АЭС: Балқаштың суы тартыла ма
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды. Мемлекет басшысы елімізде 3 атом электр станциясын салуды тапсырған еді.

Алғашқы АЭС салу процесі қай деңгейде? Ол қалай жұмыс істемек? Бізді қандай тәуекелдер күтіп тұр? АҚШ-та білім алып, ядролық реакторда тәжірибе жинаған маман, «Ядролық реактор операторы» лицензиясын алған алғашқы қазақ Jibek Joly телеарнасының «Жаһан жайы» бағдарламасында толықтай тарқатты.
– Қазақстанда бірінші атом электр станциясын (АЭС) салуға халықаралық консорциумның басшысы ретінде ресейлік «Росатом» корпорациясы тағайындалды. Екінші АЭС-ті салу бойынша негізгі үміткер – Қытай Ұлттық Ядролық Корпорациясы, қазіргі уақытта осы компаниямен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылғы тамыз айында Алматы облысының Жамбыл ауданында инженерлік-іздестіру жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр. Бұл жұмыс аясында кешенді зерттеулер жүргізілуі тиіс. Атап айтқанда: гидрологиялық, метеорологиялық және басқа да қажетті ізденістер қамтылуы қажет. Зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, болашақ АЭС-тің орналасатын орнын дұрыс бағалап, оны тиімді жобалай білуіміз керек. Жиналған деректер негізінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Бұл кезең шамамен екі жыл уақыт алады. Одан кейін, 2029 жылға қарай барлық құжаттар мен тиісті сараптамалар аяқталған соң, тікелей құрылыс жұмыстарына көшу жоспарланып отыр, – дейді Әсет Махамбетов.
Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Қазақстанның АЭС салу арқылы халықаралық ғылыми-техникалық кооперациядағы перспективаларына баға берді.
– Негізінен Қазақстанның атом саласы жақсы дамыған деп айтуға болады. Мысалы, 2021 жылдан бастап дайын отынды жылу бөлгіш құрастырмаларын шығаруды бастадық. Сондай-ақ, уран оксиді таблеткаларын өндіру бойынша да тәжірибеміз бар. Алматы қаласында орналасқан ядролық физика институтында радиофармацевтикалық препараттар шығарылады. Сонымен қатар, Курчатов қаласында екі ғылыми-зерттеу реакторы жұмыс істейді. Жалпы алғанда, атом саламыз жақсы дамығанымен, әлі күнге дейін атом электр станциясы салынған жоқ, – дейді ол.
Қазіргі таңда әлемде атом электр станцияларының үшінші буыны жұмыс істейді, оның ішінде су-сулы реакторлар ең қауіпсіз әрі тиімді саналады. Қазақстан да өз таңдауы ретінде осы су-сулы реакторды қарастырып отыр.
Атом электр станциясында уранның 235 формасындағы түйіршіктер су толтырылған цилиндрге орналастырылады. Атомға нейтрон жіберіліп, көбею реакциясы жүреді, нәтижесінде су 350°C-қа дейін қызады да, екінші цилиндрдегі судан бу бөлінеді. Бұл бу турбинаны айналдырып, электр генераторын іске қосады. Су-сулы реактордың қауіпсіздігі – қайнататын және салқындататын судың екі бөлек жүйеде жүруінде, бұл қысымның қауіпін азайтады.
Бір түйіршік уранның қуаты 400 келі көмір немесе 500 литр бензинге тең. Бір блокта осындай 250 түйіршік болады және оны 1,5 жыл сайын ауыстыру қажет. Бір АЭС 50–60 жылға дейін жұмыс істейді, яғни бұл цикл бірнеше рет қайталанады. Су-сулы реакторлар тарихында апаттар тіркелмеген.
2024 жылғы мәлімет бойынша, әлемде 415 реактор жұмыс істесе, оның 300-і су-сулы реакторлар. Мұндай реакторлар жылына кемінде 120 млн текше метр су қажет етеді, сондықтан АЭС орналасатын жерде су қоры мол болуы маңызды. Бұл жағдай алғашқы АЭС салынып жатқан Үлкен ауылының жанындағы Балқаш көліне кері әсер етуі мүмкін бе?
– Су-сулы реактордағы судың температурасын төмендету үшін сыртқы су көзі қажет болады. Қазір біз жобалап жатқан АЭС-ке градерня салуды жоспарлап отырмыз. Градерняның көмегімен Балқаштан алынатын су көлемін едәуір азайтамыз. Мысалы, градернядан шығатын будың көлемі шамамен 60 млн шаршы метр болса, Балқаш көлінің табиғи булану мөлшері 19 млрд шаршы метрге жетеді. Сол себепті Балқаштың суы тартылып кетеді деуге негіз жоқ. Өйткені жобалау сатысында біз техникалық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, Балқаш көлінің суын қолдануды азайтамыз, – дейді маман.
Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Қазақстан не себепті су-сулы реакторларын таңдағанын айтты.
– Қазіргі таңда дүние жүзінде шамамен 415 реактор жұмыс істеп тұр, олардың 70%-ында су-сулы технология қолданылады. Басқа технологияларға келер болсақ, мысалы, БЭН-350 реакторы бар, ол балқитын металды — натрийді пайдаланады. Мұнда натрий алғашқы екі контурда айналады, ал үшінші контурда су бу генераторында буға айналады. Әр технологияның өзіндік физикалық ерекшеліктері бар. Сонымен қатар, қайнайтын су реакторлары да бар. Мысалы, Фукусимадағы АЭС осы типтегі реактор болды, ол бір контурлы жүйемен жұмыс істейді: су бірінші контурда қайнап, турбогенераторға бағытталады. Бұдан басқа газбен жұмыс істейтін реакторлар да кездеседі, бірақ олар сирек қолданылады. Мысалы, Ұлыбританияда СО₂ қолданылатын реакторлар болған, алайда қазір бұл елде тек екі су-сулы реактор жұмыс істейді. Кейбір пікірлерде, мысалы, Еуропа АЭС-терден бас тартып жатыр деген сөздер айтылса да, бұл толық шындық емес. Ұлыбритания, Франция, Финляндия сияқты елдер өз аумақтарында қазіргі таңда атом электр станцияларын салып жатыр, – дейді ол.
Студия қонағы өзге баламалы энергия көздеріне қарағанда АЭС-тің тиімділігі неде екенін түсіндірді.
– Менің білуімше, жел және күн электр станцияларының жобалық жұмыстары атом электр станцияларына қарағанда әлдеқайда қысқа уақытты алады. Олардың пайдалану мерзімі әдетте 20–30 жыл шамасында, ал АЭС-тердің жұмыс істеу уақыты 60 жылдан асады. Сонымен қатар, жел және күн станциялары ауа райына тәуелді, бұл олардың тұрақтылығына әсер етеді. Энергияның тығыздығы тұрғысынан да үлкен айырмашылық бар. Мысалы, күн электр станциясын бірнеше гектар жерге орналастыруға болады, ал бір АЭС реакторы 1200 мегаватт қуат береді. Осыған ұқсас қуатты жел немесе күн электр станциясын салу үшін бірнеше шаршы километр алаң қажет, себебі жел турбиналары мен фотоэлектрлік элементтердің энергия шығару тығыздығы АЭС-ке қарағанда әлдеқайда төмен, – дейді Махамбетов.
Агенттік төрағасының орынбасары энергетика саласында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әртүрлі баламалы энергия көздерін пайдалана білу – стратегиялық басымдық екенін жеткізді.
– Әр мемлекет өзінің энергетикалық қорын әртараптандыруға тырысуы тиіс. Яғни, энергия көздеріне толықтай тәуелді болмау үшін атом электр станциялары, баламалы энергия көздері, газбен жұмыс істейтін және гидроэлектр стансалары сияқты әртүрлі тәсілдерді қамту қажет. Нарықтық экономика жағдайында көмірдің бағасы бір жылдары көтерілуі мүмкін, ал келесі жылы уранның бағасы өсуі ықтимал. Мұндай тәуекелдерді азайту үшін бір ғана энергия көзіне сүйенбеу маңызды, – дейді спикер.
Бұған дейін АЭС салынатын аумақта зерттеу-іздестіру жұмыстары шамамен 1,5 жыл жүретіні туралы жазған едік.