«Әділет» партиясы сайлауалды тұғырнамасы мен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидаттарды бекітті

«Елімізде кезектен тыс сайлау өткелі жатыр. Бұл Қазақстан үшін шынайы құқықтық, шынайы әлеуметтік, шынайы демократиялы, демек, мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды тұлғаларының әділдік негізінде қызмет жасауларына мүмкіндік туындатады деген ұғым бар», деп атап өтті алқалы жиын барысында сөз сөйлеген партия төрағасы Мақсұт Нәрікбаев.
Сонымен қатар жиын алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген М.Нәрікбаевтың атап өтуінше, партияның «Әділдікке жол» атты сайлауалды тұғырнамасында әділдікке апарар жолдың төрт басымдығы мен 17 қадамы айқындалған. Атап айтқанда, елімізде саяси күштердің барлығы тең дәрежеде қол жетімді болатын қоғамдық телеарна ашу, саяси партиялардың әділ бәсекеге түсуін қамтамасыз ету, қосымша құн салығын 6 пайызға, әлеуметтік салықты 7 пайызға төмендету, газ, электр энергиясы, темір жол тасымалдарының тарифтерінің өсуіне жол бермеу сынды мәселелерді көтеру көзделген.
Жалпы «Әділет» партиясы Мәжіліс депутаттығына кандидат 61 үміткер ұсынбақ. Ал бүгінгі кезектен тыс съез барысында 46 кандидат бекітілді. Қалған 15-і бесінші желтоқсан күні бекітілетін болады.