Адель мансабында біраз уақыт үзіліс жасайтынын жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – Адель өзінің еуропалық турын аяқтағаннан кейін музыкалық мансабын «біраз уақытқа» тоқтататынын мәлімдеді. Ол бұл шешімін жеке өміріне назар аударатынымен түсіндірді.
36 жастағы әнші бұл мәлімдемені Мюнхендегі соңғы концерті кезінде жасады. Онда ол біраз үзіліс қажет екенін және соңғы жылдары қол жеткізген "жаңа өмірін" сүргісі келетінін айтты.
Өз сөзінде Адель жанкүйерлеріне ризашылығын білдіріп, бірақ қазір демалу уақыты келді деп санайтынын айтты.
Әнші Лас-Вегастағы резиденциясында бұрын денсаулығына байланысты кейінге қалдырылған он концерті қалғанын атап өтті. Соңғы қойылымдардан кейін ол музыкалық сахнада ұзақ үзіліс жасауды жоспарлап отыр.