Адвокатура дамуының жаңа кезеңі басталып келеді – депутат

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында Конституциялық реформа жайындағы көзқарасын бөлісіп, адвокатураның нығаюына не әсер ететіні жөнінде айтып берді.

Марат Башимов
Видеодан алынған скрин

Спикердің сөзінше, жаңа Ата заң қабылданған соң, адвокатура институтына салмақты конституциялық құзырет беріледі.

– Отыз жыл бойы адвокатура Қазақстанда мұншалықты жоғары деңгейге ие болған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жуырда қолға алынған реформалар құқық қорғау институттарын жүйелі түрде нығайтуға серпін берді. 2022 жылы конституциялық реформа басталғанда, жұмыс тобы (ішінде өзім де бармын) құқық қорғаудың басты ерекшеліктеріне тоқталды: Конституциялық сот құрылды, сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесі бекітілді. «Конституциялық мәртебе» деген нені білдіреді? Бұл – органға немесе институтқа құқықтық жүйеде нақты әсер ете алатындай анағұрлым салмақты құзырет беру мүмкіндігі. Адвокатураға да дәл осындай логиканы қолдануға болады. Конституцияда оның мәртебесін тікелей бекітетін бап пайда болса, құқықтық нормалар иерархиясының арқасында бүкіл заңнама жүйесін автоматты түрде күшейтеді. Адвокаттар артығырақ құзыретке ие болады, олардың процессуалдық құқығы прокуратура құқығымен теңеседі, – деп атап өтті Марат Бәшімов.

Қорғаушы мәртебесінің жоғарылауымен қатар Қазақстан адвокатурасының жауапкершілігі де артады.

– Бүгінде Қазақстанда адвокат көп. Олардың әрқайсысы мамандығы қоятын биік талаптарға сай келуі керек. Бұл кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар өз қоғамдастығы алдындағы жауапкершілік. Бүкіл әлемде адвокатура десе, адалдық пен тазалық елестейді. Өйткені, оның миссиясы – адамдарға көмектесу. Бұл институтқа құқықтық қана емес, сондай-ақ моральдық та жауапкершілік жүктелген, – деді Марат Бәшімов.

Депутаттың айтуынша, бұл ретте адвокаттардың өздері де процестік кепілдіктермен қорғалуы маңызды.

– Адвокаттар жұмысын жетілдіруі керек және осы негізгі қағидаларға орала отырып, кәсіби стандарттарды нығайтуға тиіс. Бір мезетте, адвокаттардың өзін қорғау бағытындағы қызмет жүйесі де күшейтілуі қажет. Сонда олар өз миссиясын барынша жемісті атқара алады, – деп есептейді Марат Бәшімов.

Конституцияға түзетулер енгізу қазақстандықтардың жеке деректері таралып кетуіне байланысты жауапкершілікті де арттырады.

– Бүгінде бұл мәселе өте өзекті. Президент бұл тақырыпты бірнеше рет қозғады: азаматтар жөніндегі ақпаратты қорғауға қалай салғырт қарауға болады? Мен Конституцияда жеке деректерді қорғау туралы норманы бекітуді ұсындым. Оны басқа да негізгі кепілдіктермен бірге жеке құқықтар қатарына қосқан болатынмын. Бұл норма мемлекетке азаматтардың деректері желіде таралып кете беруіне қарсы жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біз ақпарат және технология ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Көптеген үдеріс цифрландырылып жатқанда, келешек буындардың жеке деректерін қорғауға міндеттіміз. Конституция осы үшін қабылданып жатыр – ол елдің бүгіні үшін ғана емес, ертеңі үшін де қызмет етуі керек, – деді спикер.

Сонымен қатар спикер болашақ Парламенттің депутаттары жұмысына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жаңа Ата заңның мәтіні әр азаматқа түсінікті болуына күш салып жатыр.

– Конституция жобасын талқылау күнделікті жалғасып жатыр және бұл заңды да. Басты ұстаным – мәтін қарапайым және халыққа ұғынықты болуы шарт. Заңгерлер мен құжатты әзірлеушілерге мәтіннің тілге жеңіл, түсінікті және көпмағыналылықтан ада болуы маңызды. Қазір жұмыс қорытындылау кезеңінде. Мәтін дайын болған соң, әр адам оқып, таныса алады. Мұншалықты ауқымды әрі қажырлы еңбек сол үшін атқарылып жатыр, – деді Марат Бәшімов.

Айта кетейік, жаңа Конституция бойынша сөз еркіндігі қандай жағдайда шектелетіні хабарланды.

Алпамыс Файзолла, стажер

Соңғы жаңалықтар