Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы аясында өндірісті оқшаулау жоспары талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бірінші атом электр стансасының құрылысы аясында өндірісті оқшаулау мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен кезекті кеңес өткізді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Агенттік АЭС салу жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыруға жүйелі дайындық жүргізіп жатыр.
— Отандық кәсіпорындарды барынша тартуды қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Агенттік атом саласы үшін өндірісті оқшаулауды дамыту жөніндегі Кешенді жоспардың жобасын әзірледі. Құжатта нормативтік базаны кезең-кезеңімен қалыптастыру, қазақстандық нарықтың мүмкіндіктерін талдау, өндірістерді жаңғырту және цифрлық шешімдерді енгізу көзделген, — делінген хабарламада.
Кеңес барысында Кешенді жоспардың жобасы талқыланып, сондай-ақ құжатты ведомствоаралық жұмыс шеңберінде әзірлеу барысында мемлекеттік органдар қалыптастырған тәсілдер мен ұсыныстар қаралды.
Бұған дейін Қазақстан мен Сербия бейбіт атом энергетикасы бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастыратынын жазғанбыз.