АЭС елдегі ғылым мен өнеркәсіпке серпін береді - Алмасадам Сәтқалиев

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанда атом энергетикасын дамыту электр энергиясынан бөлек отандық өнеркәсіп, ғылым және адам капиталына жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

Как развитие атомной энергетики изменит Казахстан
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Оның айтуынша, атом электр стансаларын салу - Қазақстанның жаңа технологиялық бағытқа бет бұруының, ғылыми құзыреттерді дамытудың және отандық өндірістің технологиялық деңгейін арттырудың алғышартына айналады.

— Әрине, атом энергетикасын дамытудың өзі ғылыми құзыреттерді дамытуды, өндірістің жаңа даму деңгейін болжайды. Бұл атом стансаларын салудың бірегей тәжірибесін алуға, отандық өнеркәсіп пен индустрияны дамытуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев Антальяда өткен «Әлемдік атом күндері – 2026» форумында.

Оның сөзінше, саланың дамуы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) стандарттарына сәйкес Қазақстанда ғана емес, шетелде де қызмет көрсету мүмкіндіктерін ашады.

Отандық ғылыми-зерттеу реакторларының базасында ғылыми кластерлерді құру - әлеуеті жоғары бағыттардың бірі болмақ. Радиациялық технологияларды медицинада, ауыл шаруашылығында және өнеркәсіптік диагностикада қолдану аясын кеңейтуге ерекше назар аударылады.

Агенттік басшысы бұл бағыттарды дамыту жаңа кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік беретінін және адам капиталының дамуына ықпал ететінін атап өтті.

МАГАТЭ-мен ынтымақтастық

Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом энергетикасын дамыту аясында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен бірге жүргізілетін жұмыс туралы айтып берді.

— Біз МАГАТЭ-мен тығыз байланыстамыз, жыл сайын тиісті сараптамалық және бақылау жұмыстары өткізіледі. Біз МАГАТЭ-нің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты бағдарламаларына қосылдық, - деді агенттік төрағасы.

Ол Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың елеулі тәжірибесіне ие екенін атап өтті. Бұл ретте елдің тарихи шешімдері, атап айтқанда әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартуы, сондай-ақ бейбіт атомды дамыту жөніндегі халықаралық жобаларға қатысуы маңызды рөл атқарды.

Еске салайық, бұған дейін Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда үшінші АЭС салынуы мүмкін алаңдарды атады. Елдің шығыс және батыс өңірлерімен қатар, солтүстік бөлігі де қарастырылып жатыр.