Әділет министрі Конституциялық Соттың құзыретін түсіндірді

Атап айтқанда, палата отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.
«Конституциялық Соттың құзыреті Конституцияның 72-бабымен тікелей реттеледі. Мәселен, Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру жатқызылған», - деді Қ.Мусин.
Осы орайда ол Конституциялық Кеңестің барлық қолданыстағы функциялары Конституциялық Сотқа берілгенін айтты.
«Бірақ, ең маңыздысы, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей тиетін нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады. Сондай-ақ, Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді», - деді министр.