АЭС 2025 жылға дейін салынуы мүмкін - Апталық шолу
«Дағдарыстың көрінісі еліміздің экспорттық тауарларының, әсіресе соңғы жарты жылда құны барреліне 50 доллардан түсіп кеткен мұнай бағасының төмендеуінен байқалды. Ел бюджетіне қаражат түсімін қамтамасыз етіп отырған түсті және қара металлургия өнімдерінің де бағасы төмендеді. Сонымен қатар, Украинадағы ахуал және соған байланысты Ресейге қатысты санкциялар, ресейлік рубльдің қазіргі жағдайы ықпал етіп отыр. Сондықтан біз ахуалды бақылап отыруға және тиісті шаралар қабылдауға тиіспіз», - деді Қазақстан Президенті.
Елбасы өткен жыл соңында Үкіметке оқиғаның түрліше нұсқада өрбуінің сценарийлерін әзірлеуді тапсырғанын, ондағы басты міндет экономиканың өсім қарқынын төмендетпеу және негізгі әлеуметтік төлемдерді сақтау екенін еске салды.
«Бюджеттің күрт қысқаруы себепті Үкіметке оның бірқатар өлшемдерін қайта қарауға тура келеді. Біз бюджетке бір рет өзгеріс енгіздік, қажет болған жағдайда мұны тағы жасау керек. Барлық нәрседе үнемдеуге кіріскенімізді халыққа нақты түсіндіру керек. Тәуелсіздік жылдарында біз 700-ден астам мектеп және сонша аурухана салдық. Қазір жүріп жатқан құрылысты аяқтап, бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса жаңа нысандарды тоқтату керек. Бұл жұмыстар дағдарыс аяқталған соң жалғастырылатын болады», - деді Мемлекет басшысы.
Атап айтқанда Қазақстан Президенті жағдай осылай өрбитінін еліміздің болжағанын және жағымсыз құбылыстарды еңсеру үшін тиісті шаралар әзірленгенін жеткізді. «Нұрлы жол» бағдарламасы елдің инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын құруға бағытталған, оның бүкіл экономикаға мультипликативтік әсері болады.
Сонымен қатар, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 75 нысан іске қосылуы тиіс, олардың негізінде 7500 жаңа жұмыс орны құрылады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Президент Қазақстанда күрделі үрдістерді еңсеруге мүмкіндік беретін қажетті резервтің бәрі бар екенін атап өтті. «Барлық қиындықтарға қарамастан, біз 2014 жылды 4,3 пайыздық өсіммен аяқтадық. Бұл қазіргі жағдайда жаман көрсеткіш емес деп ойлаймын. Ресейдегі және Еуропадағы ахуалдың өрбуін де бақылап отыру қажет. Халық табысының төмендеуі, көрші мемлекеттердегі әлеуметтік шиеленістің күшеюі бізге де әсер етуі мүмкін. Біз бұған жол бермеуге тиіспіз. Жылдың негізгі қорытындыларын біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында шығарамыз. Ол кезге қарай Үкіметте ахуалдың өрістеуінің барлық ықтимал жағдайына арналған нақты жоспар дайын болуы тиіс», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңес барысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов биыл ҰБ айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті екенін сөз етті. Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетов өткен жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы баяндады.
«2014 жылы Қазақстан экономикасының беріктігі едәуір нығайды. Елдің алтын-валюта резерві 102 миллиард долларға жетті, соның ішінде Ұлттық қор 73 миллиард долларға дейін өсті. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырумен бірге алғанда, бұл 2015 жылға арналған экономикалық саясатты сенімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұлттық банк биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті», - деді Қ.Келімбетов.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев негізгі үш сценарийді әзірлеу барысында мұнай баррелі құнының түрліше нұсқасы қарастырылғанын айтты. «Бүгінде Мемлекет басшысының Жолдауда қойған міндеттерін жүзеге асыруға қажетті барлық құралдар бар. «Нұрлы жол» бағдарламасы биыл Үкіметтің контрциклдық экономикалық саясатын іске асырудың негізгі «өзегі» болады. Сонымен қатар, практикалық сипаттағы шаралар жиынтығы, соның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың 2015 жылға арналған жоспары, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту, жаңа және тұрақты жұмыс орындарын ашу шаралары әзірленді», - деді Е.Досаев.
2014 жылы әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 26 млрд. теңгеден асты
Аптаның басында Астанада Орталық коммуникациялар қызметіндегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясының негізгі қағидалары туралы» атты брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха барлық әкімшілік құқық бұзушылықтардың негізгі үлесін полиция қызметкерлері анықтайтындығына айта келе: «Атап айтқанда, өткен жылы біз 3 миллион 326 мың әкімшілік құқық бұзушылықты анықтадық, бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық», - деді.
Оның сөзіне қарағанда, жол қозғалысы ережесі саласында тіркелген әкімшілік құқық бұзушылық 2 млн. 321 мыңға жетті. Бұл бағытта да өсім 24 пайызды құрады. «Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 26 млрд. 42 млн. теңгені қамтыды. Оның ішінде жол ережесін бұзғаны үшін 21 млрд. 672 млн. теңгені құрады», - деді И.Лепеха.
Бұдан кейін ол соңғы кезде қоғамда көп талқыланып жүрген балалар автоорындықтары мәселесіне тоқталды. «Қазақстан БҰҰ-ның «Жол жүрісі туралы» халықаралық конвенциясын ратификациялады. Егер республика халықаралық актілерге қосылатын болса, ол нормалар басым болып табылады. Біз өзіміздің ұлттық заңнамамызды имплементациялаудан өткізуге міндеттіміз. Яғни ішкі заңдарды халықаралық нормалармен сәйкестендіруіміз шарт», - дейді ол.
Оның айтуынша, бұл норма барлық қоғам мүшелерімен жыл бойы талқылаудан өткен, ешкімнің де оған қатысты дауы болмаған, қайта апат кезінде балалардың өлімін азайтуға септігін тигізетін ереже ретінде қолдау білдірген.
«Жолда жүру» заңы бойынша «жүргізушіге балаларға арналған ұстап тұру құрылғылары немесе балаларды қауіпсіздік белбеуін тағуға мүмкіндік беретін құрылғылары болмаған жағдайда 12 жасқа дейінгі балаларды тасымалдауға рұқсат етілмейді. Неге екені белгісіз БАҚ беттерінде тек балалар орындықтары туралы ғана сөз болады. Өзге де құрылғылар туралы айтылмайды, ал олар өте көп. Мәселен, қауіпсіздік белдігіне тағылатын құрылғы белдіктің үстіңгі және астыңғы бөліктерін қосады, осылайша оның бұрышын өзгертеді. Ондай құрылғы тағылмаса, белдік баланың бұғанасын сындырып жібереді немесе мойынын қысып қалады. Ресейде қауіпсіздік белдігіне тағылатын мұндай құрылғының құны 300 рубль турады. Бізде шамамен 1 мың теңгенің айналасында болуы мүмкін. Бустерлер бар, баланың астына жастық қойылады да, ол биіктеу отырады», - деді комитет басшысы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша, мұндай құрылғылар нәрестелер арасындағы өлім-жітімді 71 пайызға төмендетеді. Ал одан жасы үлкендеу балалардың арасында 64 пайызға кемітеді екен. Сонымен қатар оның атап көрсеткеніндей, ересек адамдардың баланы алдына алып отыруы әлем бойынша қауіпті болып есептелінеді.
Әлектр стансаларына арналған инвестициялық бағдарламалар талқыланды
Өтіп бара жатқан бұл аптада Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2 және «Алматы электр стансасы» АҚ сияқты ірі электр стансаларының электр энергиясын өндіруіне шекті тарифтер қолдану аясында инвестициялық бағдарламаларды іске асыру мәселелері бойынша жиын өткізді. Мәжіліске «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және энергия өндіруші кәсіпорындар қатысты.
Электр энергиясы өндірісіне шекті тарифтерді қолданған 5 жылда электр энергиясына инвестицияның шекті көлемі 5 есеге ұлғайып, 700 млрд. теңгені құрады. Бұл қолданыстағы 5000 МВт-ны жаңғыртуға және 1700 МВт қосымша электр қуатын енгізуге мүмкіндік берді. 2015 жылдың аяғына дейін қосымша 3300 МВт қуатқа қол жеткізілмек.
Жиын аясында Бақытжан Сағынтаев ресурстарды қалпына келтіру бойынша нақты жобаларды іске асыру және инвестициялық бағдарламалар аясында жүргізілген кәсіпорындар қуатын дамыту барысы жайлы электр стансасы басшыларының есебін тыңдап, оларды уақтылы және сапалы аяқтау үшін бірқатар тапсырмалар берді.
Қазақстанда АЭС салу туралы шешім тұрғындармен толық талқыланған соң қабылданады
Атом энергетикасын қолдану туралы заңнаманы қабылдаудағы ең басты мақсат қауіпсіздік шараларын күшейту. Осы жайында бұл аптада ҚР Парламенті Мәжілісінде «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев айтты.
«Заң жобасының басты мақсаты атом энергиясын заманауи деңгейде бейбіт пайдалану кезінде ратификацияланған халықаралық құжаттардың талаптарын орындау, халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету және халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаны тиімді қорғау. Жаңа редакциядағы заң жобасы ядролық, радиациялық және электр физикалық қондырғыларлы орналастыру, салу, пайдалану және істен шығару кезінде қауіпсіздік қағидаттары мен негізгі талаптарын айқын белгілеуге бағытталған», - деп атап өтті ол.
Вице-министрдің түсіндіруінше, заң жобасы атом энергетикасы аласында қызмет ететін адамдардың денсаулығын сақтандыруға назар аударып отыр. Бұдан бөлек, заң жобасында ядролық және радиациялық апаттарға дайындық жағдайлары да қарастырылған.
Аталған заң жобасымен бірге қарастырылған "Атом энергиясын қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы" заң жобасы да қаралды. Ол бойынша Азаматтық кодекстің 839-бабына өзгерістер енгізілді.
«Бұл өз кезегінде атом энергиясын бейбітт мақсатта қолдану барысында персонал мен үшінші тараптардың денсаулығын сақтау үшін радиациялық тәуекелдерді сақтандыруға жол ашады», - деп түсіндірді вице-министр.
Заң жобасының таныстырылымы барысында Бақытжан Жақсалиев елімізде салынуы қарастырылып отырған АЭС мәселесіне тоқталды.
«Әлі шешім шығарылған жоқ. Ең алдымен бұл мәселе халықпен және биліктің барлық құрылымдарымен кең көлемде талқыланатын болады», - деді Б.Жақсалиев. Оның айтуынша, бүгінде атом электр станасын салуға болады деген екі орын белгіленіп отыр.
«Бізде екі орын жоспарланып отыр. Біріншісі Балқаш көлінің маңайында, дәлірек айтсақ, көлдік оңтүстік-шығыс бөлігінде, Шығанақ теміржол стансасы бар, Өркен ауылы орналасқан жер. Екінші орын Семейдегі сынақ полигонында. Ол жерде Курчатов қаласы орналасқан. Дегенмен Курчатов қаласы деп шартты түрде ғана айтып отырмыз. Ал негізінде Семей сынақ полигонында», - деп түсіндірді ол.
Белгілі болғандай, АЭС 2025 жылға дейін салынуы мүмкін.