АЭС бойынша референдум: Қанша учаске жұмысы таңғы сағат 06:00-де басталады
АСТАНА. KAZINFORM – АЭС құрылысына қатысты республикалық референдум күнінде елімізде 84 дауыс беру учаскесі жұмысын тағы сағат 06:00-де бастайды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты.
«Еліміз бойынша мұндай 84 учаске бар. Олар: әскери бөлімдер, вахталық елді мекендер мен ауысым кестемен жұмыс істейтін адамдар тұратын бірнеше учаске. Егер ауысым таңғы сағат 07:00-де басталса, онда қазақстандықтар таңертеңгі 06:00-ден дауыс бере алады», - деді ол.
Оның дерегінше, мұндай учаскелердің көпшілігі Қарағанды мен Абай облыстарында, сонымен қатар Алматы қаласында, ал вахталық елді мекендер Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында орналасқан.
Айта кетейік, 6 қазанда өтетін референдумда дауыс беруге арналған 10 323 учаске жұмыс істейді. Оның ішінде 59 шетелдегі мекемелер жанынан ашылған 74 референдум учаскесі бар.
Бұған дейін Израиль, Иран және Ливандағы референдум учаскелері жұмысын тоқтатқанын, бұл елдегі 238 отандасымыз дауыс бермейтіндігін жазған едік.