Әдебиеттің ұлтқа қызмет атқаратынын ұмытпау қажет - Рита Сұлтанғалиева

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес «100 жаңа есім» жобасына Батыс Қазақстан облысынан ұсынылған адамдардың бірі - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиева. Осыған орай Рита Бекжанқызымен «ҚазАқпарат» тілшісі сұхбаттасқан еді.
None
None

- Рита, ұстаз болуды жастайыңнан армандадың ба? Өз өмір жолыңа тоқтала кетсең?

- «Ұстаз» деген ұлы есімді иелену де - ұлы іс. Нағыз ұстазға шәкірттері береді ғой бұл есімді. «Адамның адамшылығы... жақсы ұстаздан болады» деген Абай атамыз. Адамды адамдыққа тәрбиелейтін мамандық иесі атану да оңай емес деп ойлаймын. Мен нағыз ұстаздардан білім алдым, олардың тәлім-тәрбиесін, тағылымын көрдім. Ұлағатты ұстаздардың мақтан тұтар шәкірті болу бақытына ие болған жандардың бірімін. «Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпайды» деген Боэций сөзін жадымда ұстап келемін. Әлі де ұстаздар алдында мәңгілік шәкіртпіз. Шәкірттерге білгенімізді үйретіп жүріп, өзіміз де үйреніп келеміз. Әкем ұстаз болды. Мұғалім мамандығын өзі таңдатқан жоқ. Балаларының барлығы қалаған мамандықтарын алды. Ол кісі нағыз ұстаз болатын. «Менің қызым өскенде профессор болады» дейтін. Математик деп түсінетінмін ол сөздің мағынасын. Сол кездің өзінде әкем маған үлкен мақсат қойған екен ғой. Кішкентай кезімде қуыршақ ойнағаным есімде жоқ, «мұғалім» болып ойнайық деп бастайтынмын және оқушы болмайтын едім. Өзім білген нәрселерімді сұраймын, білмесе «екі, отыр» деп образға кіріп кететін кездерім есімде. Балалық қой... Бұл мамандықты таңдауыма отбасында әкем үлгі болды. Одан кейін мектепте, университетте білім алған ұстаздарым. Соңғы қоңырау мерекесін ерекше күтетінмін. Мақтау қағазын әкеп, әкеме қуаныш сыйлайтынмын.
Сол салтанатты жиындарда ұстаздар қауымына ерекше тілектер айтылып жататын. Мынадай ұлағатты сөздер саған айтылу үшін, жай мұғалім болу аздық ететіндігін де түсінетінмін. Өзім туып-өскен Сырым ауданындағы Бұлан орта мектебінде, одан кейін қаламыздағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы № 11 мектепте білім алып, сол мектепті үздік бітірдім. Бұл мектеп мен үшін үлкен өмір мектебінің бір бөлігіндей болды. Білім берген ұстаздарым мен тәрбиешілеріме алғысым зор. Үнемі айтып та жүремін. Мектепте 11-сыныпта оқып жүрген кезім. Республикалық «Дарын» орталығына бардық. Ол кезде пән олимпиадасы жеңімпаздарын оқуға жіберетін. Алматыдағы екі үлкен қара шаңырақ Абай атындағы ҚазҰПУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары дәріс оқыды. Ерекше әсермен қайттым.
Осы кезден бастап, Алматыда оқимын деген нақты шешім қабылдадым. Абай атындағы ҚазҰПУ-ға түстім. Университет деген қасиетті орынның табалдырығын аттап, алғашқы дәріске келдім. Ең алғашқы дәріс профессор Серік Мақпырұлының «Әдебиеттануға кіріспе» деген курсынан өтті. Алдыңғы қатарда, ең бірінші партаға жайғасып, ағайдың айтқандарын мұқияттап тыңдап, жазып алдым. Үйден дайындалатын сұрақтарға мықтап әзірленіп келу керек... Сабақ біткен бойда ағайыма бардым. Ұстазым бірден таныды. «Аты-жөнім Сұлтанғалиева Рита. Өткен күзде «Дарын» орталығында болып, «Жазушының шығармашылық зертханасы» тақырыбында дәрісіңізді тыңдағанмын» деп, бастап жатқанмын, «Оралдың қызысың ғой, ұмытқан жоқпын. Жайықтың қыздарының мықтылығын дәлелдейтін бол. Талантты шәкіртім деп мақтанып жүретіндей!» деп жылы қарсы алғанына қатты қуанғаным есімде. Студент кезімде көптеген ғылыми жарыстарға қатыстым. Барлығында ағайым ғылыми жетекшім болды.
Менің жазған шимайымды түзеп, бірақ бір түзейтін, келесіде ол қателіктер орын алмайтындай. Талап та қоя білді. Нағыз ұстаздың талап үдесінен шығу үшін тырысатынмын. Студент кезімде республикалық ғылыми басылым «Ұлт тағылымында» мақалаларымды шығарған. Мүйізі қарағайдай ғалымдардың еңбектері жарияланатын ол кезде. «Ғылымға адал бол» деп отыратын үнемі. Ғылымға ең алғаш жетектеп келген де осы ұстазым. Университет бітіріп, аспирантурада қалдым. Бір мемлекеттік грант бөлінген. Емтихан тапсырып, оқуға түстім. Серік Мақпырұлы ғылыми жетекшім болды. Диссертация тақырыбы бекітілді. Қызу жұмыс та басталып кетті. Ағай маған жүйелі жұмыс жасауды үйретті. Жоспарды құрып, әр бөлімін қашан көрсететінімді бірден айтатын. Жазған нәрсемді тексеріп, ұсыныстарын да жазып кететін. Мазмұны мен ғылымилығымен қатар, стильге үлкен мән беретін. Осындай ретпен жыл жарымда диссертациямды ерте бітіріп, кафедрадан талқылаудан сәтті өттім. Диссертациялық кеңестердің уақытша жабылған кезі. Уақытты жоғалтпай, ағайым мені жетектеп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге алып барды. Қорғаудың жүйесі бойынша қайта емтихан тапсырып, талқылаудан өттік. Алдымен жұмысыммен танысып, одан кейін өзіммен танысқан ұстазым, қазақ ғылымы алыптарының айтулы өкілі, әдебиетші ғалым, нағыз академик Тұрсынбек Кәкішевке сол күннен бастап шәкірт болу бақыты бұйырды.
Ол кісінің орнына кей кезде сабаққа кірген кездерім болды. «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» курсынан беремін, барымды салып, дайындалып баратынмын. Студенттерге қызық шығар, кіп-кішкентай апайдың сабақ бергені, сұрақтарын аямай қоятын, сабақ біткеніне қарамай. Бұл университет қабырғасындағы бір жылда біраз шыңдалдық. Жұлдыз боп келіп, төмен түспеу үшін, білімді болудың аз екенін, еңбекқорлық пен табандылықтың қажет екендігін түсіндім. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қазіргі қазақ әдебиеті кафедрасында ғылыми сараптаудан өттім.
Кафедра меңгерушісі ол кезде университеттегі ұстазым Серік Қирабаев болатын. Ол кісі мен әдебиетші ғалым Н.Ғабдуллин - Серік ағайымның ұстаздары. Әсіресе, Нығмет Ғабдуллин туралы: «Нықаң асылдың сынығы, адамгершіліктің символы ғой», - деп отыратын. Үш бірдей ғылыми мектептен өткенім мен үшін үлкен мақтаныш. 2009 жылы кандидаттық диссертациямды қорғап, туған өлкем Орал қаласына келдім. Осы кезден бастап М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қызметтемін. Оқытушы болып бастап, жаймен өсіп келеміз. «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» деген М. Әуезовтің сөзі әрбір ұстаз жадында жүруі тиіс. Қазақтың Қабдоловы атанған Зейнолла ағайымыздың керемет сөзі бар: «Асылы, жер бетінде университет секілді қастерлі орын сирек. Университет адамдар зердесінде ұшқын атып, жалын шашып, мәңгілік маздап тұрған Прометей оты. Бұл аз. Университет - елдің есеюі». Мұндай қастерлі орында қызмет ету де үлкен жауапкершілік. Ұстаздықпен қатар ғылыми ізденісті де жетілдіріп отыруың қажет. Сол жолда талпыныс жасап келемін. Бұл университет менің білім мен ғылым жолындағы жетістіктерімді жалғастырды. Батыс Қазақстан облысы жастар сыйлығының 2010 жылғы лауреаты, «Үздік жас ғалым» аталымын иелендім алғашқы жылдарда. ҚР Білім және ғылым министрлігінің талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атандым (2010-2012 жж.). 2014 жылғы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының жеңімпазы, 2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Аз да болса осындай табыстарға қол жеткізіп келемін.

Қазіргі заманның университеті қандай болуы керек деп ойлайсың, бұл бағытта сіздердің оқу орныңызда не істелуде, қандай озық технологиялар қолданылуда?

- Өз басым шетелдің біраз университеттерінде болдым. Ресейдің, Түркияның, Еуропаның белді жоғары оқу орындарын көріп, профессор ғалымдардың дәрістерін тыңдап, тәжірибе алмасып жүрмін. Ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өттім. Қазіргі уақытта жұмыс жасаймын деген адамға барлық жағдай бар. Ғылыми жобаларға конкурстар жарияланады, оған көлемді қаражат бөлінеді. Басқа да түрлі гранттар бар. Оған университет ғалымдары қатыса алады. Осындай қаржыландырылған жобалар ғалымдарға үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Мойындау керек, кейінгі кездерде уақыттың тапшылығы ма, өзге де қосымша жұмыстардың көптігі ме, ғылыми жобаларға қатысуға мүмкіндігім болмай жүргені рас. Университет ғалымдары жыл сайын қаржыландырылған ғылыми жобаларға қатысып, нәтижелерін көрсетуде. Бүгінгі университет келбетін ғылым - инновация - өндіріс үштағанынсыз елестету мүмкін емес. Университеттің ғылым саласындағы жетістіктері аз емес. Бүгінгі ғылымды жаратылыстану ғылымдарынсыз елестету қиын. Бұл ғылымдардың тілі баршаға ортақ. Ал бүгінгі таңда ғылымды дамытуда шетелдік тәжірибе маңызды.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғылыми-зерттеу, инновациялық жобаларды іске асыру бағытында жұмыстанып келеді. Сонымен қатар оқу орнымызда бірнеше ғылыми орталық, екі ғылыми зерттеу институты, сондай-ақ экология және биогеохимия сынақ зертханасы жұмыс жасап келеді. Аталған сала бойынша жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобаларды орындауда экология және биогеохимия сынақ зертханасының маңызы зор. Университет ғалымдары қаржыландырылған ғылыми жобаларды сәтті жүзеге асыруда және үздік ғылыми жобалар нәтижесі өңірдің өндіріс саласына енгізілуде. Ғылыми жобаларды бірлесе жүзеге асыру бағытында шетелдік ғалымдарымыз да көптеп тартылуда.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да мультимедиялық кластармен, электронды және қашықтан оқытуды қамтамасыз ететін жаңа компьютерлермен жабдықталған «Махамбет» ақпараттық технологиялар орталығы жұмыс жасауда. Университетіміз қазірдің өзінде білім беру жүйесін оңтайландыруда инновациялық авторлық бағдарламаларға ие. Осы орталықтың робототехника зертханасында жас ғалымдар, студенттермен бірге мектеп оқушылары да ғылыми жобаларды бірлесе атқаруда. Мектеп мұғалімдеріне робототехникадан арнайы курстар өткізіліп, біліктілерін де шыңдауда.

Оқу үрдісінде инновациялық технологияларды қолдану шеңберінде оқытушылар арасында жыл сайын инновациялық жобалар байқауын өткізу де дәстүрге айналып отыр. Студенттердің кәсіби білімдерін кәсіпорындарда тәжірибелік негізде шыңдауы жолға қойылып келеді. Алдағы уақытта жаңа материалдық базамен жабдықталған физика зертханасын іске қосу жоспарлануда.

Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған Білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жоғары оқу орнының топ-менеджерлігіне шетелдік мамандар тартылып отыр. Университетімізде 100-ге жуық шетелдік студенттердің де білім алуына жағдай жасалынуда. Олардың арасында алыс шетелден, АҚШ-тан, Германиядан, Қытайдан, Ресейден келген студенттер бар. Шетелдік студенттердің біздің оқу орнында білім алуға деген сұранысының артуы білім ордасының бәсекеге қабілеттілікке талпынысын көрсетеді деп ойлаймыз. Міне, осы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы университеттің қазіргі заман талабына сай болуға деген құлшынысының бір көрінісіндей.
null

- Кезінде еліміздегі «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» қатарына ендің, соған бөлінген грантты қайда жұмсадың, қандай пайдасы болды?

- Бірден айтайын, бұл грант ғылыми ізденісте үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Қазақстандық ғылыми зерттеу жұмыстарын, соның ішінде қазақ әдебиетін, классик қаламгерлер туындыларын шетелде насихаттау мақсатында аударманың, әдеби байланыстар орнатудың маңыздылығын ескере отырып, монографиялық еңбегімді түрік тіліне аударттым грант қаражатымен. «С.Мұқанов романдарындағы диалог қолданысы» атты монографиям Түркияның Анкара қаласында түрік тілінде жарияланды. Бас редакторы - филология ғылымдарының докторы, профессор, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омероглы. Монография Анкара қаласында «БЕНГУ» баспасынан басылып шықты. Түркия астанасының барлық кітапханалары мен ЖОО-ларға таратылды. Анкарада өткен халықаралық «FUARI» кітап жәрмеңкесінде таныстырылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ТҮРКСОЙ орталығының ұйымдастыруымен зерттеу еңбегімнің тұсаукесері қазақ және шетелдік ғалымдардың қатысуымен өтті. Аталған шараға Гази университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жәмилә Кынаджы арнайы келді. Түркия елшілігі мен Анкарадағы Еуразия Жазушылар одағы атынан келген алғысхатпен марапатталдым. Пікiр алмасқандар талданған моно­гра­фия қазақ пен түрік әдебиетінің терең бай­ланыстарына қосылған елеулі туынды де­ген баға берді. Бұл да үлкен жетістігімнің бірі деп ойлаймын.

«ҚР ЖОО үздік оқытушысы» гранты бойынша жоспарланған қазақ-орыс әдеби байланыстарына арналған авторлық ұжымдағы монографиямыз бойынша ресейлік ғалымдармен ғылыми байланыс жасау, пікірлер алмасу мақсатында Мәскеу қаласында болдым. Ресейлік ғалымдармен кездесіп, ғылыми ізденістермен бөлісудің сәті түсті. Қазақ, орыс әдеби, мәдени байланыстары жайында сыр бөлістік. Зерттеу еңбегімізге қажетті материалдар алдық. Сонымен қатар Қырғызстандағы Ресей-Қырғыз Халықаралық академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Александр Кацевпен танысып, ғылыми байланыс жасауға мүмкіндік туды. Ғалым монографиялық еңбекке талдау жасап, пікірін берді.

Шетелдік ғылыми ортада зерттеу жұмыстарының ғылыми жаңалықтары мен негізгі тұжырымдарын танытудың өзектілігін ескеріп, импакт факторлы шетелдік ғылыми басылымдарға мақалалар жариялап, шетелде өткен ғылыми конференцияларға қатысып қайттым.

Бүгінгі таңда ғылым мен білім беру саласында халықаралық деңгейде жасалған ғылыми жұмыстар жоғары бағаланады. Басты міндет қазақ ғылымын әлемге танытудан туындауы керек деп ойлаймын. Бірақ шетелдік ғылымға тәуелді болу деген түсінік болмау қажет, халықаралық деңгейде шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу деп ұғу керек. Тәуелсіз елдің ғылымы да ешкімге тәуелді болмасы анық. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының нәтижесімен шетелдік тағылымдамадан өтудің сәті түсті. Еуропа сапары Франция елінен басталды. Париждегі Франция академиясында болып, шетелдік ғалымдардың ғылыми жұмыстарымен таныстым. Тағылымдама аясында Францияның Ницца университетінде халықаралық конференция өтті. Конференцияға баратын жолда Париж-Женева-Генуя-Ницца-Лион-Париж, сонымен қатар Экс ле Бен, Лозанна, Милан, Монако, Канны и Авиньон қалаларына танымдық шаралар ұйымдастырылды. Танымдық сапар барысында академия мүшелерінің дәрістерін де тыңдап қайттық.

Грант қаржысымен аймақтық «Менің әдеби өлкем» атты аймақтық жас ғалымдар байқауын өткіздім. Шараны өткізудегі мақсат аймақтық жоғары оқу орындарындағы жас ғалымдардың ғылымға деген құлшыныстарын арттыру, ғылыми ізденістерін ынталандыру, студент жастарға ғалымдар тарапынан қолдау көрсету болып табылады. Байқау қорытындысында М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Зайра Әбілова бас жүлдені иеленіп, өзім тағайындаған 100 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды. Үздік, ғылымда талабы бар студенттерге ғалымдар тарапынан қолдау жасау мақсатында жасалған қаржылық қолдауды студент Мәскеу сапарына пайдаланды.

Аталмыш грант қаражаты бір жылға беріледі. Бір жыл ішінде біраз жұмыстанып, нәтижелі жұмыстар атқаруға талпындық. Ғалымдарға деген, ұстаздарға деген мемлекет тарапынан үлкен қолдау болса, ғылыми ізденістер үшін зор мүмкіндіктің бірегейі болды деп есептеймін.

- Елімізде тіл мәселесі шешілді деп ойлайсың ба?

- Әр адамның көкейінде жүретін сұрақ. Түбегейлі шешілді деп ойламаймын. Құжаттар мемлекеттік тілге түбегейлі көшсе. Кеңсе тілі толықтай қазақша сөйлесе, алға ілгерілеу болар еді. Хат қай тілде келсе, сол тілде жауап беріледі. Күні бүгінге дейін кейбір мекемелерден, құзырлы органдардан әлі де кіріс хаттары орыс тілінде келіп жататындығы кездесіп қалады. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеріп жатқанына, әрине, қуанамыз. Аспирантурада оқып жүрген кезімде Алматы қаласындағы мекемелерде тіл үйрету курстарында қазақ тілінен сабақ бергенмін, сол кездерде қазақ азаматтарының амалсыздан келетіндей күйлерін көріп, қынжылатын кездеріміз болған.

Келелі проблеманың біріне айналған үш тілді оқытуға да тоқталып өткен Елбасы нақты тапсырмаларын да берді. Үш тілді оқытуға көшу, ағылшын тілін енгізу барлық проблемаларды ескере отырып, кезең-кезеңмен енгізу қажеттігі айтылған болатын. Осы жерде көптің көкейінде жүретін бір сұрақ бар. Министрлік үш тілде оқытуды енгізуде ескеруі керек жайттар бар. Гуманитарлық салаға қатысты. Мен әдебиеттің әр кезеңінен сабақ беремін. «Әдебиет теориясы» деген курсынан да. Қазақ әдебиетінің әр кезеңін бергенде, атап айтар болсам, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетін ағылшын тілінде оқыту санаға сыймайтын дүние сияқты көрінеді. Қазақтың баласы қазақтың әдебиетін, төл туындысын өз ана тілінде ұғынуы қажет. Мамандық бойынша, ағылшын тілінде өтілетін сабақтар саны отыз пайызды құрауы керек. Жалпы міндетті пәндер, оның ішінде шет тілі, кәсіби шет тілі, информатика, экология сынды пәндерді қалдырғанның өзінде пайыздық көрсеткіш құралмайды. Шетел әдебиетін ағылшын тілінде оқыту көп қиындық туғызбас. Әлем әдебиетімен түпнұсқада таныса алады. Әдебиеттің ұлтқа қызмет атқаратынын ұмытпау қажет. Қазақ қаламгері өзге тілде жазбайды ғой. Шығармасын өз ана тілінде жазады. Сондықтан тіл мен әдебиетті де ұрпақ өз тілінде меңгеруі қажет. Қазақ әдебиетінің төл туындыларын талдап, ағылшын тілінде ғылыми басылымдарда еңбектер жариялау ол бөлек дүние. Қазақ әдебиетін әлемге танытудың бір жолы іспетті деп қарауға болады. Өзімнің жеке пікірім, пәндерді тек жоғары сыныптарда шет тілінде оқытса. Оның ішінде тек санаулы пәндерді. Қажет адам ағылшын тілін өзі-ақ үйренеді. Осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасымен қаншама жастар ағылшын тілін еркін меңгеріп, оқып келіп жатыр. Олардың көбісі үш тілде оқытып жатқан мектептен шыққан жоқ. Балабақшадан бастап енгізілуіне түбегейлі қарсы адамдардың бірімін.
null

- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қандай жобаларды қолға алу керек деп білесің?

- Дамудың даңғыл жолы - жаһандық бәсекеге қабілеттілік. Осы ұстаным тәуелсіз еліміз үшін басты қағидаға айналғаны айқын. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бұл бағдарламасы рухани жаңғыруға бастайтын жаңа бастамаларға жол ашып келеді. Бұл кейінгіге қалар тарих, бүгінгіге қаланған жаңа бастама. Мақалада ұсынылған бастамалар ширек ғасырлық тәуелсіздігімізде орындалған рухани жаңғыртуларды толықтыра түседі.

Елбасы «Туған жер» бағдарламасын енгізу арқылы патриотизмнің жарқын үлгісін нақты нәтижемен көрсетуді міндеттеді. «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің қайнар бұлағы болуы тиіс. Елбасымыз «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», - деп тегіннен-тегін айтпаса керек-ті. Елбасы «Туған жерге туыңды тік» деген халық мақалына ерекше акцент берді. Патриотизм туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Университетімізде Отанды сүюге, туған жерге тағзым етуге, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін іс-шаралар үзілген емес. Оқу орнында бұрыннан филология, тарих факультеттерінде тарихи өлкетану, әдеби өлкетану курстары да жүргізіліп келеді.

Білім байқауларында шығарма жұмыстарын жазғанда, көбіне «Туған жер» тақырыбында жазған жұмыстар жиі кездесетін. «Бағдарлама бойынша дайын болмағасын, еркін тақырыпты таңдадым» деген жауаптар да еститінмін. Туған жер тақырыбын еріксіз түрде таңдаудың дұрыс қағида еместігін ұғынатын кез келді. Бұл тақырыпқа үлкен дайындықпен, туған елді сүю, тарихын қастерлеу, дәстүрін ұлықтау, насихаттау мақсатымен келу керек. «Туған жерге тағзым» деген атпен шаралар көптеп өтілуде. Табиғатын тамашалап, әдемі жерлерін суретке түсу аздық етеді. Ел тарихын, жер тарихын, шежіресін, қасиетті мекендерін, олар жайында сыр шертетін аңыз әңгімелерді іздеу, талқылау бағытындағы жұмыстарды жетілдіру қажет. Мектепте, университетте бір күнде, бір уақытта бір тақырыпта шығармалар немесе эсселер байқауы ұйымдастырылса. Батыс Қазақстан жастары түгелдей қатысатынын ескерсек, осы өңірдің тұтас аудандары мен елді мекендері туралы, туған жерді ұлықтайтын біраз дүниелер шығар еді.

Әдебиетші, фольклорист ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәтжан Тілеужановтың туғанына 90 жыл толуына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тағылымдық шаралар жоспарлануда. Ол кісі - фольклорлық сараманды ұйымдастырып, батыс өңірінің халық ауыз әдебиеті нұсқалары мен қазақтың қолөнер бұйымдарын жинастырып, ұлттық жәдігерлерді ұлықтауда үлкен еңбек сіңірген ғалымдарымыздың бірегейі. Бүгінде М.М.Тілеужанов атында арнайы кабинет бар, ғалымның өз қолымен тапсырған мұралары сақтаулы. Жинаған қолөнер бұйымдары университетіміздің мұражайында. Ғалымның көзі тірісінде аталған бұйымдарды жинау мәселесінде сын көзбен қарап, қарсы шыққандардың болғаны жасырын емес. Алайда уақыттың өзі дәлелдеді. Ғалымның рухани мұраны жинақтаудағы түпкі мақсаты Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштасып жатқандай. М.Тілеужанов атындағы кабинетке тапсырылған, ғалымның өзі жинақтаған халық ауыз әдебиетінің нұсқалары (батыс өңірі бойынша) сақтаулы болғанмен, кітап ретінде шығару әлі күнге дейін қолға алынбай келеді. Технологияның дамыған уақытында машинкамен басылған материалдардың папкада тігіліп сақталуымен шектелмей, электронды нұсқасын жинақтап, бастыру жұмыстарына жетекшілік жасап, қолға алып жатырмыз. Осындай ойда жүрген жоспарларымызды жүзеге асырсақ деген тілегіміз бар.

Соңғы жаңалықтар