АЭС құрылысы толық ядролық отын циклін қалыптастыруға мүмкіндік береді — Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — АЭС құрылысы толық ядролық отын циклін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жайында «Российская газета» басылымында жарық көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық» деген тақырыппен берілген авторлық мақаласында айтылған.
— Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперациясының іргетасын жалпы инвестиция көлемі 50 млрд АҚШ долларынан асатын 170-тен астам бірлескен жоба құрайды. «Сибур», «Газпром», «Лукойл», «ЕвроХим» сияқты бірқатар ірі ресейлік компаниялардың қатысуымен елімізде полиэтилен, бутадиен, минералды тыңайтқыштар және өзге де сұранысқа ие жоғары технологиялық өнімдер өндіретін заманауи зауыттар салынуда. «Татнефтьпен» автокөлік шиналарын, ал «КАМАЗ-бен» жүк көліктеріне арналған құрамдас бөлшектер өндірісі жолға қойылған, — деп атап өтеді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының мәліметінше, Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істейді. Ал бұл жай ғана цифр емес, өзара тиімді серіктестіктің нақты нәтижесі саналады. Соның арқасында жаңа өндіріс орындары ашылып, ондаған мың жұмыс орны құрылуда. Озық технологиялар трансфері жүзеге асырылып, өңірлер мен халықтар арасындағы байланыстар нығайып келеді.
— Энергетика саласы ынтымақтастығымызда айрықша орын алады. Ортақ күш-жігерімізбен Ресейдің энергетикалық ресурстарының Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз транзитін қамтамасыз етіп отырмыз. Ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте «Росатом» басқаратын халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр стансасын салу зәкірлік жоба болатыны сөзсіз. АЭС құрылысы елімізге уран өндіруден бастап электр энергиясын шығаруға дейінгі толық ядролық отын циклін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек, жоба жаңа технологияларды трансферлеу, мамандарды оқыту, жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ машина мен аспаптар жасау сияқты аралас салаларды дамыту үшін жаңа мүмкіндік ашады, — деді Мемлекет басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барады.