Әділетті Қазақстан жолында: Президент реформалары қалай жүзеге асып жатыр

реформа
Фото: Kazinform

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы президент сайлауы қарсаңында «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын ұсынған еді. 132 пунктен тұратын жоспар саяси модернизация, тиімді мемлекеттік аппарат, тәуелсіз сот, азаматтардың құқығын қорғау, ел қауіпсіздігі, әділетті экономика, халықты әлеуметтік қорғау, жаңа буын және басқа салаларға бағытталған. Kazinform сарапшысы дедлайны биылғы қарашаға дейін деп қойылған шараларды тізіп, 54 пункт жыл ішінде орындалуы керегін анықтады. Президент бір жыл бұрын берген қандай маңызды тапсырма орындалды, олар қазақстандықтардың өміріне қалай әсер етті – бірге қарайық.

Алдыңғы президент сайлауы 2019 жылы өткен. Еліміздің Конституциясына сәйкес, келесі сайлау 2024 жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей өтуі керек еді. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында кезектен тыс сайлау өткізуді ұсынды. Ол сондай-ақ мемлекет басшылары енді екі рет емес, бір рет қана сайлана алады деген шектеу енгізіп, президент өкілеттігінің мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзарту жөнінде бастама көтерді. Осы сайлаудан кейін Мемлекет басшысы 2022-2029 жылдарға, яғни жеті жылға арнайы жоспарын бекітті.

Сайлауалды бағдарламаның іске асырылуы жеті жылдық президенттік кезеңіне жоспарланған. Дегенмен, 2023 жылы осы жоспардың бірқатар тармағы іске асырылды. Мысалы, жыл басынан бері ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін өсті. Бұл шара 1,8 млн жұмыс істейтін қазақстандықтың табысын арттыруға мүмкіндік берді. Бұл қалай жұмыс істейді? Бір жағынан, ең төменгі жалақы деңгейінде табыс тапқандар кем дегенде 10 мың теңгеге артық ақша ала бастады. Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшеріне салық салынбайды, яғни сома салық салынатын жалпы кірістерден шегеріледі, – деген пікір білдірді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров.

Отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту

Мемлекет басшысының жоспарында №25 тапсырма – «Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жауапкершілікті күшейту туралы» заң жобасын әзірлеу болып белгіленген.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 100 мыңнан астам өтініш түседі.

Қоғамға қарсы бұл проблема ел Президентінің ерекше бақылауында. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың жалпы жүйесінің құқықтық негізі құрылды, ол құқық қолдану практикасын ескере отырып, үнемі жетілдіріледі. Бүгінде заңнамада отбасылық-тұрмыстық саладағы кез келген құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылған. Жазалар әртүрлі: қорлау үшін кемінде 5 тәулік әкімшілік қамауға алудан бастап, кісі өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін барады, – деп жауап берді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.

Заң күшейіп, жаза қатаңдатылды: Денсаулыққа ауыр зиян келтіру және ауырлығы орташа дәрежедегі жалпы тұрмыстық қылмыстар бойынша «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты жасалған» деген квалификация енгізілді.

Осылайша, мұндай қылмыстар үшін жаза санкциясы күшейтілді: Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша 8 жылдан 10 жылға дейін, 107-бабы бойынша 2 жылдан 3 жылға дейін.

Бұл тергеушілерге отбасылық-тұрмыстық салада қылмыс жасаған адамдарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілді.

Енді полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау факті бойынша әкімшілік іс қозғай алады. Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен DVR жазбалары жеткілікті. Соңғы шешімді сот қабылдайды, – деп атап өтті Ақмарал Серікбаева.

отбасындағы зорлық
Инфографика: Kazinform

Алайда, заң күшейгенмен, бұл қылмыс азаймай отыр. Сондай-ақ, заң әлі де «айтарлықтай» қатаң емес. Ал 9 қарашада Астанадағы Бау мейрамханасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың өз жұбайын соққыға жығып өлтірді деген айыппен ұсталғаны бұл мәселенің қаншалық ушығып кеткеніне тағы назар аударуға «себеп болды». Әйел адам жедел жәрдем келгенше жан тапсырды. Бұл жағдайдан кейін жұртшылық әлеуметтік желіде петиция жариялап, заңды одан әрі қатаңдатуды талап етіп жатыр. Атап айтқанда, олар Қылмыстық кодекске отбасындағы зорлық-зомбылық туралы арнайы бап енгізуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел, – деді Президент.

Өткен айда депутаттар әйелдер мен балаларды қорғау туралы заң жобасына бастамашы болып, Үкіметке қорытындыға жіберді. Осы заң жобасында және басқа да заң жобаларында қосымша нормалар ұсынылып отыр. Оны Әділет министрлігінде таныстырған Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов негізгі өзгерістер жайлы айтып берді:

- отбасы жағдайында ұрып-соғу немесе басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу,

- әйелдердің денсаулығына жеңіл зиян келтірілсе де қылмыстық жауапкершілікке тарту,

- жәбірленуші мен баланы емес, агрессорды үйден шығару,

- отбасы-тұрмыстық қатынастарда ұялы байланыс, электрондық пошта және интернетті пайдалана отырып, бір тұлғаның екінші тұлғаға қысым көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу,

- харассмент үшін жауапкершілікке тарту,

- балаларды жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салу;

- көп қабатты үйлерде арнайы құлпы бар терезе орнатуды міндеттеу (Бұл балалардың терезеден құлап кетпеуі үшін қажет),

- педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру. Басқа баламалы жазаны қабылдамау,

- балаларға, ересектерге арналған барлық жабық интернаттарға күтпеген тексеру жүргізу нормасын енгізу және басқа да ұсыныстар бар.

Әуе билетін арзандату

Президент жоспарындағы №50 тапсырма Көлік министрлігіне берілген. Ведомствоға «әуе билетіне бағаны төмендету мақсатында әуетасымалдар нарығында нақты бәсекелестікті қамтамасыз ету» жүктелген. Меморган бұған қатысты бірнеше шара қабылдаған. Оның ішінде, ұшақ сатып алып, рейстер санын арттыру көзделген. Ұшақ көбейсе, билеттер арзандайды делінген.

...Қазақстандық әуекомпаниялармен бірлесіп әуе кемесінің паркін толықтыру жоспары қабылданды, бұл тасымалдау сыйымдылығын арттырады және билет бағасын төмендетуге әсер етеді. 2022 жылы 14 жаңа әуе кемесі келді, биыл 11 әуе кемесімен толықтырылады, оның 9-ы келді. 2025 жылдың соңына дейін флот тағы 24 әуе кемесімен толықтырылады және 123 ұшақты құрайды (қазіргі сыйымдылығына+31 %). Бұл бағыт бойынша жұмыс жалғасады, – делінген Көлік министрлігінің жауабында.

Бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер кезеңін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайту

Мемлекет басшысының жоспарында бір бөлім халықтың әлеуметтік қорғалуына бағытталған. Оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау жөнінде шаралар кешенін қабылдау, бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер кезеңін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайту, балаларға арналған мамандандырылған мекемелерді балаларды қолдау орталықтарына айналдыру, Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлу және басқа тапсырмалар бар. Біз бүгін солардың екеуіне тоқталуды жөн көрдік.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұған дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1 жасқа толғанға дейін төленіп келді. Енді 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылды. 2022 жылы туған бала үшін жәрдемақы автоматты түрде жарты жылға созылды. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындалады.

Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге беріледі.

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.

Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды , – делінген ведомствоның ресми сайтында.

Әлеуметтік саладағы өзгерістер тек жастар мен жұмыс істейтін қазақстандықтарға ғана емес, зейнеткерлікке шыққандарға да әсер етті.

2023 жылдың басынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5% өсті. Жалпы, зейнетақылар мен жәрдемақылардың барлық түрінің мөлшерін арттыру жөніндегі шаралар 4,4 млн азаматқа әсер етті, ол үшін республикалық бюджеттен 4,6 трлн теңге бөлінді. Мұндай өзгерістер қазіргі кезеңдегі мемлекеттік саясат әлеуметтік сипатқа ие екенін тағы бір дәлелдейді, – деді сарапшы Ермек Тоқтаров.

«Ұлттық қор – балаларға». Президент заңға қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі - Ұлттық қордан балаларға үлес беру болды. Бұл Президент жолдауында да, жоспарында да жазылған.

Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тәсілдерін әзірледі.

16 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойды.

«Мемлекет басшысы өте маңызды заңға қол қойды. Бұл – Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері туралы құжат. Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасында көрсетілген негізгі бастаманың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» атты жобаны жүзеге асырудың заңнамалық негізі қалыптасты. Енді келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жас жеткіншектердің арнаулы есеп-шотына аударылады. Балалар кәмелет жасына толған соң, бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсайды. Президент осы заңға халқымыздың саны 20 миллионға жеткен күні қол қойды. Мұның символдық мәні бар деуге болады», - деп жазды ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Ұлттық қорының жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% арнайы жинақтау шоттарына аударылады. Балалар кәмелетке толғанға дейін мерзімінен бұрын бұл қаражатты алуға болмайды.

Бала 18 жасқа толғанша жинақталатын болжамды сома шамамен 3,5 мың АҚШ долларын құрауы мүмкін. Бұл сома капитал нарығының құбылмалылығын ескере отырып, тарихи деректер негізінде есептелген және әлемдік экономиканың конъюнктурасына байланысты түзетілуі мүмкін, – деп хабарлады Қаржы министрлігі.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» жыл сайынғы грантын табыстау

Президенттің жоспарындағы №124 пункт «Тәуелсіздік ұрпақтары» жыл сайынғы грантын табыстау болатын. Биыл 23 қыркүйекте Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл грантқа конкурс басталғанын хабарлады.

2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады. Мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау. Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады, – деп жазылды ведомствоның ресми сайтында.

Тәуелсіздік ұрпақтары
Инфографика: Kazinform

Сондай-ақ, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап грантқа түскен барлық студенттің стипендиясы 20%, магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 15% өсті.

Сарапшы Ермек Тоқтаровтың айтуынша, Қазақстан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дәйекті түрде іске асырады, қоғамдағы мәселелерді ескереді және азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдайды.

Бұл қағида Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінде де бар, – дейді ол.

Иә, Мемлекет басшысының жоспарында бұдан бөлек тапсырмалар көп. Дегенмен біз негізгілерін алуға тырыстық және қалай орындалғанын жауапты мемлекеттік органдардан сұрадық. Президенттің биылдан басқа 2029 жылға дейінгі жоспарын жыл сайын бақылап отырамыз. Жоспар бар, тапсырма берілген. Бастысы – жемқорлыққа жол бермей, адал орындау. Сонда ғана Мемлекет басшысы көздеген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» принципіне қол жеткіземіз.

Соңғы жаңалықтар