«Әділет» партиясының съезі: ұйымды дамыту және өңірлік желіні кеңейту мәселелері қаралды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Әділет» партиясының II съезі өтіп, онда ұйымды дамыту және өңірлік құрылымды кеңейтуге қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды.

«Әділет» партиясының съезі: ұйымды дамыту және өңірлік желіні кеңейту мәселелері қаралды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Съезд қарсаңында өткен стратегиялық сессия барысында делегаттар партияның алдағы кезеңдегі басым бағыттарын талқылап, ұйымның институционалдық дамуына қатысты ұсыныстарды қарастырды.

Съезд барысында сөз сөйлеген партия төрағасы Айбек Дәдебай Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын атап өтіп, саяси күштердің қоғаммен тығыз жұмыс істеуі және азаматтардың сұранысына жедел жауап беруі маңызды екенін айтты.

«Әділет» партиясының съезі: ұйымды дамыту және өңірлік желіні кеңейту мәселелері қаралды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру бағытын толық қолдаймыз және оны мемлекетті ұзақ мерзімді нығайтудың стратегиялық бағдары деп санаймыз. Алайда реформалардың табысты жүзеге асуы тек мемлекеттік шешімдерге ғана байланысты емес. Ол қоғамның өзгерістерге қатысуға дайындығымен және саяси күштердің жауапкершілікпен әрекет етуімен өлшенеді. «Әділет» партиясы құрылған сәттен бастап «әділетсіз тұрақты даму болмайды» деген қағидатты ұстанып келеді. Әділ ережелер бар жерде сенім қалыптасады, сенім бар жерде инвестиция келеді, кәсіпкерлік дамиды, азаматтық белсенділік артады, — деді Айбек Дәдебай.

Съездегі негізгі шешімдердің бірі — еліміздің барлық өңірінде партия филиалдарын құру бастамасын қолдау болды. Делегаттар бұл қадам ұйымның жергілікті деңгейдегі жұмысын күшейтіп, азаматтармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Партия Саяси кеңесінің мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов өңірлік құрылымның рөліне тоқталып, партияның болашағы ең алдымен жергілікті жерлердегі тиімді жұмысқа байланысты екенін айтты.

— Партияның тағдыры өңірлерде шешіледі. Азаматтардың сенімі де сол жерде қалыптасады. Сондықтан өңірлік филиалдар тек формалды құрылым емес, қоғаммен күнделікті байланыс орнататын нақты жұмыс алаңы болуы тиіс, — деді ол.

Съезд барысында сондай-ақ адами капиталды дамыту, білім беру саласын жетілдіру, заманауи технологияларды енгізу және азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелері талқыланды.

Партия өкілдерінің айтуынша, өңірлік желіні кеңейту жаңа көшбасшыларды тартуға және азаматтардың қоғамдық-саяси процестерге қатысу мүмкіндігін арттыруға жол ашады.

Съезд қорытындысында қатысушылар партия қызметінің тиімділігін арттыру және ұйымдық құрылымды нығайту арқылы «Әділет» партиясының әлеуетін күшейту бағытында жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Айта кетелік «Әділет» партиясы өңірлік жұмысты күшейтпек.