АЭХА Өзбекстан билігінің АЭС салу жоспарына қолдау білдірді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – АЭХА Өзбекстан билігінің аз қуаты АЭС салу жобасын қолдайды әрі оны іске асыру үшін көмек көрсетуге дайын. Самарқанда өткен атом энергетикасының келешегі мен мүмкіндігі талқыланған халықаралық конференцияда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры Рафаэль Гросси осылай мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

АЭС
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Ауқымды іс-шараға атом энергетикасын дамытуға бет алған әлем елдерінен келген ресми өкілдер, сарапшылар мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) делегациясы қатысты.

Конференцияның ашылу салтанатында Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов президент Шавкат Мирзиёевтің құттықтау хатын оқып берді.

- Сенімді, қауіпсіз, тиімді әрі экологиялық таза энергия көздерін пайдалану - Жаңа Өзбекстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың басты бағыты саналады. Біздің еліміз әлемде алғашқылардың бірі болып халықаралық талап пен стандартқа сай келетін аз қуатты атом электр станциясын салуды бастады. Біз осы жобаны және ғылым, денсаулық сақтау саласындағы бірқатар бағдарламаны табысты іске асыру үшін АЭХА-ны маңызды серіктес санаймыз. Атом энергетикасының озық технологияларын енгізу мемлекетіміздің дамуына, инновациялық экономикаға көшуге айрықша серпін берері сөзсіз, - делінген Ш.Мирзиёевтің конференция қатысушыларына арналған хатында.

Одан кейін сөз алған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси атомды бейбіт мақсатта ұтымды пайдаланып, оны халық игілігіне тиімді жарату мәселесіне тоқталды. 

АЭС
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- Атом энергетикасын жаңартылған энергия көздерімен теңдестіре отырып дамыту қажет. Тиісінше, қазір көптеген әлем елдері осы ұстанымды басшылыққа алады. Оның ішінде Парсы шығанағы мен Орталық Азия аймағында орналасқан мемлекеттер бар. Атомды бейбіт мақсатта қолдану - басты мақсат болуы тиіс. Ол үшін агенттік атом энергетикасы бағытындағы жобаларды Орталық Азия елдерімен өзара ынтымақтастықта жүзеге асыруға ниетті. АЭХА Өзбекстан билігінің аз қуаты АЭС салу жобасын қолдайды әрі оны іске асыру үшін көмек көрсетуге дайын, - деді Рафаэль Гросси.

Өз кезегінде «Uzatom» агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастықты дамыту үшін жұмыс тобын құру жоспарланғанын атап өтті. 

АЭС
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- АЭХА Өзбекстанда атом энергетикасын дамытуға жәрдемдесуге ниетті. Атап айтқанда, агенттік халықаралық қауіпсіздік стандарттарының қатаң сақталуын қадағалап, жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі, - деп мәлім етті Азим Ахмедхаджаев.

Ол Самарқанда өткен атом энергетикасы жөніндегі халықаралық конференция тұрақты пікір алмасу алаңына айналатынына сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар