АЭФ: Қазақстан мен Литва денсаулық сақтау министрліктері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Аталған құжатта халық денсаулығын қорғау мен нығайту саласындағы ұлттық бағдарламалардың басымдықты міндеттерін шешудегі ынтымақтастықты дамыту мәселесі қарастырылған.
Екі елдің денсаулық сақтау ұйымдары тәжірибе алмасумен қатар халыққа бастапқы және мамандандырылған медициналық көмек көрсету, халықтың денсаулығын нығайту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, медицина ғылымы саласындағы жетістіктер бойынша ақпарат алмасу, төтенше жағдайларда медициналық-санитарлық салдардың алдын алу және ескерту сынды салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытатын болады.
Сондай-ақ тараптар бір-бірінде медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру мүмкіншіліктерін ұсынып, екі елдің ынтмақтастық орнатқан ұйымдары арасындағы тікелей келісім негізінде тағлымдамадан өтуге жол ашады.
Құжатқа ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мен Литва Денсаулық сақтау министрі Витенис Андриукайтис қол қойды.