«Әділет» партиясы төрағасының орынбасарлары тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — «Әділет» партиясының басшылық құрамы айқындалды. Партия төрағасының бұйрығымен Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев төраға орынбасарлары лауазымдарына тағайындалды.

Әділет партиясы орталық аппараты, центральный аппарат партии Әділет
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

​Асхат Оралов бақылау, талдау және қызметті бағалау мәселелеріне жетекшілік етеді. Ол Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған, философия докторы ғылыми дәрежесіне ие. 

Асхат Оралов
Фото: «Әділет» партиясы

Оның жастар саясаты саласындағы, мемлекеттік органдар мен партиялық құрылымдардағы басшылық қызметтерде жиған мол кәсіби тәжірибесі бар. Әр жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Мәдениет және спорт министрі, Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік инспектор қызметтерін атқарды. Тағайындауға дейін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында жұмыс істеді.

​Нұрсұлтан Байтілесов құқықтық және заңнамалық бағытқа жетекшілік етеді. Оның кәсіби қызметі сот жүйесімен тығыз байланысты.

​Нұрсұлтан Байтілесов
Фото: «Әділет» партиясы

Ол аудандық сот маманынан бастап, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өтті. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болды. Әр жылдары М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде және Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетте «құқықтану», «экономика» және «бизнес» мамандықтары бойынша білім алды.

​Эльдар Жұмағазиев экономика, салалық және өңірлік даму мәселелеріне жауап береді.

​Эльдар Жұмағазиев
Фото: «Әділет» партиясы

Ол Атырау мұнай және газ институтын, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдады. Әр жылдары Атырау облысындағы ішкі саясат саласында қызмет етіп, «Атырау-Ақпарат» КМК өңірлік медиахолдингін басқарған, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Партиялық жұмыста мол тәжірибесі бар.

​Бұған дейін партия төрағасының орынбасарлары лауазымдарына коммуникация мәселелері жөнінде — Әлия Адамбаева,

Әлия Адамбаева
Фото: «Әділет» партиясы

идеология бағыты бойынша — Ержан Жылқыбаев

Ержан Жылқыбаев
Фото: «Әділет» партиясы

және цифрландыру мәселелері жөнінде — Қаныш Төлеушин тағайындалған еді.

Қаныш Төлеушин
Фото: «Әділет» партиясы

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Құрылтайындағы саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізгенін жазғанбыз.