Әділ Бекетаев: Басқа елдерде хоккейдің деңгейі көтеріліп келеді

ХАРБИН.KAZINFORM – Қазақстан хоккей құрамасының ойыншысы Әділ Бекетаев бүгінгі Қытайға қарсы ойын туралы ойымен бөлісті. Қазақстандық қорғаушының айтуынша, қытайлық хоккейшілер өте жақсы дайындалған.

 Басқа елдерде хоккейдің деңгейі көтеріліп келеді
Фото: hcbarys.kz

– Қытай командасы қорғаныста өте жақсы дайындалған. Біз негізі көп шабуылдадық. Алайда олар жақсы қорғаныс жасады. Қазіргі уақытта барлық команданың деңгейі көтеріліп келеді, 20-30 шайба соғу сияқты жағдайлар көп кездесе бермейді, - деді ол. 

Сондай-ақ, Бекетаев соңғы кезеңде Қазақстан құрамасының шайба өткізіп алуын түсіндірді.

– Ойын барысында бізден екі адам алаңнан уақытша шеттетілді. Қытайлықтар осы мүмкіндігін сәтті пайдаланып, бізге бір шайба салды. Оларда көп мүмкіндік болған жоқ, ал ең бастысы біз жақсы ойын көрсеттік, - деді қазақстандық қорғаушы. 

Соңында, отандасымыз құраманың финалға шығу мүмкіндігіне байланысты сұраққа жауап беріп, барлық матчта жеңіске жетуге күш салатынын айтты.

Бекетаев Әділ Маратұлы – Қазақстан Республикасының хоккейден спорт шебері, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері және жеңімпазы. IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында, ол шорт-трекші Ольга Тихоновамен бірге Қазақстан туын көтеріп шығады.

Айта кетейік, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді.

Спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.  

Еске сала кетсек, Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы бүгін топтық кезеңнің екінші матчында қытаймен кездесіп, 6:1 есебімен жеңіске жетті

Осыған дейін, отандастарымыз Тайландты 12:0 есебімен тізе бүктірді.

Соңғы жаңалықтар