Аделину да Силва: Роналду Қазақстан құрамасына қарсы тағы бір ойнаса жақсы болар еді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Францияда футболдан Еуропа чемпионатының плей-офф матчтары басталады. Бұл сайыста жеңістен дәмелі басты үміткерлердің бірі Португалия ұлттық құрамасы да жасыл алаңға шығады.
None
None

Алайда ЕУРО 2016 топтық кезеңінде үш ойын өткізіп, бірде бірінде жеңіске жетпеген  команда соғылған доп санының айырмашылығымен ғана плей-оффқа жолдама алған. Х. Колумбтың ізбасарлары турнирдегі төрт голдың үшеуін венгриялықтармен өткізген соңғы матчта соқты. Бұл кездесу Еуропа чемпионатындағы ең қызықты матч болды десек қателеспейміз.

Португалияның еліміздегі елшілігі журналистер үшін арнайы осы матчтың бірлескен көрсетілімін ұйымдастырды. Матч қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері Португалия елшілігінің басшысы, Португалияның Қазақстандағы істері бойынша сенімді өкілі Аделину да Силвадан сұхбат алды.

- Сіз барлығын жинап, өз командаңызға қолдау көрсету туралы мұндай шешімді бірінші рет қабылдап отырсыз ба?

- Иә, үйімізден жырақта жүрсек те, бірге жиналып, өз командамызға қолдау көрсетуді жөн көрдік. Біз көп емеспіз, бірақ біздің тілектестігіміз командамыздың нәтижелі ойын көрсетуіне көмектесті, қанаттандырды.

- Осы ойыннан алған әсеріңізбен, ойыңызбен бөліссеңіз?

- Әрине, Португалия командасының ЕУРО-дағы нәтижесі көңіл қуантарлық емес. Дегенмен біз командамыз үшін осы Еуропа чемпионатының жақсы өтетініне үміттіміз. Топтық кезеңде Португалия құрамасына сәттілік жетіспеген болар. Себебі Португалия жақсы ойнады, гол соғуға мүмкіндіктері де болды. Дегенмен жеңіс бізге бұйырмады. Алда плей-офф ойындары. Біздің команданың келесі ойындарда жеңіске жетуге мүмкіндігі бар.

- Сіздің еліңізде осы матчтарға қандай пікір білдіріп жатыр?

- Көптеген жанкүйерлерге соңғы венгриялықтармен өткізген кездесу ұнады. Олар біздің команданың осы сарында, осындай мәнерде ойнағанын қалар еді деп ойлаймын. Біз үш гол соқтық, сонша гол жіберіп алдық. Әрине, бізге қорғанысты күшейту керек. Келесі ойында осыны ескеріп, бұдан жақсы ойнаймыз деген ойдамын.

- Команда көшбасшысы Криштиану Роналдудың ойнына көңіліңіз толды ма?

- Біз оның венгриялықтармен өткізген кездесудегі ойнына ризамыз. Ол өзінің бар білгенін көрсетіп, бізді тағы бір мәрте қуантты.

- Қазақстанда Роналдудың жанкүйерлері аз емес. Оның ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын Қазақстан командасына қарсы өткізгенін де ерекше атап кетуге болады.

- Шынымен бе? Мен бұл туралы білмеппін. Екі елді мұндай қызықты фактінің байланыстырып тұрғаны да қызық. Криштиану - әлемдік деңгейдегі жұлдыз және ол бұдан кейін де бүкіл әлемдегі жанкүйерлерін қуанта береді деген үміттемін. Ол Қазақстан командасына қарсы тағы бір мәрте ойнаса жақсы болар еді.  

- Сонымен, Сіз өз құрамаңыздың мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

- Бәрі де болуы мүмкін. Келесі ойынның қорытындысын ешкім болжай алмайды. Венгриямен өткізген ойын осыны дәлелдеді. Егер біз шабуылда белсенді болып, қорғанысты неғұрлым жақсы ұйымдастырсақ неге жеңе алмаймыз? Топтық кезеңдегі матчтар бұл турнирде үстем тұрған фавориттердің жоқтығын көрсетті. Біздің плей-оффтағы қарсыласымыз Хорватия құрамасы өте жақсы ойын көрсетті және бізге келесі матчта оңай тимесі анық.

- Осы ЕУРО барысында жанкүйерлер көпшіліктің назарында жүрген жұлдыздардан бөлек жаңа есімдер мен командалар тапты.

- Футболдың дамуына үлес қосатын және осы ойынның көз қуантар жауһарына айналар мықты командалар көп болуы керек. Бұл менің жеке пікірім.

 

Әңгімелескен  Ілияс Омаров, Астана.

null null null null null  

Соңғы жаңалықтар