АЭС құрылысы сапасын кім бақылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергетикасы жөніндегі агенттік АЭС құрылысы сапасын кім бақылайтынын атады. 

АЭС құрылысы сапасын кім бақылайды
Фото: storage.googleapis.com

— Атом электр стансасы құрылысының сапасын бақылау бірнеше деңгейде жүзеге асырылады. Жобалық ұйым тарапынан авторлық қадағалауға консорциум көшбасшысы ретінде «Росатом» компаниясы жауап береді. Бұл ретте консорциумның әрбір қатысушысы өздеріне жүктелген жұмыстың орындалуына жауапты болады. Техникалық қадағалауды жобаның тапсырыс берушісі ретінде «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС — өзінің күшімен, сонымен қатар тәуелсіз техникалық кеңесші ретінде тартылған француздық Assystem компаниясы арқылы жүзеге асырады. Мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасы Атом энергетикасы жөніндегі агенттігі Атомды қадағалау және бақылау комитеті қамтамасыз етеді, — деді агенттіктен БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, аталған комитет бұған дейін Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтының зерттеуге арналған реакторларына қадағалаушы қызметін жүзеге асырған.

— Бұған қосымша халықаралық іс-қимыл аясында пайдалануға беруге дайындық кезеңінде Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің, оның ішінде OSART (Operational Safety Review Team) миссияларын өткізу жоспарланған. Мұндай көп деңгейлі әдіс жобаның қауіпсіздігі мен сапалы жүзеге асырылуына жан-жақты бақылауды қамтамасыз етеді, — деді агенттіктен.

Бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік

Сонымен қатар Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы тағы бір АЭС-ті қытайлық вендер салатынын мәлім етті.

АЭС-тен өндірілетін электр энергиясының құны ЖЭО мен ЖЭС-тен алынатын электр энергиясына қарағанда жоғары болады.

Соңғы жаңалықтар