Қазақстанның солтүстігінде үшінші АЭС салынуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда үшінші АЭС салынуы мүмкін алаңдарды атады. Елдің шығыс және батыс өңірлерімен қатар, солтүстік бөлігі де қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Агенттік басшысы атап өткендей, атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясына сәйкес, Қазақстанда кемінде үш атом электр станциясын салу жоспарланған. Оның сөзінше, Алматы облысының Жамбыл ауданы атом электр станцияларын орналастыруға қолайлы аумақтардың бірі саналады. Мұны геологиялық, гидрологиялық және басқа да зерттеулердің нәтижесі растап отыр.
Ал үшінші атом электр станциясының нақты қай жерде салынатыны әзірге белгісіз.
– Қазақстанда үшінші атом электр станциясын салуға болатын бірнеше аумақ қарастырылып жатыр. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Дегенмен елімізде орташа қуатты реакторларды орналастыру әлеуеті бар. Олар тұтынушыларды электр энергиясымен қатар, жылумен де қамтамасыз ете алады. Кейбір жағдайда суды тұщытуға да мүмкіндік береді, – деді Алмасадам Сәтқалиев Антальяда өткен «Әлемдік атом күндері – 2026» форумында журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, станция салынатын орынды таңдағанда электр энергиясын тұтыну көлемінің болашақтағы өсімі мен атом технологияларын кешенді қолдану мүмкіндігі ескерілмек.
– Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласының аумағын зерттеп жатырмыз. Каспий теңізінің жағалауындағы Батыс Қазақстан аумағы да бірқатар факторды ескергенде, станция салуға қолайлы. Бұдан бөлек, KEGOC жүйелік операторының ұсынысымен Солтүстік Қазақстандағы Тобыл өзені маңындағы аумақ та назарға алынды. Бұл ретте станцияны салқындатуға қажетті су қорының жеткілікті болуы ескеріліп отыр. Жалпы, аталған аумақтардың барлығының атом энергетикасын дамытуға әлеуеті зор. Олардың әрқайсысы Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңдерінде жан-жақты зерттеледі, – деді агенттік басшысы.
Бұған дейін Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда үшінші атом электр станциясын салуға қолайлы аумақтарды атаған болатын. Сол кезде станция құрылысы үшін елдің шығыс және батыс өңірлері қарастырылып жатқаны айтылған еді. Енді бұл тізімге Қазақстанның солтүстік өңірі де қосылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда салынатын алғашқы екі атом электр станциясының құрылысына Ресей мен Қытай компаниялары қатысатынын жазған едік.