тұратын атқарушы органы қарап, шешім шығарады және оны төрағаның қолдауы қажет. Жоғарыда атап өткендей, қазіргі кезде қатарымызда елу жазушы бар. Осымен тоқтап тұрмыз. Әрине, бұл осыдан кейін қатарымыз көбеймейді деген сөз емес. Жылына 1-2 мүше алып отырамыз. Бір өкінішті жағдай, мынау нарық дағдарысы қоғамдық ұйым болғаннан кейін бізге сәл ертерек жетті. Сондықтан Алматы төріндегі кеңсемізді жалға беруге мәжбүр болдық. Түскен қаражат қаламгерлердің жылдық жарнасын төлеуге жетеді. Ал Үкімет тарапынан да, Лондондағы ПЕН-клуб тарапынан да ешқандай материалдық жәрдем болмай тұр.
- Халықаралық ПЕН-клубтың 60 елде өз бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін 80 ұлттық орталығы бар екен. Ал Қазақ бөлімшесінің өз бағдарламасы бар ма?
- Ұйым бағдарламасы дегенді өз басым түсінбеймін. Өйткені әрбір жазушының өз бағдарламасы болады. Ол бағдарламаны да жазушы өзі жасамайды, Алладан бұйрық болған кезде шын талант иесі болса жазады. Сондықтан біз жазушылар алдында ешқандай бағдарлама қоймаймыз, қаламгер жоспарлайтын зауыт емес. Тек қана анда-санда бас қосып, баспа бетін көрген шығармаларын елеп-ескеріп, ақпарат құралдарында айтып, кейін жақсы жазылған шығармаға, жазушыға жыл сайын 1-2 бәйге беріп ынталандырылып тұрады. Мысалы, өткен жылы ол Әбіш Кекілбайұлы мен Ресейдің «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша Мұхтар Әуезов туралы кітап шығарған мәскеулік профессор Николай Анастасьевке берілді.
- Қазақстандық ПЕН-клуб қазақ әдебиетінің жауһар туындыларын әлемге таныту, өзге тілдерге аудару ісіне қаншалық атсалысып жатыр?
- Қазақ әдебиетін насихаттау дегенге келетін болсақ, бұл өзі күрмеуі көп күрделі мәселе. Конгрестің мінберін пайдаланып, әлемнің 140 елінен келген жазушылар алдында насихатталады, бірақ бұл аз. Дегенмен, жеке байланыстар арқылы әдебиетті насихаттауға болады. Ол да өзінше жүріп жатқан нәрсе. Бүгінгі күнге дейін қазақ әдебиетін кеңінен насихаттадық деп айту қиын. Өткен жылы біздің отырысымызға орыс, француз жазушылары қатысқан болатын. Сол француз жазушыларының ішінде кино түсіретін мамандар да бар екен. Олар Қазақ ПЕН-клубының президенті, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы деректі фильм түсірді. Аралға барып, жағдайымен танысты. Әбекеңнің кіндік қаны тамған жерін аралап, сұхбаттасты, деректі фильмге материалдар жинады. Деректі фильм қазақ, орыс, француз тілдерінде Қазақстан, Ресей, Франция телеарналарына шығады деп күтіп отырмыз. Әлі ресми таратылған жоқ. Сол фильмде Әбекең қазақ әдебиетінің жай-күйі жайында толымды сөз сөйлейді. Ол да болса насихаттаудың бір түрі деп ойлаймын. Францияда, Ресейде көрсетілсе - ол да шет елдегі қазақ әдебиетінің насихатталуы деп білемін. Дегенмен, әдебиетті насихаттаушы мемлекет болуы керек. Өйткені қазақ әдебиеті тым үлкен, ауқымды. Шетелде кітап шығаруға кез-келген жазушының қауқары жете бермейді. Мынау нарық заманында қандай да бір баспа бұрын сол елге танымал болмаған жазушының шығармасын баспайды. Олар шығынға ұшырамас үшін алғашқы басылымына өзің ақша төлейсің. Сондықтан бұл мәселемен тек қана мемлекет айналысуы қажет. Қазақ әдебиетінің «Абай жолы», «Қан мен тер» сияқты классикалық туындыларын ұлттың байлығы ретінде аударуды, насихаттауды мемлекеттің өзі және әр елде ашқан елшіліктерінің мәдениет атташесі айналысуы тиіс. Басқа мемлекеттерде дәл осындай тәжірибе бар, олар өз әдебиеттерін осылайша насихаттайды, сол елшілікте үлкен кітапханалары жұмыс істейді. Аталған тәжірибені біздің елшілер де пайдаланса жақсы болар еді. Олар көптеген елмен араласады, сондықтан олардың қолына кітапты ұстатып жіберу керек. Ең мықты елші өз халқы туралы жазылған романдармен жете танысып, сол шығарманы насихаттау арқылы халқымызды насихаттайды.
- Халықаралық ұйымның қазақ жазушыларына қандай пайдасы бар?
- Негізінде, шығармашылық одақ нақты пайда келтірмейді. Өйткені олардың қолында биліктің «майлығы» жоқ. Мемлекеттік орган емес, қоғамдық ұйым болғандықтан, оларға мүше болу - әйтеуір адамның басына бір іс түскенде, аталған қоғамдық ұйымның қорғауы, о дүниелік болсаң, әдемілеп шығарып салуы мүмкін. Жалпы, шығармашылық ұйымдарды тарихтың өзі қажеттіліктен тудырған. Нақты айлық бермесе де, байлық бермесе де ол рухани байлығы бар көрнекті тұлғалармен бас қосуға, араласуға, сұхбаттасуға, тәжірибе алмасуға өте ыңғайлы, қажет қоғамдық ұйым деп білемін.
- Рахмет!