Аделина Земс Азия ойындарының күміс жүлдесін еншіледі
НАГОЯ. KAZINFORM — Қазақстандық жеңіл атлет Аделина Земс Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында алтын медалға бір табан жетпей қалды.
Отандасымыз әйелдер арасында 400 метрге кедергі арқылы жүгіруден ақтық сында өнер көрсетті. Финалға екінші орынмен өткен қазақстандық спортшы жарысты жетінші жолақтан бастап, қортындысында 54.58 секунд уақытта мәре сызығын екінші болып кесті.
БАӘ спортшысы Кәрім Мәриям 54.31 секунд нәтижемен топ жарса, индиялық Рамрадж Витхья қола жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетерлігі, қазақстандық жеңіл атлеттер Дэйзи Джепкемей және Нора Джеруто Тануи енді әйелдер арасында 5000 метрге жүгіруден жарыс жолына шығады.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Алексей Чуркин ауыр атлетикадан әлем рекордын жаңартып, Азиаданың күміс жүлдегері атанған болатын.
Сонымен қатар ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы ел қоржынына күміс медаль салды.