Әділ Ахметов: Тәуелсіздік - барша қазақстандықтардың басты игілігі
«Тәуелсіздік - бұл ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы. Кезінде олар сол тәуелсіздігінің арқасында осындай ұлан-ғайыр жерді иеленіп, оны сақтап, қорғап, ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Осыдан 23 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізді. Содан бері, көптеген халықаралық ұйымдардың тең құқықты мүшесі атанды. Шекарасын нақтылады. Одан басқа, Елбасының бастамасымен Қазақстан көптеген халықаралық шараларды ұйымдастырды. Солардың ішінде шоқтығы биігі- әрине, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі» - деді Ә. Ахметов.
Ғалымның айтуынша, Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстана отырып, Шығыс пен Батыстың барлық елдерімен достық қарым-қатынастар орнатты. Қазақстан өзінің барлық жетістіктеріне Елбасының сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отыр. Өйткені, Президент пен халықтың мақсаты да мүддесі де бір.
«Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау керектігін дамылсыз айтып келеді. Шындығын айту керек, қазір әлемде бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Көптеген елдерде саяси жағдай шиеленісті күйде қалуда. Бұған Ауғанстандағы, Сириядағы, Ливиядағы, Ирактағы жағдайлар куә. Сондықтан, қазақстандықтар үшін ұлтаралық татулық, бірлік үлкен маңызға ие. Тәуелсіздік - бұл жастарымыздың қолындағы жарқын болашақ. Еліміз жастық жігері жалындаған жас мемлекет. Ол ұзақ мерзімді стратегияның талаптарына сәйкес дамып келеді. Елбасының биылғы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауы - қазір әлемде орын алып жатқан экономикалық жағдайларға байланысты қабылданған нақты іс-шаралар жоспары деп білемін. Бұл жерде кезінде Елбасы құрған Ұлттық қордың маңызы өте зор. Ондағы жинақталған қаржылар енді кең көлемді маңызды істерге, шағын және орта бизнесті қолдауға, әлеуметтік инфрақұрылымдарды құруға жұмсалады» - деді А. Ахметов.
Сөз соңында ғалым Қазақстанның барлық жетістігінің бастауында тәуелсіздіктің тұрғандығын, сондықтан оның Мәңгілік елдің мәңгілік тәуелсіздігіне айналуын тілейтіндігін жеткізді.