Әділеттілік болмаған жерде, сенім болмайды - Елнұр Бейсенбаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайланғанына бір жыл толып отыр. Осы орайда, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев ой бөлісті.

Елнұр Бейсенбаев
Фото: Талғат Таныбаев

Әрбір адам үшін қастерлі құндылықтардың бірі – әділеттілік. Өйткені, әділеттілік болмаған жерде, сенім болмайды. Ұлт болып ұйысу да, қоғам болып бірігу де – осы сенімнің нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам өмірінің бар саласында осынау әділеттіліктің үстемдік құруын ұсынып, Президент болып сайланғанына бір жыл толып отыр.

Осынау қысқа уақыттың ішінде елімізде түбегейлі өзгерістер жасалды. Президенттің 2019 жылы басталған ауқымды реформалары жалғасын тауып, табысты іске асырыла бастады. Қазірдің өзінде олар жақсы нәтиже беріп отыр.

Сананың жаңғыруы мен әділеттің қанат жаюы үшін жүйелік өзгерістер қажеттігі айқын. Осы бағытта Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияға іргелі өзгерістер енгізілді. Енді Президенттік лауазым бір реттік, жеті жылдық мерзіммен ғана шектелді. Ауыл, аудан әкімдерін сайлау жүйесі енгізілді. Осының нәтижесінде былтыр ауыл әкімдері сайланып, толықтай жаңарды. Биыл аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Пилоттық режимде, баламалы негізде жүргізілген сайлау қорытындысы бойынша 42 ауданның, 3 маңызы бар қаланың әкімі сайланды.

Биыл Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы өткізілді. Елімізде алғаш рет Мәжіліске алты партияның өкілдері өтіп, саяси плюрализмге жол ашылды. Сондай-ақ, республикалық референдумді өткізу – маңызды саяси оқиға болды.

Аталған реформалар халықтың саяси белсенділігін арттырып, азаматтық қоғамды одан әрі нығайта түсті. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтің халық сайлаған, қоғамда орны бар, тың тұлғалармен толығуына мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, түрлі жолмен шет елдерге жылыстатылған қаражатты қайтару қолға алынды. Табанды әрекеттердің нәтижесінде 2022 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 млрд теңге сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтару қамтамасыз етілді. Оның ішінде 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдикциялардан түскен ақша қаражаты түрінде. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті. Осылайша, Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды.

Аталған шаралар халықтың мемлекетке деген сенімін арттырып, ортақ мақсатқа жұмылуын күшейтті.

Ел азаматтарының несиеге белшеден батып, қарыз бұғауынан босай алмауы өте өзекті мәселелердің біріне айналған еді. «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылданып, жағдайы жоқ жанның банкрот деп жариялануына мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам азамат соттан тыс банкроттық рәсімінпайдаланды. Бұл олардың қарыз жүктемесін және қоғамдағыәлеуметтік шиеленістіазайтуға мүмкіндік берді.

Қашанда инвестиция заң үстемдік ететін, ел ішінің тыныштығы сақталған, жеке меншікке кепілдік берілген, алдына қойған нақты мақсаты бар елдерге құйылатыны анық. Әлемдегі күрделі жағдайларға қарамастан, Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны 2023 жылдың І жартыжылдығында 13,3 млрд доллар болды. Жалпы, 2022-2023 жылдары 41,3 млрд доллар тартылды. АҚШ, Қытай, Франция, Түркия, Ресей және т.б. алпауыт елдермен жоғары деңгейде жаңа инвестициялар бойынша ондаған келіссөздер жүргізілді.

Ауыл шаруашылығы – ата кәсібіміз ғана емес, ел экономикасының өзегін құрайтын перспективті сала да саналады. Осы бағытта да ауыз толтырып айтарлық істер атқарылды.

Ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың микрокредит беру жоспарымен 100 млрд теңге бөлінді.

Жылдық 6%-бен бастапқы жарнасыз 40 млрд теңге сомасына отандық ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизинг бағдарламасы атқарылды.

2023 жылы Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы қабылданды, мемлекет меншігіне 8 млн га жер қайтарылды.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін салуға 2023 жылы 5,4 млрд теңге бөлінді.

Еліміз – әлеуметке бағдарланған мемлекет. Осыған орай, мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс арқылы балалардың 80%-ынан астамы шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларында қосымша біліммен қамтамасыз етіледі. Бұл өскелең ұрпақтың таланты мен қызығушылықтарын дамытуға ықпал тигізеді.

Осы ретте, жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге бағытталған. Ұлттық жобаға сәйкес 2023-2025 жылдары 369 мектеп салу жоспарланып отыр.

Биыл елімізде 85 мектеп салынды, 82,9 мың оқушы орны құрылды. 1,5 млн бала, яғни бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылды.

Сондай-ақ, биыл әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 97 мың баланың балабақшалардатегін тамақтану мәселесі шешілді.

2023 жылдың 10 айында жалпы сомасы 37,8 млрд теңгеге 172,3 мың адам жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды. Бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды.

Әділетті Қазақстан – мәдениетті және білімді адамдардан тұратын қоғам. Осыған орай, Президентіміз мәдениетті дамытуға ерекше мән беріп, басты басымдықтардың қатарына қосты. Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын жастар үшін «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» (30 грант) бағыттары бойынша 3 млн теңге мөлшерінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты беріледі.

Бір жыл ішінде атқарылған негізгі істерді ғана атап өттік. Осының өзі-ақ, Мемлекет басшысының әділетті Қазақстан құруға, ел азаматтарының бақуатты тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларының халықтан қолдау тауып, кең көлемді жүзеге асырылып жатқандығын көрсетеді. Әділдік жолы өрісті болып, елді өркендетуге бастайтын мұндай шаралар легі жалғасын таба беретіні анық.

Соңғы жаңалықтар