Әдемі қызға телефонын сөйлесуге берген талдықорғандықтар сан соғып қалды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда алаяқтық жасады деген күдікпен 21 жастағы бойжеткен ұсталды. Ол өзінің көрікті келбетін пайдалану арқылы ер азаматтардың қымбат ұялы телефондарын қолды етіп отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әдемі қызға телефонын сөйлесуге берген талдықорғандықтар сан соғып қалды

Облыстық  ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқ қыздан жәбір көрдік дегендердің барлығы ер адамдар. Қазір қамауда отырған 21 жастағы тұрғынның 4 алаяқтық қылмысқа қатысы бар екені дәлелденген. 

«Күдікті өзінің әрекетін адамдар көп шоғырланған жерлерде іске асырған. Ол ер азаматтардың жанына келіп, ұялы телефонымен қоңырау шалуға рұқсат сұрап, артынша көпшіліктің арасына жасырынып қалған. Ал оның көрікті келбеті қандай да бір күдік тудырмаған», - деп мәлім етті ведомства өкілдері.

Қазір күдіктінің үстінен  ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейін тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық іс Талдықорған қаласының ІІБ-і қызметкерлерінің өндірісінде.