Әділет министрі борышкерлердің мүлкін аукционда сату кезіндегі «сұр схеманы» атады
АСТАНА. KAZINFORM — Борышкерлердің өзге де кіріс көздерін анықтауға агрегатор-сайттар көмектеседі.

Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлім етті.
— Борышкерлердің мүлкін аукционда сату мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Тыйым салынған мүлікті сату тәжірибесі адамдар негізсіз пайда табатын «сұр схемалардың» бар екендігін көрсетті. Тыйым салынған мүлікті төмен бағамен сатып алу мақсатында адамдар сатып алу ниетінсіз жоғары бағаны ұсына отырып, аукционды мақсатты түрде бұзады. Мұндай қатысушыны жүйе сатып алушы деп танығаннан кейін, осы сатып алушы соманы енгізуден бас тартады. Осылайша 1-ші аукцион мүліктің құнын көтеру әдісімен өтпеді деп танылады және мүлік 2-ші аукционға төмендету әдісімен беріледі. Мүлікті төмен бағамен сату борышкердің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтіреді, өйткені мүлікті сату айырмашылығын өтеу ауыртпалығы одан әрі борышкердің мойнына түседі, — деді деді Е. Сәрсембаев Парламент Мәжілісінде жеке сот орындаушылары институтының проблемалары тақырыбына арналған Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, жер учаскесін алып қою туралы атқарушылық құжаттар бойынша орын алатын қиыншылықтар бар. Заңнамаға сәйкес, жер учаскесі бағалау құнынан төмен болуы мүмкін кадастрлық (бағалау) құнымен өткізуге жатады. Сонымен қатар, мүдделі адамдар өте қысқа уақыт ішінде қадамдарды растауға көмектесетін арнайы цифрлық бағдарламарды пайдаланады.
— Мысалы, Астана қаласында сауда-саттық кезінде аукцион жеңімпазы мүліктің құнын 0,2 сек немесе 1 сек ішінде растаған. Нәтижесінде, мүлік небәрі 7,5 млн теңгеге сатылды, бұл нарықтық құнынан 13 есе төмен, яғни мүліктің құны 100 млн теңге шамасында. Осыған ұқсас мысал Ақмола облысында анықталды. Онда дәл осындай схемамен 2 млн теңгеге жер учаскесі өткізілген, бұл мүліктің бағалау құнынан 15 есе аз. Осындай негізсіз «байыту» жағдайларын жоюға бағытталған іс-қимылдар даярланды, яғни қатысушылар тең баға ұсынатын жағдайда мүліктің құны көтерілуге жататын заңнамалық түзетулер әзірленді. Сонымен қатар, түзетулер аукцион жеңімпазы төлем жасаудан бас тартқан кезде, алдыңғы баға ұсынысын растаған қатысушыларға мүлікті сатып алуды ұсыну мүмкіндігін көздейді, — деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Әділет министрлігі цифрлық сот орындаушы жүйесінің алғашқы нәтижелерін таныстырды.