АЭС-ке қатысты жалпыұлттық референдум өткізуге қажетті барлық сараптама бар - Сәтқалиев
АЭС құрылысына қатысты жалпыұлттық референдум өткізуге қажетті барлық сараптама бар. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жұмыс ұлттық референдум туралы Конституциялық заңға сәйкес жүргізіліп жатыр. Аталған референдумды өткізуге жауапты өкілетті орган бар. Біз Энергетика министрлігі ретінде бұл жұмысты сарапшылық қолдаумен қамтамасыз ететін боламыз. Жалпы, қажетті барлық сараптама бар. Біз оны құзіретті органға ұсынуға дайынбыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев XV KazEnergy Еуразиялық форумында агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, таяуда Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов АЭС салу мәселесі жөніндегі референдум тағайындау құқығы Президентке тиесілі екендігін айтқан болатын.