15:58, 02 Маусым 2024 | GMT +5
Адиевтің «Ахматты» қанша жыл жаттықтыратыны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған Магомед Адиевтің ресейлік «Ахмат» командасының тізгінін қай уақытқа дейін ұстайтыны белгілі болды. Бұл туралы Матч ТВ сайты жазды.

«Ахмат» футбол клубының бас директоры Ахмед Айдамиров команда бас бапкері қызметін жоғары деңгейде атқарған Адиевтің командамен жаңа келісімшарт жасасқанын, бірақ оған әлі қол қойылмағанын мәлімдеді.
– Адиевпен келісімшартқа әлі қол қойылған жоқ, өйткені Қазақстан құрамасымен келісім әлі бұзылмады. «Ахматпен» келісімшарт 3 жыл мерзімге келісілді, - деді спорт менеджері.
Еске сала кетейік, бұған дейін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиевтің құрамадағы қызметінен кеткенін жазған едік.