«Адемнің» жыры біткен жоқ» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 қыркүйек, сенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Кеше Астанада «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (ЕҰУ) қолдауымен «Журналистика мен бұқаралық коммуникацияның өзекті мәселелері» атты тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Оған қоғам қайраткерлері, сала мамандары, ғалымдар мен сарапшылар, оқытушылар мен мәдениет қызметкерлері, студенттер, мемлекеттік ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Болашағымызға бағдар берер «Мәң­гілік Ел», «100 нақты қадам» және «Қазақ­стан-2050» Стратегиясының мақсат-мұ­рат­тары аясында отандық жур­налис­тика мен бұқаралық коммуни­кацияның міндеттерін және өзекті мәселелерін байыптауға арналған бұл алқалы жиынды ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Дихан Қам­забекұлы ашты. Ол конфе­ренцияның мән-маңызына тоқтала келіп, әлемде, айналамызда болып жатқан түрлі оқиғаларды халыққа жеткізуде жур­налистердің алар орны ерекше еке­ніне назар аударды», - деп жазады «Егемен Қазақстан». Конференция барысында мінбеге көтерілген белгілі журналист, Пар­ла­мент Сенатының депутаты Жабал Ер­ғалиев қозғалып отырған тақырыптың өзектілігін сөз ете отырып, журналис­тика саласына айрықша көңіл бөлінуі қажет екенін атап көрсетті. Осы жайында толық білгіңіз келсе, газеттегі «Журналистің цензурасы - өзінің ар-ұяты» атты көлемді мақаланы оқып шығыңыз.

Бас басылымда «Жекешелендірудің тиімді тәсілдері» деген мақала жарияланды. Үкімет мемлекет иелігінен алу бағытында және жекешелендіруге қатысты жаңа тәсілдерді қарастыруда. Олардың негізіне мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектейтін, ағымдағы жылғы сәуір айында қабылданған «Бәсекелестік туралы» заңда көрініс тапқан «Yellow Pages» («Сары беттер») қағидалары алынды. Бұл жөнінде БАҚ өкіл­дері­не берген сұхбатында «Эконо­ми­калық зерттеулер институты» Кәсіпкерлікті дамыту орталы­ғының директоры Нұрлан Құлба­тыров мәлім етті. Ұлттық эконо­микадағы мемлекеттік үлесті азайту және мемлекеттік активтерді жекешелендірудің екінші толқыны жайында кеңінен айтылған әңгіме барысында жаңа құрылымдық экономикаға көшу тек жекелеген компаниялардың ғана емес, сонымен қатар, тұтас салалардың қызмет ету тиімділігін арттыруды талап ететіндігі қозғалды. Бүгінгі жекешелендірудің негізгі мақсаты мемлекеттік активтерді барынша тиімді меншік иесіне өткізу жолымен еліміздің жеке бизнесінің одан әрі дамуына жаңа қарқын беру болып табылады. Әлемдік тәжірибе жекешелендірудің шығындарды азайтуға алып келетіндігін және өндірісті басқару сапасын арттыратындығын көрсетіп отыр. Бұл ретте жекешелендіру үрдістерін іске қосу мақсатында Үкімет компанияларды бәсекелес ортаға беру үшін екі тәсіл ұсынады. Оның біріншісі - кейбір ең ірі активтер тікелей сату арқылы немесе IPO және SPO тетіктері бойынша қор нарығына шығару жолымен стратегиялық инвесторларға, оның ішінде 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында (AIFC) іске асырылады. Ал екіншісі басқа компаниялар аукционда немесе компанияларға жеке инвес­тор қатысар болса, тікелей сату тәсілдерін пайдалану арқылы сатылады. Белгілі болғандай, аукцион арқылы сатылым кезінде сауда-саттық санына шектеу қойылады. Бұдан әрі бірінші сауда-саттық ағылшын әдісі бойынша бағаны көтеру арқылы жүргізіледі. Егер нысан қызығушылық тудырмаса, онда екінші және үшінші сауда голландтық тәсілмен бағаны түсіру арқылы жүзеге асады. Үш рет сауда жүргізгеннен кейін сатып алушылар болмаған жағдайда, нысан таратылуға жатады. Сонымен қатар, бәсекелестік ортаға берілетін компаниялардың сатылатын активтерінің қызмет бағытын сақтау - басты талап ретінде қарастырылған. ***

«Айқын» газетінің жазуынша, осыдан 6 ай бұрын өртенген Адем-1 сауда орталығының кәсіпкерлері мен меншік иелері енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Үндеу хат жазып, көмек сұрамақ. Осымен төртінші рет баспасөз жиынын өткізіп отырған топтың ендігі мақсаты АТФ Банктің «Алматы 21 век» ЖШС жүргізген барлық келісімдерін банк заңнамасы талаптарының сақталғанына негізді күдік тудыратын келісім ретінде тексеруге қол жеткізіп, АТФ Банк әкімшілігінің өз құрылтайшылары, банк салымшылары мен салық төлеушілер алдында есеп беруін талап етпек.

Бұрынғы қаржы дағдарысы уа­қы­тында (2007-2008 жылдар) ел банк­­теріне көмек ретінде бөлінген қа­ражат Қазақстан Республи­ка­сы­ның салық төлеушілері есебінен бе­рілгенін ескерсек, бұндай жүгіну қа­зіргі каржы дағдарысы кезінде өте өзекті. Осыған дейін кәсіпкерлердің негізгі шағымдары өртке оранған сауда орталығының меншік иесі «Ал­маты XXІ век» ЖШС-на бағыт­та­лып келген еді. Енді нысанның АТФ банкпен арадағы барлық келі­сім­дерінде банк талаптарының сақ­тал­ғанына күдік келтіріп отыр. Өйт­­кені 2014 жылдың 18 наурыз кү­ні №114 сатып алу шарты бойын­ша «Алматы XXІ век» ЖШС мен АТФ басшысы арасында 8 000 000 000 (сегіз миллиард) теңгеге келісім жа­салған. Адем-1-дің АТФ ақшасы­на сатып алынғанын, несие үшін ке­піл ретінде жер телімдерімен бірге «Адем-3» сауда үйі де кепілге қойыл­ға­нын «Алматы XXІ век» ЖШС заң­ге­рі Д.Сәрсенбаев мырза 2015 жыл­дың 10 шілде күні Алматыда өткен кон­ференцияда айтқан. Енді осы ны­санның меншік иелері жәбір­лену­шілер алдында өтемақы төлеуі қа­жет. Бұл жайында «Адемнің» жыры біткен жоқ» деген мақаладан толық оқи аласыздар.

Осы басылымда «Қайта оралған жәдігер» атты мақала берілген. Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қайта оралған жәдігерлер» атты көрме ұйымдастырылып, дөңгелек үстел өтті. Шараға жоғары оқу орындарының студенттері мен тарихшылар жиналды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында Орта Азия мен Қазақ­стан аймағынан табылып алыс, жақын шетел мұрағаттарына өтіп кеткен құжаттардың кө­шірмелері әкелінген. Бұл құжаттарда Орта Азия және Қазақ­стан­ның географиялық жағдайы, осы ай­мақтың тарихи-мәдени ескерткіштері, қа­зақ­тардың тұрмыс-тіршілігі, аңыздары, он­дағы тарихи өзгерістер туралы мәліметтер берілген және сол жердің табиғатына жан-жақты ғылыми талдаулар жасалынған. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында батыс ел­дер­дің зерттеушілері мен саяхатшылары Орта Азия мен Қазақстан аумағына жүргізген ғылыми экспедициясы кезінде түсірген «TURKESTAN» альбомы және «Жетісу» ес­керт­кіштері атты суреттер топтамасы ерек­ше орын алады. Тақырыпқа орай «Таңбалы мемлекеттік та­рихи-мәдени және табиғи қорық мұра­жайы» өзінің «Тарихтың түпқазығы - Таң­ба­лы» және де «Республикалық кітап мұра­жайы» - «Қазақ хандығына 550 жыл» атты кі­тап көрмелерін алып келді.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Абай сыйлығы табыс етілді» деген материал берілген. Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай «РУХ» меценаттар клубы тағайындаған «Абай» сыйлығының тұңғыш иегері болды. Бұл сыйлықты «Хұснихат» әдебиетті қолдау қоры ұйымдастырған «Бір өлең, бір әуен» атты әдеби-сазды кеште М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инсти­ту­тының директоры, ҚР Ұлт­тық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижан табыстады. Бұл сыйлық сонымен қатар Абай­дың өлеңдері мен қара сөздерін, Мұхтар Әуезовтің шығармаларын қытай тіліне аударған Сібе ұлтының жазу­шысы Ха Хуанчжанға да табыс етілді.

-0-

Руслан Ғаббасов

Соңғы жаңалықтар