АЭС құрылысы және Үлкен ауылы: бүгіні мен болашағы қандай
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан Үлкен ауылында жақында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы жобасы басталды. Мамандардың айтуынша, АЭС іске қосылғаннан кейін елді мекенді ауқымды өзгерістер күтіп тұр.

Бұрын елге танымал болмаған ауылдың аты АЭС құрылысы талқыланған кезде кеңінен танылды. 2024 жылдың қазан айында өткен референдумда Үлкен ауылының басым бөлігі бұл бастаманы қолдап, дауыс берді.
Ал биыл 8 тамыз күні Үлкен маңында оңтайлы алаң таңдау және жобалық құжаттаманы дайындау үшін инженерлік іздестіру жұмыстары басталды. Салтанатты шараға Атом энергия жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты.

Іс-шара барысында Алмасадам Сәтқалиев жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 14–15 млрд доллар болатынын және шамамен 1 млрд доллар әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталатынын айтты. Бұл аймақты жаңа деңгейге шығарып, мыңдаған жұмыс орнын ашуға және ядролық ғылымды халықаралық стандарттарға сай дамытуға мүмкіндік бермек.
Өз кезегінде Алексей Лихачев Үлкен АЭС-пен ғана танылмай, бұл мекеннің заманауи, жайлы қалаға айналатынына сенім білдірді. Одан бөлек АЭС құрылысы кезінде жергілікті компаниялармен жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.
Зерттеу-іздестіру кезеңі
«Росатом» мамандары алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылап, топырақ сынамасын алуға кірісті. Бұл зерттеулер болашақ станцияның сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін міндетті. Зерттеу-іздестіру жұмысы сейсмикалық тұрақтылықты, гидрогеологиялық ерекшеліктерді және аумақтың басқа да параметрлерін бағалауға мүмкіндік береді. Жұмыс аясында тереңдігі 30-дан 120 метрге дейін кемінде 50 ұңғыма бұрғыланады. Зерттеу шамамен 18 айға созылып, табиғи және климаттық жағдайларды толық қамтиды.

Болашақ АЭС заманауи ВВЭР-1200 реакторларымен — III+ буынмен жабдықталады. Бұл технология қазірдің өзінде Ресей, Беларусь, Түркия, Бангладеш, Мысыр және Қытайда жұмыс істеп тұр. Реактордың қызмет ету мерзімі — 60 жыл, оны тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
Үлкеннің бүгінгі жай-күйі
Балқаш көлінің оңтүстігінде орналасқан шағын Үлкен ауылы 1984 жылы қуаты 4000 МВт болатын ауқымды электр станцияны салу қарсаңында құрылған. Алайда өндірістің қысқаруы мен электр энергиясына сұраныстың төмендеуіне байланысты жоба жүзеге аспай қалды. 1986 жылы елді мекен Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан Алматы облысының Күрті ауданына беріліп, жұмысшы кенті санатына жатқызылған.

Бүгінгі күні Үлкен — Жамбыл ауданы Үлкен ауылдық округінің әкімшілік орталығы. Ол Алматы облысының әкімшілік орталығы — Қонаев қаласынан 330 км қашықтықта орналасқан, ал Алматыға жол 4 сағаттан асады. Ауыл кіреберісінде жолаушыларды қарсы алатын арка бар. Жағалау маңында — Қазақстан энергетикалық жүйесінің маңызды торабы болып саналатын ірі энергия тарату орталығы орналасқан. Ауылға баратын асфальт жолдың жағдайы жақсы, оның бойында кафе, дүкендер және жанармай құю бекеттері де баршылық.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, ауылда шамамен 1600 адам тіркеуде тұр, бірақ іс жүзінде — 3 мыңға жуық азамат өмір сүреді. Ондағы халықтың негізгі кәсібі — балық өнімдерін өңдеу мен экспорттау. Балқаш көлінде ауланған балық ауылдағы екі кәсіпорында өңделеді.

Елді мекеннің өзінде «KEGOC» АҚ филиалы, орта мектеп, учаскелік полиция, дәрігерлік амбулатория, дәріхана, ауыл кітапханасы, пошта бөлімшесі, дүкендер, кафе, асханалар, демалыс орындары және қонақ үйлер бар. Бір қызығы, Үлкенде жеке үйлер жоқ — тек 1984–1990 жылдары салынған 31 көпқабатты үй бар. Оның 22-сінде адамдар тұрады, қалғандары бос тұр. Көпшілігіне күрделі жөндеу қажет. Пәтерлер электр тоғымен жылытылады, табиғи газ жоқ, тұрғындар газ баллондарын пайдаланады.

Соңғы жылдары басты көшеге жаттығу алаңы, аллея және шағын футбол алаңы салынған. Елді мекен ішіндегі жолдардың ұзындығы шамамен 6 км. Ауыл тұрғыны Рахима Қайырбекқызы халықтың АЭС құрылысын күтіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл ауылдың дамуына серпін беріп, жұмыс орындарын ашып, жастарды тартуға септігін тигізеді.

АЭС-тің әсері
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, АЭС құрылысы энергетикалық жүйеге түсетін жүктемені төмендетуге көмектеседі. 2024 жылы Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 2023 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға өсіп, 120 млрд кВт/сағ болды. Желілерге ең жоғары жүктеме кезінде тоқ тапшылығы электр энергиясын импорттау есебінен өтеледі.

Бұдан бөлек, жоба Алматы және Жамбыл облыстарының дамуына қуатты серпін береді. Атап айтқанда, жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер — жұмыспен қамту, оқыту, техникалық мамандықтар бойынша біліктілік алу ашылады. Сондай-ақ бұл жергілікті инфрақұрылымның (жолдар, электр және сумен жабдықтау), әлеуметтік саланың (мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер және т. б.) дамуына, инвестициялық тартымдылық пен іскерлік белсенділіктің артуына, жастардың мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етеді.

2030 жылға қарай шамамен 5 мың адам жұмыс орындарымен қамтылады, ал 2032 жылы шамамен 10 мыңға жетеді. 2035 жылы атом электр станциясы пайдалануға берілген соң, 2000 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылады, олардың ішінде 600 — жоғары білімді, 550 — орта-арнаулы, 850 — кәсіби-техникалық білімі бар мамандар болады.


Еске салайық, бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік.